Құдіретті өнерге құрмет

3541

0

М.Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрының ұжымы Сыр еліне гастрольдік сапармен келді. Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театр ұжымы артистерді қарсы алып, құрмет білдірді.

Сондай-ақ, театр фойесінде КСРО және Қазақстанның халық артисі Асанәлі Әшімов, театр директоры Еркін Жуасбек, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Шынар Жанысбекова, Асылбек Боранбай және облыстық театр басшысы Мұхтар Ниязовтың қатысуымен пресс конференция өтті.

– Қасиетті өнерді тарының қауызына сыйдырғысы келетіндер көбейіп барады. Ол мүмкін емес қой. Өнер – құдірет, өнер – шексіздік. Театрдың өрісі кеңіген сайын оның тынысы да ашылады. Бұл өмірдің заңы ғой. Қара түс болмаса, ақтың қасиетін біле ме адам? Өлім болмаса, өмірдің қадірін кім түсінеді? Бекежан болмаса, Төлеген Төлеген болар ма еді? Қыз Жібек – Төлеген – Бекежан арасындағы драма болмаса, кино кино емес, тек тәтті кәмпит болып шығар еді. Сол секілді біз әкелген қойылымдарда да тосын шешімдер жетерлік, – деді Асанәлі Әшімов.

Гастрольдің алғашқы қойылымы М.Әуезовтің «Қарагөз» трагедиясы болды. Тетарда облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов сөз сөйлеп, облыс әкімінің алғыс хатын және ықылас гүлін ұсынды.

Қарагөздің қайғысы

Қазіргі театрдың классикаға неге құмар болатыны Әуезов театры сахналаған «Қарагөзден» анық көрінді. «Сахнада мың сан рет ойналып, сірнесі ағып, сілесі қатқан «Қарагөздің» елге белгілі ескі оқиғасын жамап-жасқап қай жерін жаңалық етіп, жаңа тұрпатты қойылым жасамақ?» деген сауалдың сананы бір түртіп өтуі заңды. Бәсе, неге? Сөйткенде сұңғыла Әуезов өткен ғасырдың оқиғасын құрып жазып кеткен «Қарагөздің» түбіне нақ мына біз өмір сүріп отырған бүгінгі күннің сорғалаған шындығын жасырып кеткенін білдік пе?

Қырағы көрермен көптен бері жоғалтып алған шиеленісті сахнадан қайта көрді. Мұнда уақыттың мағынасы жоқ. Қарагөз бен Сырымның арасындағы махаббат драмасының Нарша мен Қарагөз арасында қасіретке ұласуы шытырманға толы. Бұл пьесаны бұрын феодалдық заманның әділетсіздігі, жаңа мен ескінің тартысы, екі жастың арасындағы махаббат, қос ғашықтың қосыла алмауы, ескі салт-сананың үстемдігі туралы деп қабылдап келгеніміз үшін алғаш рет өзімізді айыптап, ренжігендей күй кештік.

Иә, Әуезов жүз жыл бұрын бүгінгі күн туралы толғапты. Театр сапарының шымылдығы «Қарагөзбен» ашылып, бір жарым сағат бойы көңілдің неше алуан құбылысына салғанда, біз осыны ұғындық.

Шымылдық ашылғанда сахна ортасында Қарагөз бен Нарша тұр. Қызға ынтық жас жігіт сезімін білдіргісі келгенімен, қыз оны бетімен жасқап, көңілінің өзгеде екенін білдіргісі келгендей. Қарагөздің ғашығы – Сырым. Бірақ махаббат жолында тас бөгеттей үлкен кедергі бар. Екеуі де – Қарауылдың ұлы мен қызы. Екеуінің туыстық түбірі жеті атаға жетпеген, сондықтан алты атадан аспаған ағайындық ру дәстүрі бойынша бір-бірімен қосылуға қайшы болып тұр. Оның үстіне Қарагөз бесікте жатқанында-ақ «малмен байланып, батамен маталған», басқа рудың әлді бір байының баласы Наршаға айттырылған. Қарагөздің ауылына құдалар келіп, келіндерін алып кетпекші. Бірақ қыздың бар аңсары – Сырым. Бақытты махаббат жолында ашық айқасқа шығып, ата салтынан аттап өтуге бар аруды ешнәрсе тоқтатпақ емес. Сахнада жігіт алған бетінен қайтпайтын қайсар, батыл, қолынан сусып ұшып бара жатқан Қарагөзге деген сезімін, қасіретін толғайды, бұл психологиялық толғанысы кейіпкерді жүрген жерін қызық-думанға батырған салтанатты серінің өзі етіп көрсетеді.

