Құралай Мейрамбек: Мұстафа Сандалмен дуэт орындағым келеді

3132

0

Фото: ашық дереккөз

Оның ән орындау стиліне құлақ түрген адам қандай күй кешкенін түсінбей қалады. Бастапқыда иен далада жалғыз қалып, не істеріңізді білмесеңіз, артынша жаныңызға дауа тапқандай әсер аласыз. Қобыз сарынымен астасқан ішкі үн ешкімді бейжай қалдырмасы белгілі. Содан да болар, Құралай Мейрамбек «Қазақстан дауысы» атанды. Аталған байқаудан кейін біраз уақыт өткені тағы бар. Осы орайда өзіндік стилі бар жас әншімен әңгімелестік.

– Құралай, «Қазақстан дауысынан» кейін арада бір жыл уақыт өтті. Шығармашылығыңда қандай өзгеріс болып жатыр?

– Жобадан кейін шығармашылығымда көптеген авторлық ән жазылды. Түрлі концерт пен шоуға қатысып жатырмын. Ал қазір байқауларға дайындық үстіндемін. Мәселен, ән қоржыным «Ана» әнінен бастау алды. Тұсауын «Таңшолпан» бағдарламасында кестік. Әкеме арналған «Жан әке» әні тағы бар. Жанын да, тәнін де, бар ақыл-парасатын, күш-жігерін ұрпағына арнайтын әкелердің құрметіне арналады. Соның ішінде «Өмірім-өнерім» әнін ерекше атап өткім келеді. Бұл ән өнерім мен өміріме тікелей байланысты. Өнер жолы мен өмір жолын қатар алып жүрсем, мен үшін үлкен бақыт. Әнін Қуат Әбіл ағамыз жазса, сөзі – Оразбек Қиынбаевтыкі. Әлі де көрерменді жүрек пернесін дөп басатын туындылармен қуантамын деп ойлаймын.

– «Продюсерің болайын» деп ұсыныс білдіргендер болды ма? Әлде саған еркін шығармашылық ұнай ма?

– Өз басыма еркін шығармашылық ұнайды. Сонымен қатар қасымда өнер жолында кәсіби білім алған туған әпке, жезделерім бар. Сол кісілермен ақылдасып отырып шығарамыз. Мысалы, әпкем Гүлзат «Қоңыр» тобының әншісі болса, Ұлпан – классикалық опера әншісі. Оның үстіне, бар шығынымды ата-анам мен жақындарым көтереді. Сондықтан сахналық костюмнен бастап өзіміз тіктіреміз. Мені барынша қолдап жүрген жандарға алғыс айтқым келеді.

– Әлемдік байқауларға өтініш жібергеніңді айтып едің. Жауап келді ме? Ол қай елдер еді?

– Осыған дейін бірнеше байқауға өтініш жібергенімді айтқаным рас. Бірақ нақты қайсы байқау екенін айтпай-ақ қояйын. Байқаудан жауап сәуір айында келеді. Кейбір байқауларға жаз айында кастинг ашылады. Сондықтан болашақта қатысқым келетін байқау көп. Қазақтың атын әлемге танытып, ұлттық бояуымыздың қанық екенін танытуды мақсат етемін. Иә, осындайда «біздің елде танымал болу үшін шетелдегі жарысқа қатысуың керек» дейтін тіркес ойға оралады. Алайда талмай ізденіп, жаңа дүниеге құмар болсаң, ел ішінде де танылуға болады. Еңбек етсең, жемісін жейтінің белгілі.

– Ән орындау стиліңе көпшілік тәнті. Мұндай стильді қайдан таптың? Әлде қазақша-түрікше коллаб па?

– Кішкене кезімнен әкемнің домбырамен термелетіп, анамның бізді әнмен оятатыны есімде. Сол кісілер бізге бала кезімізден нағыз қазақтың иірімдерін құлағымызға сіңіріп өсірді. Одан бөлек, анам әпкелерімді байқауға дайындаған уақытта қасында отырып тамашалаған қатты ұнайтын, қызығатынмын. Қазақтың көнеден келе жатқан таңсық дыбыстарды шығарып, ізденуге тырысамын. «Қорқыт – қобыз» әнін орындағанымда көпшілік қобыз сарынын әнге қосқаныма тәнті болды. Негізі, мұны әнді қалай ерекше орындауға болатынын ойланған адам оңай тауып алады. Мен де бұл әннің ішкі құдіретін барынша жеткізгім келді. Осылайша, қобыз сарынын қостым. Аспаптың үні адам жанын елітіп, ойға батырады. Байқасаңыз, түркі халықтарында мұндай әуен жетерлік.

– Eurоvision-ға қатысқың келетінін білеміз. Егер еліміз ересектер арасындағы байқауға қатысуға мүмкіндік алса, қандай ән орындар едің?

– Мағынасы терең ән таңдаған болар едім. Қазақша, ағылшынша сөздерден құралған есте қаларлық, бүкіл түркі халқын қамтитын шығарма орындағым келеді.

– Өткенге оралсақ, кейбірі «Құралай тек «Қорқыт-қобыз» әнін жақсы орындады. Қалған турда Майғазиев болысты. Ерік Төленовтің стилі тамаша еді» деп жатты. Жалпы, сынға қалай қарайсың?

– Ең бірінші, мені өзімнен де қатты уайымдап, қолдаған қазақ еліне, барша Қызылорда халқына, Сырдария ауданында үлкен сенім білдірген қолдаушыларыма басымды иіп алғысымды білдіремін. Тәлімгеріме де көп рақмет. Бұл ортақ жеңіс деп білемін. Себебі әуелі Алла одан соң мені осынша қолдаған халқымның арқасында жеңімпаз атандым.

Ерік – жақсы әнші. Өзіне бөлек, ерекше стилі бар әнші. Жалпы, осы жобаға қатысқан барлық әнші өзінің көрерменін тапты деп ойлаймын. Әрине, сын айтылады. Бірақ та ешкім дүниеде идеал емес екені бәрімізге мәлім. Біз барынша қолдан келгенше бар өнерімізді көрсетуге, халыққа хаббатымызда жеткізуге тырысамыз. Міндентті түрде киелі сахна болғаннан кейін біз ойлаған керемет дүние болып жатады немесе әртүрлі форс-мажор болып ойдағыдай шықпайды. Ең бастысы, сол мәселенің түбін түсініп, сабақ алу керек деп ойлаймын.

– Жақында Cover show-да түрікше акцентсіз ән орындағаныңа көпшілік таңданды. Осы орайда өзің бірге дуэт орындағың келетін түрік әншісі бар ма?

– Түрік елінің музыкасына, аспаптарына қызығамын. Жақсы көріп тыңдайтын әншілерім біршама. Алғаш рет XIII Түрік олимпидасында топ жарғаным да әнге, одан кейін түркі дүниесіне махаббатымның арқасы. Өнер ұлтқа, тілге бөлінбейтіні тағы бар. Өнер – әлемді әлеммен байланыстырушы алтын көпір. Болашақта дуэтті Мустафа Сандал секілді елімізге танымал әншілермен орындағым келеді.

– Әңгімеңе рақмет!

Сұхбаттасқан Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<