Барша мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Құрбан айт мерекесі 28-30 маусым аралығында өткізіледі. Осы ретте, жергілікті атқарушы органдардың ұйымдастыруымен облыстағы аз қамтылған және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың тізімі әзірленіп, мұқтаж жандарға қайырымдылық шаралары көрсетілетін болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифингте облыстық дін істері басқармасының басшысы Бауыржан Қамзаев хабарлады.
– Құрбан айт мерекесі – күллі мұсылмандар үшін ізгілікке арқау болатын қасиетті мейрам. Бұл күндері құрбандық шалуға ниетті жандар үшін оффлайн және онлайн формат ұсынылатын болады. Яғни, онлайн құрбан шалу үшін тұрғындар www.qurban2023.kz сайтына жүгіне отырып, өтініш бере алады. Сонымен қатар қасиетті мерекеде қайырымдылық шараларын кең көлемде жүргізу үшін демеушілермен бірлесіп, арнайы іс-шаралар ұйымдастырылады. Өздеріңіз білетіндей, Құрбан айт мерекесі қарсаңында төрт-түлікке сұраныс артады. Осыған байланысты мал бағасын ретсіз көтермеуге ұсыныстар берілуде. Бұдан бөлек, құрбан шалу орындарында санитарлық талаптарды сақтау бойынша арнайы ережелер бекітілді, – деді басқарма басшысы Бауыржан Қамзаев.
Брифинг барысында ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінің Бас имамы Болатбек Абуов Құрбан айтта шалынатын мал түрлері мен негізгі жасалатын амалдарды баяндап берді.
– Өңірімізде Айт намазын оқу уақыты таңғы 06:00 болып бекітілді. Дәстүр бойынша Қызылорда қаласында өтетін діни рәсімдер мешіттерде емес, арнайы жасақталған «Нұрболат» және «КЗО ЕТ» қасапханаларында жүзеге асырылады. Құрбан еттері арнайы даярланған тізім бойынша мешіт еріктілерінің көмегімен мұқтаж отбасыларына үлестіріліп беріледі. Аудан орталықтарында да арнайы мал сою орындары дайындалуда. Ұлық мейрамның құрметіне орай, облыстық, қалалық, аудандық мешіттер жанынан киіз үйлер тігіліп, ұлттық дәстүрімізге сай думанды шаралар мен ұлттық ойындар, қайырымдылық акцияларын өткізу жоспарланып отыр. Жалпы құрбандыққа шалынатын мал түрлері бойынша айтатын болсам, түйе – 5 жастан, сиыр – 2 жастан, қой және ешкі – 1 жастан асу керек. Баршаңызды Қасиетті Құрбан айт мерекесімен құттықтаймын!, – деді Болатбек Ұласқанұлы.
Өңірлік коммуникациялар қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<