– Ұлы Мұхтар Әуезов қазақ пен орыс араласып жатқан кездегі үлкен өзгерісті сезді. Көркем туындысының атын да жайдан-жай «Қарагөз» деп атамаса керек. Қазақты қарагөз дейміз. Халық қандай күйге ұшырады? Сол күн, сол үн, міне, бүгінге әкеліп отыр. Біз осы Қарагөз сияқты әлі есімізді жиғанымыз жоқ. Наршаша әлі төзіп келе жатырмыз, бірақ біз әлі Мөржан салған «мөрге» жете алмай отырмыз. Салт-дәстүрімізді әлі түгелдей алмай отырмыз. Жоғалттық, – дейді театр директоры Еркін Жуасбек.

Бұл – режиссердің шығармашылық ізденісіне берілген дәл баға. Режиссурадағы нақтылық пен айқындық актерлердің өз рөлін дұрыс ұғынып, жан-жақты меңгеруіне мүмкіндік берген. Кең тыныспен ашылған көркем бейненің бірі – Мөржан образы. Ең әуелде жасы келген кексе Мөржанды жас актрисаның ойнауы таңырқатты. Сахнадан қабағынан қар жауған қатал Мөржан көрінсе де, бес биенің сабасындай жайқалған, көрерменге үйреншікті семіз, қимыл-қозғалысы ауыр бәйбіше мұнда атымен жоқ. Қып-қызыл камзол киген талдырмаш денелі әже көрінгенде, режиссердің қалыптасқан қасаң түсінікті осыншама терістеуі алда әлі тың сахналық бейнелер мен ұтымды тәсілдер қарастыруының басы секілді қабылданды.

Басынан бостандық ауып, бодандықтың қамытын киіп, қолынан билігі мен теңдігі сусып бара жатқан қазақтың басындағы халді Қарагөз бейнесіне жинақтаған Әуезов тұңғыш рет тап бір әулиедей танылғаны-ай. Кер заманда басында бостандығы, өзінде ерік жоқ Қарагөздің асыл арманы ғұмыр бойы бостандық аңсаған қазақтың ең қастерлі тілегімен үндес. Сүймеген адамға көңіл бермей, өз жүрек қалауыма қолым жетсе деген арманынан еркіндікке сусаған қазақтың сұлбасы көрінгенде, санада жарылыс, жүректе жанартау атқылағандай көзді айқындық, кеудені бір тұнықтық жайлайды.

Махаббаттағы теңсіздік – кер заманның теңсіздігі. Соқырға таяқ ұстатқандай, сахнадан алғаш рет осы шындықты көргенде, режиссердің сұңғылалығына риза болмасқа амалымыз қалмады. Мына немересі Қарагөз бен жеңгесі Ақбаланы қыспаққа алған қытымыр әрі адуынды Мөржанның тегеурініне кім төтеп бере алады? Айдаһардай ысқырығы жер жарған Мөржан қарсыласқан немересі Қарагөздің сыры мен құпиясын жеңгесінен білмек. Ақбаланың басына салған қарқарадай кіршіксіз ақ орамалды Мөржан қос қолымен шап беріп ұстап, тарқатып шешіп жатыр. Шылбырдай шұбатылған орамал қызыл камзол киген жендеттің екі білегіне мықтап орап алып, босатпайтын «ұзын арқау, кең тұсауы». Аты айтып тұрғандай, Ақбала – періштедей пәк қазақтың өзі, қанша бұлқынып қарсыласса да, тегеурінді уыстан, қуатты қармақтан құтыла алмай, Мөржанның арбасы болып жегіліп кетіп барды…

Нарша Қарагөздің жүрегін жаулай алмаған күйі жер болады. Екеуі отау тіксе де, сүйгеніне қосыла алмаған сұлудың арманы Сырым болып қала берді. Соған қарамастан, Нарша образы кішіпейіл кеңдікке, сабыр мен ұстамдылыққа құрылған, бірақ күні-түні Сырымды ғана ойлап, есі ауысқан Қарагөзді бәрібір еркіне жібермеді. Қарагөз жынданып, Сырым сергелдеңнің күйін кешіп қала берді…

Әуезов шығармаларына ғана тән тіл өрнегін бұзбастан, таптаурын болған сахна схемасына өзгеріс енгізіп, танымал туындыны жаңа заманға лайықтап өзгеше мағына үстей алғаны үшін, өткен ғасырдың оқиғасынан жаңа мазмұн тауып, сахнада батылдық таныта алғаны үшін ұлттық театрға алғысымыз шексіз.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<