Облыста 2022 жылдың 12 айында құрылыс жұмыстарының көлемі 116,6 пайызға, ал тұрғын үйді пайдалануға беру көрсеткіші 103,3 пайызға өсті.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық құрылыс сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев айтты.
– Жыл басынан бері облыста 115 нысанның құрылысы жүргізіліп, бюджеттен 24,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде білім саласында 12 нысан, медицина саласы бойынша 6 нысан, мәдениет және спорт саласында 25 нысан, тұрғын үй құрылысы бойынша 1422 пәтерді құрайтын 32 тұрғын үй және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тарту бойынша 38 жоба қаржыландырылды, – деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, алдағы жылда құрылыс жұмыстарының көлемі ауқымды. Осы орайда әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылысына мемлекеттік бюджеттен 44,5 млрд теңге бөлінген. Басқарма басшысының айтуынша бұл қаржыға 135 нысанның құрылысы жүргізіледі.
Сондай-ақ, биыл 10 мектептің құрылысы басталады. Бүгінде барлығының жері рәсімделіп, сметалық құжаттары дайындалып, бюджеттен қаржы бөлінді. Онан бөлек денсаулық сақтау саласы бойынша 16 дәрігерлік амбулатория, сол жағалауда онкологиялық орталық және Сексеуіл кентінде 40 төсектік аурухана нысандарын салу жоспары бар.
– Мұнан өзге, инженерлік- коммуникациялық инфрақұрылым тарту бойынша 46 жобаны іске асыруға 4,9 млрд теңге қаралды. Сонымен қатар республикалық бюджеттен қаржыландыруды талап ететін 64 жоба дайын тұр. Айта кететін тағы бір жайт, аймақ басшысының қолдауымен өңірімізде заманауи үлгідегі жаңа әлеуметтік нысандар салу бастамасы сәтті іске асуда. Сондай бастамалардың бірі Бейбарыс сұлтан көшесінің бойындағы «Неке сарайының» құрылысы басталып, келер жылы ел игілігіне берілетін болады, – деді Е.Төрәлиев.
Ал тұрғын үй құрылысы бойынша бюджеттен бөлінген 2,7 млрд теңгеге, 23 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Оның ішінде сатып алу құқығынсыз жалға берілетін 462 пәтерлі 12 тұрғын үй салынса, кредиттік бағытта 520 пәтерді құрайтын 11 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары жүзеге асады. Сонымен бірге басқарма басшысы бюджет есебінен алғаш рет сол жағалауда 84 пәтерлі 7 қабатты 6 тұрғын үй құрылысын салу жоспарда бар екенін айтты.
Аружан ЕРАЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<