Құрғаған ұлтан қараусыз қалмайды

809

0

Қыстың қытымыр аязы мен аптап ыстығында әрбір тал-дарақ пен аң-құстың амандығын сақтап, өз жеріндегі экологиялық ахуалды күзеткен орманшы еңбегін біріміз білсек, біріміз білмейміз. Табиғат сақшылары жылдан-жылға орман алқаптарын көбейте отырып, экологиялық тұрақтылыққа септесіп келеді. Табиғатты, байлық пен қорды сақтап жүрген олардың еңбегі көзге көрінбесе де, құрметтеуге әбден лайық.

Облыста мемлекеттік орман қоры саналатын жер 7 млн гектарды құрайды. Оның 3,8 млн гектары – орманды алқаптар. Осы алқаптың негізгі құрамын, яғни, 83 пайызын сексеуіл бұтасы құрайды. Ал аймақтағы табиғат байлығын қорғайтын 8 мекемеде 700-ге жуық қызметкер жұмыс істейді. Олардың міндеті – өңірдегі орман мен тоғайлы жерлердегі қорды мүмкіндігінше сақтау, пайдалану, өсіру.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021-2025 жылдары Арал теңізінің құрғаған ұлтанында 1,1 млн гектар сексеуіл екпелерін егуді ұлғайту жөнінде  тапсырмасы бар. Соған сәйкес екі жыл бұрын 101 мың гектар сексеуіл егіліп, 2022-2025 жылдар аралығында жыл сайын 250 мың гектар фитоорманмелиорациялық жұмыстар атқарылуда. Былтырғы меже – 250 гектар жер толығымен қамтылды.

Биыл да 250 мың гектар жерге фитоорманмелиорациялық жұмыстарды іске асыру жоспарланған. Бүгінде орман шаруашылығы мекемелерімен бірлесіп 53 мың гектар жерге сексеуіл көшеті егілуде. Бұдан бөлек, күзде 47 мың гектарға тұқым себіліп, 141 тоннадан астам галофитті жүзгін, қарабарақ, сарысазан бұталарының тұқымы жиналады. Сонымен қатар, уақытша орман тұқымбақтары ұйымдастырылуда. Оның көлемі – 168 гектар. Мұнда жерсіндірілген әртүрлі көшет өсіріледі. Айта кетейік, теңіздің құрғаған табанындағы 150 мың гектар жердің топырағын зерттеу, жобалау жұмыстарын жүргізу үшін облыстық бюджеттен 55,9 млн теңге бөлінген.

– Жалпы құрғаған теңіз ұлтаны қараусыз қалмайды. Ондағы тұз, құм көшкіндерін тоқтату, экологиялық ахуалды жақсартуда бүгінге дейін біраз жұмыс атқарылды. Аралдың деңгейі 1968-1990 жылдар аралығында негізгі жағалаудан 100-150 шақырымға дейін қайтқаны белгілі. Бұрынғы су жатқан ұлтан жалаңаштанып, тұзды шаң мен құм пайда болды. 1991 жылы «Арал консорциумы» деген үлкен бірлестік құрылып, құрғаған ұлтанды орманға айналдыруға өңірдегі орманшылар жұмылдырылған. Сонымен қатар «Қазақстан Республикасы аумағында ормандарды сақтау және молайту» бағдарламасына сәйкес Дүниежүзілік банктің қолдауымен 2008-2014 жылдар аралығында теңіз ұлтанына сексеуіл көшетін отырғызып қана қоймай, тұқымын себу жұмыстары жүргізілді. 2018-2020 жылдары Корея Республикасының орман қызметінің қолдауымен «Арал теңізінің құрғап қалған ұлтанында фитоорманмелиорациялық жұмыстар жүргізу» жобасы іске асып, 13 мың гектардан астам жерге сексеуіл көшеті отырғызылды, – дейді Арал орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің директоры Болат Бисенбаев.

