Құқық құрығы

666

0

600 млн теңге жымқырған

Қызылорда облысында банк қызметкері 600 млн теңгеден астам қаржыны жымқырған. Анықталғандай, контроллер-кассир шамамен 1 млн теңгеден 4 млн теңгеге дейін ақшаны бөлшектеп, кассадан қолды еткен.

«Банктің 2021-2023 жылдар аралығындағы бейнебақылау камераларының жазбалары тексерілді. Онда кассадан халаттың жеңіне оралған ақшаларды шығару арқылы ұрлау фактілері тіркелген. Күдікті жасаған қылмыстық құқық бұзушылықты толық мойындады» делінген хабарламада.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында букмекерлік кеңседен оның атына тіркелген шотынан ақпарат алынып, кейінгі 3,5 жылда есепшотқа 158 млн теңге түскені анықталды. Сонымен қатар оның атына және жұбайының атына тіркелген абоненттік нөмірлерден букмекерлік кеңселердің есепшотына ақша аудару бойынша операциялар жүргізілгені туралы ақпарат келіп түсті. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.  Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.

Мас күйде көлік жүргізген

Қызылордалық полицейлер демалыс күндері рейд барысында 395 әкімшілік құқық бұзушылық анықтады. Оның ішінде 3 жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталды.

«Мас күйінде көлік жүргізу деректері бойынша полицейлер әкімшілік хаттама толтырып, тиісті шешім қабылдау үшін құжаттарды сотқа жолдады» делінген полиция басқармасының хабарламасында.

Одан бөлек, жүргізушінің қауіпсіздік белдігін тақпаудың – 53, автокөлікті басқару кезінде телефонды пайдаланудың – 9, жаяу жүргіншілердің жүруіне басымдық бермеудің – 22, жаяу жүргіншінің жол ережесін бұзудың бір дерегі анықталды.

Шетелдік туристер ұсталды

Жүк пойызына отырып Қызылорданы айналып шықпақ болған нидерландылық 24 жастағы жігіт пен германиялық 25 жастағы бойжеткен ұсталды.

Шиелі стансасындағы желілік полиция бөліміне «Әскерилендірілген теміржол күзеті» ЖШС қызметкерлерінен  вагондардың бірінде бейтаныс адамдар жүргені жөнінде хабарлама түскен. Тексеру кезінде көлік полицейлері Батыс Еуропадан келген екі туристі анықтады. Олар жүк пойызына «қызық көріп, көңіл көтеру үшін мінгенін» айтқан.

«Құқық бұзушылардың үстінен ҚР ӘҚБтК-нің 560-бабы 1-бөлігі (Жүк пойыздарында заңсыз жүру) бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, әрқайсысына 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды» делінген хабарламада.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<