Бейсенбі күні облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Тұранның алтын жауһарлары» атты брифинг өтті. Брифинг аясында келушілер назарына музейдің 85 жылдығына орай «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» реконструкциялары ұсынылды.
Музей директоры Сапар Көзейбаев Сыр еліндегі тарихи-мәдени эволюцияның дефинациясын музейлік реконструкциялар арқылы көрсету тәжірибесін бөлісті. Одан кейін жоғарыда аталған қос жәдігерді қайта жаңғыртқан археологтар Ринат Кутдусов пен Әзілхан Тәжекеев жұмыс барысында қолданылған ғылыми деректер мен әдіс-тәсілдер туралы айтты.
– «Түгіскен көсемі» реконструкциясы – Сырдың төменгі ағысында орналасқан тарихи маңызы бар археологиялық кешендердің бірі. Ол ХХ ғасырдың 60-жылдары Хорезм археологиялық-этнографиялық экспедициясы кезінде табылған алтын қылышты сақ көсемінің мүрдесі негізінде орындалған, – деді «Қазақ материалдық мәдениет ғылыми зерттеу және жобалау институты» ЖШС-ның даму жөніндегі директоры Ринат Кутдусов.
Тарих ғылымдарының кандидаты Әзілхан Тәжекеевтің айтуынша, Жетіасар мәдениеті – Сырдың төменгі ағысындағы ерекше археологиялық кешен. Хорезм экспедициясының өкілдері оны Орта Азия ғана емес, тіпті Еуразия археологиясындағы ерекше құбылыс деп есептейді.
– 50-ге жуық қала бір жерге шоғырланған және әрқайсысының сыртында 600-700-дей, кейде тіпті 1000-ға жуық үлкен қорымы бар. Қазір қорда 650-ге жуық адам сүйегінің антропологиялық дерегі жиналған. Ол Ресейдің ғылыми ұйымдарында сақтаулы. Зерттеу барысында Жетіасар мәдениеті тұсында тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы 37-40 шамасында болғанын анықтадық. Ал орта жас – 25-30 аралығында. Сол кез үшін бұл табиғи жас болып есептелуі мүмкін, – деді ол.
Археологтар реконструкцияны этнограф, қару-жарақтанушы Қалиолла Ахметжанмен бірге жасаған. Қос жәдігердің түпнұсқалары Ресейдің мемлекеттік тарих музейі қорында және Мәскеудегі Миклухо-Маклай атындағы Антропология және этнология институтында сақтаулы.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<