Құрылтай: бастамалар жоспарға енгізілді

381

0

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың IV отырысында көтерген бастамаларды жүзеге асыру туралы жоспарға қол қойды. 53 тармақтан тұратын бұл құжатты Президент Әкімшілігі Үкіметпен бірлесіп әзірледі. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газеті хабарлады.

Жоспарда Президенттің гуманитарлық және әлеуметтік-экономикалық салалардағы тапсырмаларын орындауға қатысты нақты қадамдар көзделген.

Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Прези­денттің гуманитарлық бастамаларын жүзеге асыру үшін атқарылатын жобаларды атап көрсетті. Олар:

«Қазақстан балалары» бірыңғай бағдар­ламасын әзірлеу;

Ішкі саясат тұжырымдамасын әзірлеу және бекіту;

Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2026-2028 жылдарға арнал­ған жаңа кешенді жоспарын қабылдау,

Ұлттық цифрлық архив құру;

бизнес өкілдерін тарта отырып аймақ­тарда театрларды салу және дамыту, сондай-ақ ұлттық театрларға қолдау көрсету;

Шетелде Абай институтын ашу;

Халықаралық биологиялық әралуан­дықты қорғау қорын құру қарастырылған.

Ал әлеуметтік-экономикалық жобалар­дың ішінен мыналарды атап өтуге болады:

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруды жалғастыру, үш жылда 1300 мектепті жаңғырту;

ерекше қажеттілігі бар адамдарға арнал­ған заманауи оңалту орталықтарын ашу, әрбір облыс орталығында ерекше қажеттілігі бар балаларды оңалту және дамыту орта­лықтарын құру;

Өңірлерді дамыту тұжырымдамасына қатысты тың тәсілдерді енгізу;

2025-2026 жылдары ірі инфра­құры­лымдық жобаларды жүзеге асыру, соның ішінде Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолын салу және жаңғырту, Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіру және жаңа аэровокзал кешенін салу;

алдағы төрт жыл ішінде елімізде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жобаны іске қосу.

Сонымен қатар шекара маңындағы аудандарды дамыту, ғылым қалашықтарын құру, ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау, үкіметтік емес ұйымдар және мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс туралы жеке заңдар қабылданады.

«Жалпы Президенттің Ұлттық құрыл­тайдың IV отырысында көтерген бас­та­малары мен берген тапсырмалары мем­лекеттік органдар үшін де, бүкіл қоғам үшін де еліміздің ұзақ мерзімге арналған даму бағдарын айқындайды» дейді Е.Қарин.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<