Асыл дінімізде Құрбан айт мерекесінің орны ерекше. Барша мұсылман қауымын бірлік пен ынтымаққа ұйыстыратын құрбан айт мейрамы ең әуелі мешіттерде айт намазын оқудан басталады. Құранда: «Раббың үшін намаз оқы, құрбан шал» деп бұйырады («Кәусар» сүресі, 2-аят), яғни айт күнгі ең алғаш орындайтын амалымыз жамағатпен айт намазын оқу, мұнан соң құрбандық малымызды шын ықыласпен шалу арқылы жалғасады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Біздің бұл күнде алғашқы атқаратын ісіміз – намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбандық шалу. Кімде-кім осылай етсе, біздің сүннетімізге ергені» деп айт намазын оқумен ғана құрбандық шалу басталатынын жеткізген.
Шариғат үкіміне келсек, ханафи мазһабы бойынша құрбан айтта шамасы жеткен адамға құрбан шалу – уәжіп (міндет). Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» деп қатаң бұйырған. Осы аталған хадис шамасы жеткен әрбір мұсылманға сараңдық жасамай, сылтау етпей, оған құрбан шалудың міндетті амал екенін ескертуде.
«Құрбан» сөзі араб тілінде – «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Терминдік мағынасы – Алла Тағаланың разылығына жақындау ниетімен құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы малдың аты. Құрбан шалудың артықшылығы мен сауапты іс екендігі жөнінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Адам баласы құрбан айт күнінде (құрбан шалып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар».
Құрбан шалу кімге міндет?
Құрбандық шалу – сонау Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан жалғасып келе жатқан ұлық ғибадат. Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар Алла Тағалаға берген сертінде тұрып, бауыр еті баласы Исмаилды (ғ.с.) жаратқанның жолында пида ете алатынын білдірген. Алладан келген сынақты көтере білген Ибраһим (ғ.с.) пайғамбар сыннан да сүрінбей өтті. Құрбандық шалу ғибадаты сол бір ғибратты оқиғаның жарқын көрінісі іспетті. Сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде Алла разылығы үшін шалынған құрбандықтың әрбір қылы үшін сауап бар екенін және бұл амал Ибраһим (ғ.с.) пайғамбардан қалған сүннет амал екенін жеткізеді. Сахабалар Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.): «Иә, Алланың Елшісі, құрбандық деген не?» деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Құрбандық – сендердің Ибраһим (ғ.с.) бабаларыңның сүннеті» деді. «Одан бізге қандай сауап бар?» деп сұрағанда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сойылған мал жүнінің әрбір тал қылы үшін сауап аласыңдар» деп жауап берген екен.
Құрбан шалу міндет (уәжіп) болу үшін төмендегі мына шарттарға тоқталсақ: мұсылман болу; Құрбан айт уақытында жолаушы болмау; негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу. Нисап мөлшері – 85 грамм алтын, яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп болуы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Құрбан шалған уақытта міндетті түрде ниет ету керек. Өйткені, малды ғибадат үшін соятыны сияқты, тек қана етін пайдалану үшін де союға болады. Нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да, кедей мұсылман кісінің құрбан шалуына болады. Шалған құрбандығы нәпіл құрбан үкімінде болады.
Құрбан шалудың өзіне тән уақыты бар. Ол Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Қандай да бір маңызды шариғи себепке байланысты Құрбан айт намазына бара алмай, айт намазын оқымаған кісі намаз оқып болатындай уақыт өткеннен кейін құрбанын шала беруіне болады. Айт намаздан бұрын шалынған мал құрбандыққа есептелмейді.
Құрбандыққа жарамды мал
Қой, ешкі, сиыр және түйе малын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Алты-жеті айлық кепе қозы бір жасар қой сияқты семіз, етті болса, құрбандыққа шалуға жарайды. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды.
«Бірігіп құрбан шалуға бола ма?» деп сұрап жатады. Біріншіден біз мынаны білгеніміз жөн. Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені, яғни, ірі қара малды бір кісінің жалғыз өзі үшін немесе жеті кісі ортақ шалуға болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Құрбан шалуда ниет өте маңызды. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.
Не нәрсенің де жарамды-жарамсызы болады. Сол секілді құрбандық малына кез келген мал бола береді деген ұғым жоқ. Мәселен, қадірлі қонағымыз үшін малдың ең жақсысын сойып, құрмет көрсетіп, ақ батасын алуға тырысамыз. Ал енді Құрбан айт мейрамы бұл Алланың разылығына жеткізетін ұлық ғибадат болғандықтан, малдың жарамдылығына, ең жақсысына көбірек көңіл аударған дұрыс. Мынадай кемшілігі бар малдар құрбандыққа жарамсыз болып саналады. Бір көзі соқыр, сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде көтерем, құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген, тістерінің көбі түсіп қалған, бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған болу. Осы сынды жағдаят құрбан малының бойында болмауы керек. Қаншалықты құрбан малының ең жақсысын таңдасақ, соншалықты мол сауап пен Алланың разылығын иелене түсеріміз ақиқат.
Құрбан малы қалай шалынады?
