Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен аудандағы құрылыс саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер жөнінде мәжіліс өтті.
Жиында аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Нұрбек Күзембаев аудан көлемінде жүргізіліп жатқан және алдағы уақытта жоспарланған құрылыс жұмыстары жөнінде баяндама жасады.
Баяндамашыдан кейін аудан әкімі аудандағы құрылысы жүріп жатқан әрбір нысанның сапалы әрі өз мерзімінде аяқталуы қажет екендігін атап өтті. Бұған байланысты тиісті бөлім басшысымен әрбір кент, қала және ауыл әкімдері өз аймақтарында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын ұдайы бақылауда ұстап, ешқандай кемшілік орын алмау қажеттігін ескертті.
Сондай-ақ тиісті сала басшыларына ауданның сәулеттік келбетін жақсарту мәселесі, құрылыстық регламент талаптарының сақталуы, қызыл сызықты бұзу, рұқсатсыз құрылыстар салу сынды заң бұзушылық фактілерін анықтау мақсатындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Ал Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы және ауылдық округтерде құрылыс жұмыстарын жүргізуде сәулеттік келбетті, абаттандыруды бұзған жеке және заңды тұлғаларға тиісті шара көру жұмыстарын жүргізу жөнінде тапсырмалар берілді. Сонымен қатар құрылыс жұмыстарын жүргізуге табысталып, игерілмеген жер учаскелерін қайтару бойынша да шаралар қабылдау керектігін айтты.
Аудан басшысы жиын соңында жауапты орынбасарына ауданда әрбір жүргізіліп жатқан құрылыс нысандарының сапалы аяқталуы мен мәжілісте берілген тапсырмалардың орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<