Құқық құрығы

881

0

Құрылыс заттарын қолды етті

Қала тұрғыны полиция басқармасының кезекші бөліміне келіп, жеке меншік үйдің ауласындағы жалпы құны 5 миллион теңге тұратын құрылыс заттарын ұрлап кеткені жөнінде арызданған. Ұрлыққа қарсы бағдарлама барысында тәртіп сақшылары 45 жастағы қала тұрғынын құрықтады. Оған Қылмыстық кодекстің 188-бабы 3-бөлігінің 1-3 тармағымен сотқа дейінгі  тергеп-тексеру  жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Интернет-алаяқтық көбейген

«Полиция департаментінің қызметкерлері жыл бойы атқарған шаралардың нәтижесінде өңірімізде қылмыстық ахуал  тұрақталды. 10 мың халыққа шаққанда қылмыс деңгейі республикада 89 бірлікті құраса, облыста бұл көрсеткіш 41-ді құрап, ахуалы тұрақты аймақтың біріміз», − деді облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Бектөре Сұлтан облыс тұрғындары  алдында есептік кездесуінде.

Онлайн өткен есеп беру барысында департамент бастығы кейінгі уақытта алаяқтық фактілерінің көбейгенін айтты. Есепті мерзімде 676 қылмыс  тіркелді. Интернет-алаяқтық артқан.

Ұялы телефонын сұрап алып…

Сырдария ауданында біреудің ұялы телефонын сұрап, ақпараттық жүйесіне заңсыз кіру арқылы банк қосымшасынан 1 млн теңге көлемінде заттай несие рәсімдеп алған оқиға тіркелді.

Жедел іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер ұрлық жасаған облыс тұрғынын ұстады. Қылмыстық кодекстің 188-бабы 2-бөлігі 4-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Алдап несие алдырған

Қалалық полиция басқармасына 52 жастағы қала тұрғыны жүгініп, алаяқтық әрекеттің құрбаны болғанын айтқан. Танысы қомақты көлемде несие алып беремін деп 5 млн 600 мың теңге несиені өзіне алдап алған. Қылмысты ашу бойынша жедел-тергеу тобы құрылды. Нәтижесінде 49 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Оған Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.

Дайындаған:

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<