Тәуелсіз қазақ елінің тұңғыш Премьер-министрі, мемлекет және қоғам қайраткері, Сыр елінің тумасы Ұзақбай Қарамановтың 85 жылдығына арналған «Тәуелсіздік түлеткен тұлға» тақырыбында республикалық конференция өтті.
Конференцияны облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ашып, келелі жиынға елорда төрінен арнайы келіп қатысып отырған меймандарды таныстырып, сонымен қатар, конференцияға мемлекет және қоғам қайраткерлері Б.Сапарбаев, Қ.Көшербаев, М.Құл-Мұхаммед құттықтау хат жолданғанын атап өтті.
Іс-шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, мемлекет және қоғам қайраткері Бақытжан Жұмағұлов, саяси ғылымдар докторы Мұрат Бақтиярұлы, техника ғылымдарының докторы Әкімжан Сейтжанұлы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ғалым Әміреев, Бақытбек Смағұлов қатысты.
Күн тәртібіне сәйкес алғашқы сөз кезегін алған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Тәуелсіз еліміздің іргетасын қалаған мемлекет қайраткерлері қатарында жерлесіміз, қазақтың қабырғалы перзенті Ұзақбай Қарамановтың есімі ерекше құрметтелетінін атап өтті.
– Төбесі көмбеге толы Сыр жері ұлттың бағына туған талай тұлғаларды дүниеге әкелді. Ұлт болмысының темірқазығындай қаншама қабырғалы қайраткерлерді түлетіп ұшырды. Біз – өткенін бағалай білетін, қазіргісін саралай білетін халықтың ұрпағымыз. Кешегі өткен ұлыларымыз бен даналарымыз, билеріміз бен батырларымыз бүгінгі жастарға дәріптеліп, ұрпақтар сабақтастығына ұласып келеді. Осы игі бастаманың жалғасы ретінде бүгін Сыр елінің тумасы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның тұңғыш Премьер-министрі Ұзақбай Қарамановтың 85 жылдығына арналған «Тәуелсіздік түлеткен тұлға» атты республикалық конференцияда бас қосудамыз. Кеше ғана арамызда жүрген асыл аға туралы бүгін өткен шақта айту ауыр. Халқының даңқты ұлы арамызда болғанда биыл ғұмырының сексен бесінші белесіне көтерілер еді.
Ұзақбай Қараманұлы – еліміздегі құрылыс индустриясының негізін қалаушылардың бірі. Ағамыз қандай қызметте жүрсе де, туып-өскен жері Арал халқының мүддесінен өзін жырақ ұстаған емес. 1960 жылдары айдынды Арал тартыла бастағанда «Арал-Аманөткел» су құбырын тарту жұмысына басшылық жасап, жүз шақырымға жуық арна құрылысын салды. «Бір кісі қазған құдықтан мың кісі су ішеді» дегендей, Ұзақбай Қараманұлының ел-жұртқа еткен еңбегі ерекше атап айтуға тұрарлық. Кейінгі жылдары да «Көкарал» бөгетін тұрғызу, Сырдария арнасын реттеу жұмыстарының басы-қасында болып, күш-жігерін аянбай жұмсады, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы өз баяндамасында Ұзақбай Қараманұлының саяси қызмет жолындағы саналы ғұмырын, салиқалы болмысын жан-жақты қамтыды. Айта кетейік, биыл Арал қаласындағы Ұ.Қараманов атындағы №262 мектеп-гимназия облыстың «Үздік білім беру ұйымы» грантын жеңіп алып, 34 млн теңгенің сертификатын иеленді. Ал бүгінгі іс-шара аясында облыс орталығында Ұ.Қарамановтың есімі берілген көше салтанатты түрде ашылды.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты, техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Бақытжан Жұмағұлов сөзінің басында Сенат төрағасы М.Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берді.
«Құрметті конференцияға қатысушылар, баршаңызды көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым, қазақтың біртуар азаматы Ұзақбай Қарамановтың 85 жылдығына арналған республикалық конференцияның ашылуымен құттықтаймын.
Ұзақбай Қараманұлы – саналы ғұмырын туған елінің игілігіне арнап, халыққа адал қызмет еткен ерен тұлға. Ол Қазақ КСР-нан кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш Премьер-министрі ретінде Отанымыздың өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосты. Ел дамуының ең қиын кезеңінде Үкімет басқарып, барлық келелі мәселелерді өмірлік мол тәжірибесімен, кәсіби біліктілігімен еңсере білді. Мәжіліс депутаты ретінде Ұлттық парламентаризмді дамытуға зор еңбек сіңірді. Қандай қызметте болса да елдік мүддені бәрінен биік қойды» деп жазылған Сенат төрағасының құттықтау хатында.
Сондай-ақ, сенатор Бақытжан Жұмағұлов Қазақстан Құрылысшылар одағының негізін қалауда және қоршаған ортаны қорғау мәселесінде Арал теңізі, Семей полигоны аймағындағы халықты әлеуметтік қорғау жолындағы Ұзақбай Қараманұлының еселі еңбегіне тоқталды.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ғалым Әміреев Ұзақбай Қарамановтың 85 жылдығына орай Мәжіліс төрағасы Е.Қошановтың құттықтауын жеткізді.
Облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамов осынау маңызды да мағыналы жиынға арқау болып отырған Сыр перзенті Ұзақбай Қараманұлының ел мүддесі жолында адал қызмет етіп, абырой биігіне көтерілгенін, асыл азаматтың тау тұлғасы, тағылымды өмір жолы өскелең ұрпақ үшін өшпес өнеге екенін айтты.
– Ол құрылыс және сәулет саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Оның Астана мен Алматы секілді алып шаһарлардағы теңдессіз ғимараттардың авторы екенін барша жұрт жақсы біледі. Сол себепті Сырдың тумасын ұлықтау, оның еңбегін болашақ ұрпаққа насихаттау – біздің парызымыз, – деді облыстық мәслихат хатшысы.
Үзеңгілес қызмет еткен азаматтар да Ұзақбай Қараманұлының адами болмысы жайлы әңгімелеп, оның қарапайымдығын, табандылығын, әсіресе, елдік мүдде жолындағы әрбір іске ерекше жауапкершілікпен қарайтынын еске алды.
Жиынның қорытынды сәтінде Ұзақбай Қараманұлының асыл жары, Ұлдай Раметоллақызы жарты ғасырдан астам жарасымды ғұмыр кешіп, елге, мемлекетке қызмет ету жолында мақсат-мүддесі де бір болған азаматы жайлы терең толғаныспен әңгімеледі. Ардақты азаматтың есімін ұлықтау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар үшін аймақ басшысы Н.Нәлібаевқа және конференцияға қатысып, келелі ой қозғап, көркем естеліктер айтқан зиялы қауымға алғысын білдірді.
Ғазиза Әбілда,
«Сыр бойы»
Суреттерді түсірген Б.Есжанов
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<