Құрмет пен қызмет қатар жүруі тиіс

649

0

Облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысы өтті.  Жиынды облыс әкімі аппаратының басшысы, комиссия төрағасының орынбасары Шахмардан Байманов жүргізді.

− Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіздігіміздің басты құндылығы. Халқымыздың бірлігі мен тұтастығын, азаматтық бірегейлігін бейнелейтін символдар. Әрбір азамат Мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге, қадірлеуге міндетті. Жас буынға оның қадір-қасиетін түсіндіру, патриоттық тәрбие берудегі жұмыстардың басты бағыты болуы тиіс, − деп бастады сөзін Шахмардан Асқарұлы.

Мемлекеттiк рәміздерді насихаттауда,  пайдалану мен қолдану тәртібін қадағалауда комиссияның орны ерекше. Сондықтан комиссия отырыстарында берілген тапсырмалар тиісті деңгейде орындалып, айтылған сын-ескертпелерден нәтижелі қорытынды шығарылуы қажет. Күн тәртібінде төрт мәселе қаралды.

Облыстық инспекциялық топ ағымдағы жылдың 20 сәуір мен 18 мамыр аралығында аймақтағы 198 мемлекеттік мекемеге зерделеу жұмыстарын жүргізген. Зерделеу барысында Арал, Қазалы, Қармақшы, Шиелі, Жаңақорған аудандарында 18 мекемеде кемшіліктер анықталып,  3-і дер кезінде қалпына келтірілген. Басқосуда облыстық мәдениет және спорт басқармасына қарасты мекемелерде мемлекеттік рәміздердің пайдаланылуы мен насихатталу барысы туралы басқарма басшысы Руслан Рүстемов  хабарлама жасады.  Жалағаш  ауданының әкімі Асқарбек Есжанов пен Сырдария ауданы әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев бейнебайланыс арқылы баяндады. Атқарылған шаралар мен кеткен кемшілік сараланды. Рәміздер орналасқан аймақ тәуліктің қараңғы мезгілінде жарықтандырылмаған, басшысының кабинетінде Мемлекеттік Ту орналастырылмаған, Ту тұғырының түсі стандартқа сәйкес келмейді, тіпті кейбір мекемеде тиісті құжаттардың жоқтығы айтылды. Әсіресе ескертулерге қарамастан заң бұзушылықтың қайталануы сөз болды.

Облыстық қоғамдық даму басқармасы зерделеу жұмыстарын жүргізумен қатар, рәміздерді насихаттау мен құрметтеуге бағытталған іс-шараларға да тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. 1-4 маусым аралығында  Мемлекеттік рәміздер күні мен Мемлекеттік рәміздердің қабылданғанына 30 жыл толуына орай облыс бойынша барлығы 80-ге жуық түрлі форматтағы іс-шара ұйымдастырылған. Оған 55 мыңнан астам адам қамтылып, 16 мыңнан астам Мемлекеттік Ту пайдаланылған. Республикалық және жергілікті телеарналарда 22 сюжет, 38 материал жарияланып, 67 көрнекі үгіт-насихат құралдары орналастырылыпты.

Жиында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Мира Қазбекова мемлекеттік мекеме басшыларына ұсыныс айтты.

− Бірінші, қоғамның барлық салаларын қамти отырып, Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына арналған маңызды іс-шараларды жыл соңына дейін жоспарлау, сапалы ұйымдастыру қажет. Екінші, барлық деңгейдегі мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындарда, елді мекендерде, ірі сауда орталықтарында тақырыптық безендіру жұмыстарын жүргізуді жалғастырып, қажеттілігіне қарай жаңартқан жөн. Үшінші, мерейлі күн аясында қоғам тарапынан орынсыз сынға қалмай, әрбір бірінші басшы күнделікті өзіне қарасты мекемелердегі мемлекеттік рәміздердің жай-күйіне қадағалауды сұраймыз, − деді Мира Жомартқызы.

Шахмардан Байманов басшыларға бірнеше тапсырма беріп, мемлекеттік рәміздерге құрметпен қарауға шақырды.

− Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетуді барша азамат қасиетті борышы ретінде ұғынуы тиіс. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстарға аса мән беріңіздер. Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығы аясындағы іс-шаралардың мазмұны мен өткізілу форматтарын жаңа және жалпыхалықтық бағыттарда қарастырған жөн. Халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын бейнелейтін ерекше құнды белгілерді құрметтеуге, насихаттауға шақырамын. Мемлекеттік рәміздерге деген құрметіміз шексіз, қолданылуы да дұрыс болсын! − деп  жиынды қорытындылады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<