Мемлекет басшысының тұжырымдамасын жүзеге асыру бағытында және облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасарлары барлық аудандарда болып, қоғамдық қабылдау өткізуде. Олармен бірге облыс прокурорының бірінші орынбасары Исламбек Төлегенов, облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Әміржан Өтегенов, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаменті бастығының орынбасары Сабыр Түменбаев және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті бастығының бірінші орынбасары Асылхан Ашықов болды.
Тұрғындар ұсынысы ескерусіз қалмайды
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Қожаниязов құқық бұзушылықтардың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және тағы басқа мәселелер бойынша Жаңақорған, Шиелі аудандарында болып, тұрғындарды қабылдады. Алдымен Серік Қожаниязов жұмыс сапарын Бірлік елді мекеніндегі №55 орта мектепті күрделі жөндеу және газдандыру жұмысымен танысудан бастады. Мұнан соң Жаңақорған ауданы әкімдігінің мәжіліс залында қоғамдық қабылдау өткізді.
Қабылдауда аяқсу, мал азығын сатып алу шығындарының бір бөлігін субсидиялау, селекцияға қатысты ірі қара мал мен қойдың төліне қойылған шектеуді төмендету, лизинг арқылы берілетін техникалардың лимитін көтеру, резервке қалдырылған 20 пайыз жер үлесін ауыл тұрғындарына бөліп беру мәселелері қозғалды.
Әрі қарай облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Салауатұлы Байкенже ауылына барып, ауыл тұрғындарымен кездесіп, толғандырып жүрген мәселелерін талқылады. Қожамберді ауылдық округіндегі «Қожамберді-Бірлестік» АӨК электр жүйесімен қамтамасыз ету жұмыстарын көрді.
Шиелі ауданы әкімдігінің мәжіліс залында құқық қорғау органдарымен құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және тағы да басқа мәселелер бойынша аудан тұрғындарымен қабылдау өткізді. Онда тұрғындардың жеке әлеуметтік мәселелерімен қоса, Майлытоғай, Қоғалы ауылдық округтері бойынша «Жаңарық» каналын және «Итаяқ» көлін тазарту, Ақтоған, Жаңатұрмыс ауылдық округтеріндегі жер мәселесі, Қарғалы ауылдық округі, Бұланбай бауы елді мекеніндегі ауызсу мәселелері көтерілді.
Мұнан соң облыс әкімінің бірінші орынбасары «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Шиелі кентінде салынып жатқан денешынықтыру-сауықтыру кешенінің жұмысымен, «Ы.Жақаев атындағы саябақта» көркейту-көгалдандыру барысын, «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында Н.Бекежанов елді мекеніндегі 14,6 шақырымды құрайтын орташа жөндеуден өткен 15 көшенің жұмысымен танысты.
Көптен күткен жоба жүзеге аспақ
Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов Сырдария, Қармақшы және Жалағаш аудандарында болып, тұрғындармен кездесті.
Қабылдауда тұрғындар «Жетікөл жарма» каналын тазарту, мал ұрлығы және жеке әлеуметтік мәселелерін жеткізді. Аталған мәселелер заң аясында шешілетіні айтылып, құқықтық кеңестер берілді. Сондай-ақ жазбаша жауап та берілетін болады.
Мұнан соң Мархабат Жайымбетұлы Тереңөзек кентіндегі №210 орта мектебінің жылу беру маусымына дайындық барысын көрді. А.Алиакбаров көшесіндегі спорт алаңында болып, аудандық аурухананың бу қазандығын қайта жабдықтау жұмыстарымен де танысты.
Келесі күні Мархабат Жайымбетов Қармақшы ауданының халқымен жүздесті. Қабылдауда тұрғындардың жеке әлеуметтік мәселелерімен қоса Жосалы кентіндегі теміржол үстінде көпірдің болмауы себепті теміржол өткелінде тәртіпке қайшы кептелістің жиі орын алуы, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автодәлізін кең жолақты ету мәселесі, Ресей Федерациясында тіркеуде тұрған автокөліктердің есепке қою тәртібі туралы және құқық бұзушылықтың алдын алу мен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бағытындағы ұсыныс-пікірлер айтылды.
Қоғамдық қабылдаудан кейін Мархабат Жайымбетұлы Жосалы кентіндегі күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан бірқатар құрылыс нысандарын аралады. Алдымен Жосалы кентіндегі денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылыс жұмыстарымен танысты. Аталған жоба құрылысын мемлекеттік сатып алу қорытындысымен «Сапақ» ӨК жүргізіп келеді. Бүгінде құрылыс жұмыстары аяқталып, нысан жақын арада тұрғындар игілігіне берілмек. Мұнан бөлек, Қармақшы аудандық ауруханасы қазандығының ғимаратын қайта жабдықтау бойынша жөндеу жұмыстары және Жосалы кентіндегі №30 орта мектептің жылу жүйесін сұйық отыннан сұйытылған газға ауыстыру барысындағы құрылысты көрді.
Биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша және облыстық бюджет арқылы ауызсу және кәріз жүйелерін жаңғырту жұмыстары негізінде Қармақшы ауданына қарасты елді мекендерде 3 жоба жүзеге асуда. Оның бірі – Қармақшы ауылындағы су қабылдайтын құрылғыны қайта құру жұмыстары. Облыс әкімінің орынбасары «Теплоэнергострой» ЖШС бойынша жобаның құрылыс жұмыстарын бағамдап, көптен бері кезегін күткен игі істің жергілікті жұртшылық үшін аса маңызды екендігін жеткізді.
