Заңсыз екі ойынхана анықталды
Облыстық прокуратура мен Полиция департаментінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлері жүргізген жедел іс-шаралар барысында облыс орталығында жасырын түрде заңсыз құмар ойындары бойынша қызмет жасайтын екі ойынхана анықталды.
«Ұйымдастырушылар екі пәтерді жалға алған. Ол жерден полицейлер 400 мың теңгеден астам ақша және 15 компьютер тәркіледі. Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 307-бабының 2-бөлігімен (Заңсыз ойын бизнесiн ұйымдастыру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеті басталды. Қылмысқа күдікті Қызылорда қаласының екі тұрғыны ұсталып, олардың басқа да сыбайластары анықталуда», – деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті.
Еске салсақ, Қызылорда облысында «Қарасора-2023» іс-шарасы аясында есірткі өсірген 23 адам қолға түсті.
«Қорғау» ҚЫЗМЕТІ
Қызылордада «Қорғау» жол қозғалысын бақылау жүйесі пилоттық режимде іске қосылды. Аталған жүйенің көмегімен жолда орын алатын құқық бұзушылықтардың саны азаймақ.
«Қорғау» жол қозғалысын бақылау жүйесі автомобиль жолдарында тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету процестерін автоматтандыру мақсатында мемлекеттік тіркеу нөмірі белгісін тану және жол қозғалыс ережелерін бұзуды тіркеу сынды қажетті деректерді автоматты жүйеде енгізуге мүмкіндік беретін бағдарлама.
Жол ережесін бұзған, жалған мемлекеттік нөмірмен жүрген көліктер, айыппұл мен салық төлемеген жүргізушілер, іздеуде жүрген автокөліктер сол жерде белгілі болып, бірден айып тұрағына жіберіледі. Бұл ретте, «Қорғау» жүйесі полицейлерге заңбұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік береді.
Жүйе іске қосылғалы мәліметі анықталмай өндіріске қабылданбаған 14 шетел автокөлігі белгілі болып, оларға қатысты 689 мың 500 теңге айыппұл өндірген.
26,7 млн теңге: Әккі алаяқ ұсталды
Қызылорда қалалық полиция басқармасының жедел уәкілдері 19 қала тұрғынына қайтарымсыз грант алып беремін деп уәде берген 42 жастағы әйелді анықтады.
Күдікті әйел 2022 жылдың наурыз айынан бастап қайтарымсыз грант алып бере алатынын айтып, 19 жәбірленушіден жалпы сомасы 26 млн 730 мың теңге ақша алған. Ақшаны алғаннан кейін бұл азаматша телефон қоңырауларына жауап бермей, қашып жүрген.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 1,4-тармақтары бойынша (алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізіліп жатыр. Күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<