Құрбан шалған уақытта міндетті түрде арнайы ниет ету керек және құрбан айт намазы оқылғаннан кейін барып шалынады. Құрбандықты ғибадат үшін соятыны секілді, жай ғана етін күнделікті пайдалану үшін соятындар да болады. Сол үшін құрбандықта ниетті дұрыстап, шын ықыласпен орындау қажет. Құран Кәрімде: «Олардың (шалынған малдың) еттері мен қандары Аллаға әсте ұласпайды. Бірақ, Оған (Аллаға) сендердің тек тақуалықтарың ғана жетеді» («Хаж» сүресі, 37-аят) делінген, яғни, құрбандық шалудағы көзделген мақсат пен ниеттің маңыздылығын әуелі ақыл таразысына салған жөн болады.
Құрбан шалуға ниет еткен кісі құрбандығын мүмкіншілік болса, өзі шалғаны абзал және оның сауабы да мол. Сахаба Әнас ибн Мәлик (р.ғ.): «Алла Елшісі (с.ғ.с.) құрбан шалуды өз қолымен орындайтын» деп айтқан. Құрбан ретінде шалынатын малды қинамау үшін өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып қайрау – ұнамсыз іс (мәкрүһ). Ал қинамай сою – сүннет амал.
Құрбан ретінде шалынатын мал құбылаға қарата жатқызылып «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар лә илаһа иллаллаһу, Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар уа лиллаһил-хамд» деп, тәкбір айтып, «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деп бауыздалады. Тек құрбанның иесінің ғана «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деуі жеткілікті емес. Құрбанды бауыздаған адам да «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деуі керек. Әлгінде айтқанымыздай, сойылатын мал құрбандық ниетімен бауыздалуы керек.
Көп сұралатын сауалдың бірі «Құрбандыққа шалынған малдың еті мен терісін сатуға болады ма?» деп келеді. Құрбан шалған кісі бай немесе қарапайым күй кешсе де, өзінің шалған құрбандығының етін жеуіне болады. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – ең жақсы амал. Бір бөлігі туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Десе де шалынған малға мұқтаждығы болмаса, оны басы бүтін кедей-мұқтаждарға таратып беруге болады. Сол секілді құрбандық шалған кісінің тұрмысы төмен, бала-шағасы көп болса, түгелдей құрбан етін өзінің отбасының қажетіне қалдыра алады.
Құрбандыққа шалынған малдың етін, басын, терісін, сирақтарын сату – ұнамсыз іс (мәкрүһ). Құрбан малының аталған бөлшектері сатылған жағдайда құны кедейлерге садақа ретінде беріледі. Құрбандыққа шалынған мал терісін кедейлерге, қайырымдылық қорларына беруге болады. Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегін қасаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды.
Айт мерекесі
Айт – арабшадан аударғанда, «мейрам» деген мағынаны білдіреді. Дініміздегі мейрамдарымыз құлшылықтан бастау алады. Асыл дінімізде екі айт мейрамы бар. Бірі рамазан айынан кейін келетін – Ораза айт мейрамы, екіншісі – қасиетті Құрбан айт мерекесі. Ардақты сахаба Әнәс (р.ғ.) былай деп жеткізеді: «Алла Елшісі (с.ғ.с.) Мәдинаға келген кезінде, мәдиналықтардың тойлайтын екі күндері бар болатын. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл екі күнді не үшін атап өтетіндіктерін сұрады. Сонда олар: «Жәһилдік (исламнан бұрынғы) дәуірде біз бұл екі күнді көңіл көтеріп, атап өтетін едік» деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оларға қарап: «Алла ол екі күннің орнына сендер үшін әлдеқайда қайырлысын берді. Біріншісі – Құрбан айт, екіншісі – Рамазан айты» деп айтты.
Құрбан айт мерекесі де исі мұсылманның отбасын шат-шадыман етіп, қоғамды қуанышқа жетелей түседі. Құрбан айт күні мұсылман баласы ерте тұрып, айт намазына дайындығын жасайды. Бойдәретін жаңартады, жаңа да таза киімдерін киіп, жұпар иіс себініп, ең алдымен мешітке барады. Имамның уағызын тыңдап, жамағатпен айт намазын оқып, мұнан соң мұсылмандар бір-бірін айт мерекесімен құттықтайды. Осыдан кейін шамасы жеткен кісілер шын ықылас-пейілімен құрбандығын шалуға әрекет етеді.
Қазақ халқының шаңырағында жеті шелпек пен бауырсақ пісіріліп, мерекелік дастархан жайылады. Құрбан етінен ас әзірленіп, қонақтар шақырылады. Жиналған ағайындар өзара игі тілектерін айтып, ел-халыққа деген ақ баталарын жаудырады. Осындай ұлық мейрамға есен-сау жеткізген Аллаға сансыз шүкіршілік айтамыз. құрбан айт мейрамы құтты болсын! Құрбандықтарыңыз қабыл, ниеттеріңіз асыл болсын, қадірлі ағайын!
Болатбек қажы ӘБУОВ,
облыстың бас имамы