Мархабат Жайымбетовтың жұмыс сапары Жалағаш ауданында жалғасты. Қабылдауда тұрғындар Жалағаш кентіндегі М.Шәменов көшесін асфальттау, Қаракеткен ауылының аяқсу мәселесі, сатылып кеткен автокөліктердің салығы туралы, мұрагерлік жер үлестерін рәсімдеуге байланысты жеке мәселелерін де жеткізді.
Аталған мәселелер заң аясында шешілетіні айтылып, құқықтық кеңестер берілді. Әрбір мәселе бойынша жеке-жеке тоқталып, жазбаша жауап жолданатын болады.
Мұнан соң облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетұлы М.Шәменов ауылындағы орташа жөндеуден өткізілген Абылай хан көшесімен, «Ақтерек» учаскесінің су ұңғымалары және су жинау-тарату кешенінің құрылысымен, «Ақмаржан» балабақшасы ғимаратының жылу жүйесін газға ауыстыру жұмысымен танысты.
Әлеуметтік нысандар газға қосылмақ
Облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Арал ауданында жұмыс сапарымен болып, құқық қорғау органдарының өкілдерімен бірге аудан тұрғындарын жеке қабылдады.
Нұрымбет Аманұлы іссапарды өңірдегі әлеуметтік нысандарды аралаудан бастады. Оның ішінде күрделі жөндеуді қажет ететін және бу қазандықтарын газға ауыстыратын ғимараттармен танысты. Алдымен қала аумағында орналасқан №220 орта мектеп пен №14 мектеп-лицейінің бастауыш ғимаратына барып, жай-күйін көрді. Екі нысан да күрделі жөндеуді қажет етеді. №220 мектепті жөндеуден өткізу үшін жоба-сметалық құжаттама дайындауға мемлекеттік сатып алу жұмыстарын жүргізу жоспарланса, №14 мектеп-лицейінің бастауыш ғимараты үшін жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. Сонымен қоса, облыс әкімінің орынбасары №14 мектеп-лицейі мекемесінің жылыту қазандықтарының жұмыс барысын бағамдады.
Одан соң аудандық мәдениет орталығының бүгінгі жағдайымен танысты. Ғимарат 1937 жылы пайдаланылуға берілген. Аталған орталықта 8 жыраулық және 2 әуесқой үйірме жұмыс жасайды. 2019 жылы жеке шаруашылық серіктестігінің сараптамасына сәйкес ғимарат апаттық жағдайда деп танылған. Бүгінде нысанды қайта құру жұмыстарының жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, тиісті салалық басқармаларға ұсынылған.
Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Жақсықылыш кентіндегі дәрігерлік амбулаторияда болды. Ғимарат қазіргі таңда сұйық отынмен жылытылады. Дәрігерлік кешенді «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету үшін жоба-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Облыс әкімі орынбасарының Арал ауданындағы жұмыс сапары аудан әкімдігінің мәжіліс залында қорытындыланды.
Қабылдау барысында тұрғындар кәсіпкерлікті қолдау, Сексеуіл кенті бойынша тұрмыстық қалдықтар полигонын тазарту, өрт сөндіру бекетін салумен қоса әлеуметтік мәселелерін жеткізді.
Бұдан бөлек, облыстық және аудандық прокуратура қызметкерлері «Заң керуені» акциясы аясында құқықтық көмек көрсету мәселелері бойынша ауданға қарасты Жақсықылыш кенті және Аққұм, Аманөткел, Жетес би, Райым, Аралқұм, Сапақ, Ақирек, Қамыстыбас, Қосжар, Сазды, Жіңішкеқұм елді мекендерінде халықпен кездесу өткізді.
Н.Сақтағанов Қазалы ауданында да болды. Тұрғындармен кездесуде көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен жүзеге асатыны айтылды.
Аудан тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерді ортаға салып, көмек көрсетуді сұрады. Сондай-ақ, Әйтеке би мен Қазалы қаласының аралығында жаңа мектеп ғимаратын және Бозкөл ауылынан типтік жобада жаңа балабақша салу, тұрақты жұмыспен қамту және тұрғындардың жеке мәселелері бойынша бірнеше ұсыныстар айтылды.
Қоғамдық қабылдаудан кейін облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов аудандағы бірқатар әлеуметтік нысандар мен жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын аралап көрді. Алдымен Қазалы қаласындағы 140 орындық балабақша құрылысы мен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының жұмысымен танысты. Сондай-ақ, Қ.Пірімов ауылындағы №92 мектеп пен жақында ғана пайдалануға берілген спорт кешенінің жұмысын көрді.
Облыс әкімінің орынбасарлары әрбір ұсыныс-пікірдің жерде қалмайтынын айтып, көтерілген мәселелердің шешілуі заң аясында қарастырылатынын мәлімдеді. Өздері аралап көрген нысан құрылыстарының сапасына жауапкершілікпен қарап, уақытылы аяқталуын жауапты мердігерлер мен тиісті сала басшыларына тапсырды.
Дайындаған
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<