Басшының айтуынша, орманшылардың еңбегіне тұрарлық әрі оларды қолдауда жақсы жаңалық жоқ емес. Екі жыл бұрын Арал мен Қазалы орманшыларына су жаңа техникалар берілген еді. Облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға 2 дана өрт сөндіру автокөлігі, 6 дана ХТЗ тракторы алынды. Ал былтыр орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жарақтандыру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, 5 трактор, 6 орман отырғызу агрегаты, 2 өрт сөндіру машинасы, 2 патрульдік автокөлігі беріліпті. Бұған қосымша бірнеше қажетті жабдықтар алынған. Ал орман өртін болдырмау, алдын алу үшін тиісті мекемелерде 11 өрт сөндіру көлігі мен 53 өрт сөндіруші қызмет атқарады. Жалпы 2022-2024 жылдары теңіз ұлтанында сексеуіл егуге қажетті техника мен құрал-жабдықтар сатып алуға облыстық бюджеттен жыл сайын қаражат бөлініп тұрмақ.

Сексеуілді көптеп отырғызғанмен, оның түбіне балта шауып, жеке бас пайдасына жаратып жүргендер жайлы айтпасқа болмас. Оның үстіне көмiрдiң жетiспеушiлiгi мен қымбаттауы ауылдағы ағайынға ауыр тиді. Сексеуiлдi отын ретiнде қолдана бастадық. Қазір оны ауыл іргесінен емге таппайсыз, 100-150 шақырым ұзап барып, кездестіруіңіз мүмкін. Мұнан бөлек, үлкен қалаларда кәуап пісіру орындары көптеп ашылып, сексеуiлге деген сұраныс барынша артқан. Міне, пайдаға құныққандар темір троспен сексеуілді түп-тамырымен қоса жұлып алатын болған. Бұл біздегі орман қорын азайтып тұр.

Мәселені шешу үшін орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығымен уран кен орындарын қазып шығаратын және мемлекеттік орман қорының құбыр желісі өтетін жерлерде жаппай кесуді қоспағанда, ағаш кесудің барлық түріне 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін тыйым салынды. Сонда да біздің аймақта сексеуіл шауып, заңсыз тасу әлі кездеседі. Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Айбек Жолақановтың айтуынша, жыл басынан бері сексеуілге зиян келтіру бойынша 1 дерек тіркеліпті. Бұған инспекция қызметкерлері хаттама толтырған. Жинақталған құжат сотқа жолданып, сексеуіл шапқан заң бұзушыға 241 мың 500 теңге айыппұл салынған. Заңсыз шабылғаннан бөлек, тасымалдау бойынша 9 іс тіркеліп, әкімшілік айыппұл салынған. Сондай-ақ шабылған және тасымалданған барлық сексеуіл мемлекет пайдасына тәркіленіпті.

Адамзат тарихындағы ең ірі экологиялық апат салдарынан жерді тұз басып, шөлейтті жер аумағының көлемі көбейіп, адамзат денсаулығына, жануарлар мен өсімдіктер дүниесінің көбейіп-өсуіне кері әсерін тигізіп отырғандығын жиі айтып келеміз. Аралдың тартылуы аймақтағы экологиялық жағдайды күрт нашарлатып жібергені баршаға аян. Теңіз табанынан ұшқан құмды дауыл тонналаған уытты тұз бен шаң-тозаңды ауаға таратып, барлық тіршілікке кері әсерін тигізді. Бір ғана мысал, суы құрғаған аймақтан ұшқан құмды дауылдың ұзындығы 400, көлденеңнен 40 шақырымды алады екен. Ал радиусі 300 шақырым. Бұл – тартылған теңіздің мәселесі жалғыз Қазақстан емес, бүкіл әлемге қауіп төндіруде деген сөз. Осының салдарынан жыл сайын 75 млн тоннаға дейін шаң мен улы тұзды жел көтеріп, оның өзі Еуропа мен Антарктидадан табылған.

Иә, мамандардың есебінше, теңіздің құрғаған ұлтаны 4,5 млн гектар. Осынша гектардың 2,2 миллионы Қазақстан аумағында деп көрсетілген. Аз жер емес. Құрғақ аймақтың тұз басып, шөлейт жер аумағын көбейткені былай тұрсын, ондағы тіршілік иелеріне жағымсыз әсері тіпті көп. Жануарлар мен өсімдіктердің көбеюіне қарсы мұндай факторларға бірден-бір амал – теңіз ұлтанына сексеуіл, сарысазан, қарабарақ сияқты галафитті өсімдіктерді егу екенін кейінгі 20-25 жылдың тәжірибесі дәлелдеп отыр.

Е.БЕКМЫРЗАҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<