Сыр бойында сәні мен сәулеті жарасқан құрылыс нысандары жыл өткен сайын артып келеді. Бұл оған бөлінетін қаржы көлеміне тікелей байланысты екені сөзсіз. Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев былтыр салаға 2022 жылмен салыстырғанда 5 есе артық қаржы салынып, бұған дейін болмаған көрсеткішке, яғни 128 млрд 500 млн теңгеге жеткенін айтып отыр.
– Бүгінгі күні өңіріміздің құрылыс саласы Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше қолдауының арқасында қарқынды дамып, оң нәтижелерге қол жеткіздік. 2024 жылы облыс бойынша рекордтық 291 млрд теңге есебінен құрылыс жүргізіліп, алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 153,8 пайызға артығымен орындалды, республика бойынша Қызылорда бірінші орынға шықты. Жоғарыда атап өткен 128 млрд 500 млн теңгеге 197 нысанның құрылысы қарқынды жүргізілді, – дейді басқарма басшысы.
Білім саласы бойынша Сыр өңірінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде Ұлттық қордан 21 млрд 300 млн теңгеге 10 мектеп салу жоспарланған. Елімізде алғашқылардың бірі болып былтыр күзде облыс орталығында 900 оқушыға арналған, ал жыл басында қаланың КБИ шағын ауданында 600 орындық «Жайлы мектеп» ашылды. Бүгінгі күні 4 мектептің құрылысы аяқталса, қалған 5 мектеп жыл соңына қарай салынып бітеді деген жоспар бар. Барлығы инфрақұрылыммен қамтылып, абаттандырылған. Сонымен қатар 4 мектеп және мектепке қосымша 5 құрылыс салынды.
– Құны 8 млрд 400 млн теңге болатын дарынды балаларға арналған 400 орындық физика-математика мектеп-интернаты салынып жатыр. Балалар мен жасөспірімдердің шығармашылығын шыңдау мақсатында 2 млрд 500 млн теңгеге Қызылорда қаласындағы «Оқушылар сарайы» ел игілігіне табысталса, құны 11 млрд теңге «Шығармашылық академиясының», құны 4 млрд 200 млн теңге музыкалық коллеждің құрылыстары қарқынды жүруде, – дейді Ерлан Төрәлиев.
Медицина, спорт, өнер және мәдениет, тұрғын үй салаларында да тындырымды тірлік аз емес. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2023 жылдан бастап «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы жүзеге асырылып келеді. Ондағы мақсат – ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсете отырып, дені сау ұлт қалыптастыру. Ұлттық жоба аясында 9 амбулатория мен 2 фельдшерлік-акушерлік бекет қамтылған. Сондай-ақ Қызылорда қаласында бір ауысымда 100 адамды қабылдай алатын, емханасы мен онкологиялық бөлімшесі бар 300 орынды көпбейінді аурухана құрылысы жүргізілуде.
– Аймақ басшысының бастамасымен биыл Сыр өңірінде «Руханият жылы» жарияланып, барлық ауданда «Руханият орталықтары» салынып, 2-уі ел игілігіне табысталды. Спорт саласында облыс орталығында халықаралық стандарттарға сәйкес 11 мың орындық орталық стадион, жабық бассейні бар көпсалалы денешынықтыру-сауықтыру кешені салынуда. Жақын арада «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы басталады, – дейді басқарма басшысы.
2022-2023 жылдары 4 мыңға жуық пәтер табысталып, 17 мың тұрғынның баспана мәселесі шешімін тапты. Халықтың әлеуметтік осал топтарына тұрғын үй сатып алуда облыс республикада екінші орында тұр.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





