154 келі балық тәркіленді
Браконьерлікті анықтау, оның жолын кесу мақсатында облыс көлемінде «Киік» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
Қызылорда ҚПБ Ақсай полиция бөлімінің қызметкерлері «Арал-Қызылорда» бағытында қатынайтын «Сетра» жолаушылар автобусын тоқтатты. Тексеру барысында жолаушыдан 154 келі заңсыз ауланған балық тәркіленді. Ол балықты Қызылорда қаласына апарып сатпақшы болған.
Тиісті сараптамалар тағайындалды. Жолаушы полиция бөліміне жеткізіліп, одан ІІО келу туралы міндеттеме алынды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 335-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Полицейден қашпа!
Рейд барысында түнгі уақытта патрульдік полиция экипажынан қашпақ болған жүргізуші ұсталды.
Патрульдік полиция орталық көшелердің бірінен жол ережесін бұзған «УАЗ» автокөлігін байқап, одан тоқтауды талап етеді. Алайда, жүргізуші қозғалысты жалғастыра береді. Ескертуге мән бермеген жүргізуші қала шетінде қолға түсті. Тексеру барысында көлік құралын басқару құқығынан айырылған 46 жастағы қызылордалыққа ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің екі бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Сексеуілді кеспе!
11 тамыз күні облыс орталығында «Вольво» маркалы жүк көлігі тоқтатылды.
«Киік» жедел профилактикалық іс-шарасы аясындағы тексеру барысында 40 жастағы азаматтың басқаруындағы автокөліктің жүк салғышынан көлемі 3 кубты құрайтын заңсыз кесілген сексеуіл анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.
Заңсыз қару сақтаудың 3 дерегі
Қызылордалық полицейлер рейдтік шаралар барысында заңсыз қару сақтаудың 3 фактісін анықтады.
Қазалы ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері Сырдария өзені бойынан ІІО-да тіркелмеген, 16 калибрлі аңшы мылтығын алып жүрген жергілікті тұрғынды тоқтатқан. Осы тектес деректер Арал, Жалағаш аудандарында тіркелді.
Аталған деректер бойынша Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 482-бабының 1-бөлігімен әкімшілік хаттамалар рәсімделіп, шешім қабылдау үшін сотқа жолданады.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<