Сейсенбіде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келді.
Алдымен вице-министр облыс орталығындағы СПМК-70 шағын ауданындағы және Сырдария өзенінің сол жағалауындағы көпқабатты кредиттік тұрғын үйлердің құрылыс барысымен танысты. Сондай-ақ, жаңа тұрғын үй аумақтарындағы автономды қазандық және тұрғын үйлерді модернизациялау жұмысын да көрді.
Одан кейін вице-министр «Достық үйінде» облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов және салалық басқармалар басшыларының қатысуымен жергілікті мамандармен және тұрғындармен жүздесті. Онда өңірдің көрсеткіштері мен проблемалық мәселелері талқыланды. Тұрғын үйді іске қосу бойынша жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізуге, тұрғын үй саясатын іске асыруға, тиімді қала құрылысын жоспарлауға және автоматтандырылған ақпараттық жүйелерде құжаттаманы орталықтандырып жүргізуге бағытталған ұсыныс-пікірге назар аударылды.
– Сапар барысында облыстағы құрылыс нысандары мен жылу-электр орталықтарының жұмысымен танысуға мүмкіндік туды. Кейінгі уақытта елімізде жылу мәселесіне байланысты проблемалар бар. Қызылорда облысында жылу желілерінің тозу деңгейі 47 пайызды құрайды. Бұл аса төмен емес. Ол күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Өңірде барлық көрсеткіш бойынша ілгерілеу бар. Жұртшылықпен жүздесу барысында облыстағы тұрғын үй құрылысы, құрылыс және аталған саладағы баға бойынша мәселелер көтерілді. Біз өз тарапымыздан қолданыстағы заңға қандай өзгерістер енгізіліп жатқаны, жоспарланған іс-шаралар жөнінде қысқаша баяндадық. Құрылыс саласында кадр мәселесі, деңгейі, жалақысына байланысты көптеген өзгерістер бар. Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш мәрте Қызылордада жылу-электр орталығы бой көтермек. Бұған байланысты инвестор тартылып, тиісті қаражат қарастырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2025 жылға дейін жолдың сапасын көтеру бойынша нақты іс-шаралар қолға алынады. Қазір республикалық деңгейдегі жолдардың сапасын жоғары деңгейде деп бағалай аламыз. Облыстық маңыздағы жолдың сапасына қатысты жұмыстар жүргізілуде, – деді Е.Дауылбаев журналистермен өткен брифингте.
Сапар барысында халықпен кездесу ұйымдастырылып, қатысушыларға құрылыс және ТКШ салаларында жүргізіліп жатқан реформалары туралы айтылды. Бұған қоса, қолданыстағы және жоспарланып отырған ынталандыру және қолдау тетіктері түсіндірілді.
Мұнан соң, вице-министр азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдап, ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





