Құдіреті мол қылқалам

1636

0

С.Айтбаев атындағы көркемсурет галереясында Наурыз мерекесіне орай «Кенеп бетіндегі ұлт дәстүрі» атты көрменің ашылу салтанаты өтті.

Шараға өнер иелері мен студенттер және қала тұрғындары қатысты. Салтанатты шараны облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Сапар Көзейбаев ашты.

– Қылқалам өнері өзінің тарихымен, мәңгілік идеясымен, жанрлық әр алуандығымен ерекшеленеді. Бүгінгі өнер иелерінің қайталанбас жұмыстары қала жұртшылығы мен қонақтарына эстетикалық тұрғыда рухани әсер қалдырады деген үміттемін, – деді Сапар Әлиасқарұлы.

Көрмеге жергілікті суретшілер А.Дүзелханов, Я.Ағытаев, жас суретші Д.Тойшыбаев және республикалық қылқалам шеберлерінің 30-ға жуық картинасы қойылды. Бірінші залда төл мерекенің мән-мағынасын сипаттайтын туындылар орналастырылса, екінші залда табиғаттың мың құлпырған бояуын бейнелейтін және тұрмыстық жанрдағы тамаша туындылар ұсынылды. Мереке қарсаңында картиналар арқылы Наурыз мейрамының шығу төркіні, мазмұны мен мәні, халықтың мәдени-рухани өміріндегі орны ерекше сипатта баяндалды.

Бабалар мұрасын жалғастырушы, шығармалары шексіз қиял мен сүйіспеншілікке толы өнер иелерінің қайталанбас жұмыстары қала жұртшылығы мен қонақтардың рухын көтерді.

Көрмені наурыз айының 30-на дейін тамашалауға болады.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<