Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ел дамуына елеулі еңбек сіңірген Қазалы ауданының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері Қасқырбай Әлімбайды 75 жасқа толған мерейтойымен құттықтады.
Аймақ басшысы ардагердің ерен еңбегі мен өнегелі өмір жолына тоқталып, алғыс білдірді.
– Мәнді де мағыналы, ғибратты ғұмыр кешіп, туған жерге адал қызмет еткен адамның абырой-беделі қашанда биік. Бұл орайда Қасқырбай Әлімбайұлының азаматтық тұлғасы бөлек тұрады. Сіздің туған жерге сіңірген еңбегіңізді ел біледі және мақтаныш етеді, ұрпаққа үлгі-өнеге саналады. Қажымай-талмай атқарған еңбегіңізге алғысымыз шексіз, – деді облыс әкімі.
Мерейтой иесіне Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды. Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов, ел ағалары Бекмырза Еламанов және Айтбай Көшербаев құттықтау сөз сөйледі.
Қасқырбай Әлімбайұлы 1948 жылы Қазалы ауданы, Бірлік елді мекенінде дүниеге келген. Еңбек жолын 1965 жылы Энгельс атындағы совхозда жұмысшы-механизатор болып бастаған.1975-1995 жылдары осы совхозда еңбекақы жөнінде экономист, «Қызылту» совхозының бас экономисі, Абай атындағы колхоз басқармасы төрағасының орынбасары, партия ұйымының хатшысы, Ү.Түктібаев атындағы кеңшар директоры, аудандық агроөнеркәсіп бірлестігінің төрағасы, Қазалы аудандық партия комитетінің екінші хатшысы, «Құмжиек» кеңшарының директоры қызметтерін атқарған. 1995 жылдан осы уақытқа дейін «Жалаңтөс батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, 2012 жылдан «Қазалы несие» басқарма төрағасы міндетін қоса атқарып келеді. ІV, V, VІ шақырылған Қазалы аудандық мәслихатының депутаты болды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<