Жақында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен аймақтың 140 ардагері еліміздің төрт шипажайына барып, демалып, ем алып қайтты.
Сауықтыру және денсаулықты қалпына келтіру медицинадағы ең маңызды бағыттарының бірі саналады. Сырқатты емдегеннен гөрі алдын алған жеңіл. Осындай жүйелі істерге дәнекер болғаны, қарттарға ұдайы көңіл бөліп отырғаны үшін шипажайда демалған ардагерлер аймақ басшысына шын көңілден ризашылық білдірді. Сондай-ақ бұл жұмысты жүйелі түрде ұйымдастыра білген облыстық ардагерлер кеңесі мен қызметкерлеріне де алғыстарын жеткізді.
«Манкент» шипажайында Қызылорда қаласының 20 ардагері ем алды. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шахизат Төребаевтың айтуынша, емдеудің минералдық және басқа да алуан түрлері ұсынылыпты. Шипажайда жоғары дәрежелі мамандар, яғни өз кәсібінің нағыз шеберлері еңбек етеді. Ас мәзірінің ұсынылуы да жаңаша, яғни бір күн бұрын қандай асты қалайсыз, тапсырыс беруге мүмкіндігіңіз бар. Табиғаты тамаша жерде орналасқандықтан тек қазақстандықтар ғана емес, алыс-жақын шет мемлекеттердің де азаматтары ем алып жүр.
Ардагерлерге кешкілік концерттер ұйымдастырылып тұрды. Бір мезгілде 780 кісі ауқаттанған қос залдағы емделушілерге батагөй ақсақал Келдібай Бектұрғанов ақ батасын берді.
«Меркі» шипажайында Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандарынан 38 еңбек ардагері демалып, тынықты.
– Маған аяқ-қолға берілетін арнаулы ванналар, су бүріккіштің бірнеше түрі, сумен жасалатын массаж ерекше әсер етті – дейді жаңақорғандық денсаулық сақтау саласының ардагері, бастауыш ардагерлер ұйымының төрайымы Фатима Момбекова.
Шиелі ауданынан барған, ардагер-кітапханашы, облыстық «Ардагерлер әуені» байқауының жүлдегері Рахия Қожахметова мен Сырдария ауданының тұрғыны, тұрмыстық қызмет көрсету комбинатының ардагері Зейнегүл Таңатқызының емдеу шараларына риза екені байқалады.
Ардагерлер шырқаған әндерге басқа демалушылар риза болды. Әсіресе, Шиелі ауданының Құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, әнші-композитор Өркен Ысмайыловтың өнеріне ризашылықпен қол соқты.
Облыс орталығынан 200 шақырым жердегі «Жаңақорған» шипажайы дүниежүзіне мәлім десек артық болмас. Оның балшығының қасиеті ертеден мәлім болыпты. 1905 жылдары Ресей патшалығы «Орынбор-Ташкент» теміржолын салу кезінде орыс инженерлері науқастанған жұмысшыларға балшықты ем пайдаланған екен.
Шипажайда Арал ауданынан 14, Қазалы ауданынан 14, Қармақшы ауданы мен Байқоңыр қаласынан 14, Жалағаш ауданынан 10, барлығы 52 ардагер демалды.
Кей өңір көмірімен, кейбірі мұнайымен, тағы бірі алтынымен мақтанады. Ал сарыағаштықтар шипалы суын жер-көкке сыйғызбайды. Сан ғасырлар бойы сақталып келе жатқан бұл емдік судың қасиеті оның жұмсақтығында. Сарағаш шипалы суының емдік қасиеті қазіргі күні халықтың қуанышына себепкер болып жүр.
Осындай қасиеті бар шипажайға 32 қызылордалық ардагер демалып қайтты. «Ақжарма» ауылдық округінен келген, кезінде машина сынау стансасында жұмыс атқарған Рысбек Өтегенов «ең пайдалы демалыс әрі емдеу орны екен» дейді.
Қорыта келгенде, Сыр ардагерлері сапарға разы. Қаржылай көмек көрсетіп қолдаған азаматтарға ақ пейілмен алғыс айтуда.
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<