Құрметке бөленген күн

490

0

А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті.

Іс-шараға ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті Спорт департаментінің директоры Елсияр Қанағатов, облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова мен еліміздің көк байрағын әлемдік ареналарда желбіретіп жүрген сырбойылық спортшылар, бапкерлер және спорт ардагерлері қатысты.

– Спорт – мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын көрсеткіш. Бұл тұрғыда Сыр спортшылары біраз белесті бағындырды. Жақында Қытайдың Гуанчжоу қаласында өтетін жазғы Азия ойындарына облыстан 22 спортшы қатысқалы отыр. Бұл – бір ғана мысал. Қазір облысымызда спортқа барынша қолдау жасалуда. Жыл басында мәдениет және спорт басқармасының бюджеті 22 млрд теңге болса, қазір бекітілген бюджет барысында 25 млрд теңгеге жуықтады. Мұндағы мақсат – спорт саласының материалдық-техникалық базасын жақсарту, жаңарту. Оның үстіне Мемлекет басшысының тапсырмасымен бұқаралық спортты дамыту жолға қойылды. Облыста 316 мың адам бұқаралық спортқа тартылған. Оның барлығы «Ауыл – ел бесігі» жобасымен және демеушілердің көмегімен салынып жатқан спорт-сауықтыру кешендерінің арқасында. Өңірде биылдың өзінде 13 спорт-сауықтыру кешенін салу жоспарланса, бүгінге дейін оның жетеуі пайдалануға берілді. Сонымен қатар Премьер-министр Әлихан Смайыловтың Қызылорда облысына іссапары кезінде 300 орындық көпсалалы республикалық спорт кешенін салу туралы шешім қабылданды. Мұның өзі – Сыр халқы мен спортшыларымыз үшін үлкен қуаныш. Тағы бір айта кететін жайт, облыс әкімінің бастамасымен «Қайсар» футбол клубының 7 мың  адамдық жаңа стадионы салынбақ. Осындай қолдаудың нәтижесінде Сыр спорты әлде де биікке өрлейді деп ойлаймын, – деді басқарма басшысы.

Салтанатты жиында Е.Қанағатов комитеттің өңірлерді аралаудағы мақсаты даңқты ардагер, спортшы, жаттықтырушылар мен спортқа қол ұшын созып жүрген азаматтарды марапаттау, еңбегін бағалау, мерейін өсіру деп түсіндірді. Сондай-ақ Сыр спортына еңбегі сіңген ардагерлерге алғысын білдірді.

– 30 жыл бұрын ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті Халықаралық Олимпиадалық комитеттің мойындауына ие болған еді. Осы жылдар аралығында орасан зор жұмыс атқарылып, көптеген жетістік пен жеңіске жеттік, талай жеңіліспен бетпе-бет келдік. Сыр бойынан Олимпиада ойындары мен әлемдік жарыстарда оқ бойы оза шауып, еліміздің абыройын асқақтатып жүрген спортшылар шыққаны барлығымызға белгілі. Сондай-ақ аймақта күрес, бокс, ауыр атлетика сияқты спорт түрлері қарқынды дамығанын да айта кету керек. Өңірдің болашағы зор және ертеңіне үлкен үміт артар спортшылар әлі де шығады деген үміттемін. Ал осы 30 жыл шеңберіндегі елеулі еңбектеріңіз үшін барлығыңызға алғыс айтамын, – деді ол.

Шара барысында спорт саласына еңбегі сіңген бірқатар ардагерлер мен қызметкерлер марапат төрінен көрінді. Атап айтсақ, Садық Мұстафа, Вячеслав Ким, Николай Некрасов, Аманжол Сұлтанұлы, Әбутәліп Аманов, Ғалымжан Байғұндиев, Велорий Пак, Виктор Юн «Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетіне 30 жыл» мерекелік медалімен марапатталды. Ал Абылай Жалдыбаев, Юрий Ким, Қуанған Бәкен, Құрманғали Боханов, Жұмабек Құлбаев және тағы да басқа Сыр спортының дамуына үлес қосқан тұлғалар ҚР ҰОК Алғыс хатын иеленді.

Жиынды Елсияр Қанағатов қорытындылап, 2024 жылы Францияның астанасы Парижде өтетін Олимпиадада Сыр спортшыларына сәттілік тіледі.

Еске сала кетейік, ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитеті Қазақстандағы Олимпиадалық қозғалыстың 30 жылдығына орай іс-шаралар циклін өткізуде. Бірқатар маңызды шаралар республиканың түкпір-түкпірінде 30 күн бойы өтіп, Астанада ҰОК мерейтойлық сессиясымен аяқталады.

Бүгінде әр спорт түрі бойынша жасақталған Ұлттық құрама командалардың үздік спортшылары 7 жазғы және 8 қысқы олимпиада ойындарына қатысып, барлығы 79 медаль жеңіп алды. Төл тарихымызға Олимп шыңын бағындырған 15 чемпионның аты алтын әріппен жазылды.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<