Жоғалған қыз Алматыдан табылды
Наурыз айының 25 жұлдызынан бастап іздеуде болған жасөспірім қыз облыстық ішкі істер басқармасы жедел уәкілдерінің іздестіру жұмыстарының нәтижесінде Алматы қаласынан табылды. Оны Қызылорда қалалық полиция басқармасы қызметкерлері қалаға аман-есен жеткізіп, ата-анасына табыстады. Жасөспіріммен және оның ата-анасымен профилактикалық бағытта түсіндірме жұмысы жүргізілді.
Анасы қызының дін аман табылғанына қуанып, алғысын білдірді. Полицейлер ата-аналарға балаларды бақылауда ұстау керектігін ескертеді.
Есірткі сатушы ұсталды
Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел іс-шара барысында 32 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Ол ірі мөлшерде есірткі затын сатқан. Салмағы 274 грамға жуық кептірілген марихуана заттай дәлелдеме ретінде алынды.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабымен есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті қалалық полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Заңсыз балық аулаған
Қармақшы ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері рейд барысында Ақжар-Көмекбаев ішкі тас жолының Тұрмағамбет ауылы тұсында Нива-2121 автокөлігін тоқтатып тексерген. Көліктің жүк салғышынан заңсыз ауланған 3 қап балық, 2 дана жарық шам және 1 шанышқы құралы айғақ зат ретінде алынған. Тағайындалған тауартану зерттеуі бойынша жүргізілген сараптама қорытындысымен 3 қапқа салынған балықтың салмағы 75 келі 652 грамм екені белгілі болды.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 335-бабы 1-бөлігімен тергеп-тексеру жүргізілуде.
«Уылдырық-2022» шарасы
Облыс аумағында балық уылдырық шашатын кезеңде браконьерліктің жолын кесу үшін “Уылдырық-2022” жедел-профилактикалық іс-шарасы өтеді.
Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мамандарымен бірлесіп, жедел-профилактикалық іс-шаралар кешенін өткізуді жоспарлауда. Рейдтік іс-шаралар 1 сәуір – 31 мамыр аралығында Сырдария өзенінде, 20 сәуір мен 10 маусым аралығында барлық су айдындарында, сондай-ақ 1 мамыр мен 10 маусым аралығында Кіші Арал теңізінде өткізіледі.
Мемлекеттік нөмірін алып кеткен
Қала аумағындағы көпқабатты үйдің ауласында тұрған «Subaru» автокөлігінің артқы мемлекеттік нөмерін ұрлап кеткені жөнінде «102» арнасына хабарлама түскен.
Оқиға орнына барған криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері күдіктіні алысқа ұзатпады. Олар 23 жастағы қала тұрғынын ұстады. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
46 балаға құқықтық көмек көрсетті
Қалалық полиция басқармасының ювеналды полиция қызметкерлері «Құқық тәртібі» іс-шарасы аясында есепте тұрған 16 қолайсыз отбасының 46 баласымен құқықтық профилактикалық әңгімелесу жүргізді.
Іс-шара барысында құқық бұзушы 141 жасөспірім басқармаға жеткізіліп, олардың ата-аналарына хаттама толтырылды. Ювеналды полиция қызметкерлері түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болған және ересектердің бақылауынсыз көшеде жүрген балаларды анықтады. 100 ата- анаға ҚР ӘҚБтК 442-бабы бойынша шара көрілді.
Жыл басынан бері басқарманың кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 73 жасөспірім орналастырылды. Оларға орталықтан психолог мамандар полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, құқықтық көмек көрсетті.
Автокөлігін айдап кеткен
Қалалық полиция басқармасының «102» арнасына 71 жастағы қала тұрғыны қоңырау шалып, көпқабатты үйдің ауласында тұрған «Chevrolet Nexia» маркалы автокөлігінің ұрланғаны жайлы хабарлаған. Келтірілген материалдық шығын 3 800 000 теңгені құрайды.
Дер кезінде барлық криминалды полиция бөлімінің қызметкерлеріне ұрланған автокөлік бойынша бағыт-бағдар берілді. Көп ұзамай қала аумағында мемлекеттік белгісі жоқ күдікті көлік тоқтатылған. Тексеру барысында «Chevrolet Nexia» ұрланған автокөлік екені анықталды.
Полиция қызметкерлері жүргізген жедел іздестіру жұмыстарының нәтижесінде күдікті 27 жастағы облыс тұрғыны ұсталды.
Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің 200-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Гүлбану МАҚАЖАН,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<