Құрылыстағы өткір мәселелер қатаң бақылауда

622

0

Облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетовтің төрағалығымен өткен жиында аймақтағы проблемалық құрылыс нысандарының жағдайы қаралып, оларды шешу жолдары талқыланды.

Мәжіліске қатысқан ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша хабарлама жасады.

М.Жайымбетов өңір басшысының тапсырмасы негізінде әрбір нысанның сапалы әрі мерзімінде аяқталуына назар қойды. Биыл Қызылорда облысында әлеуметтік сала, жылу-энергетикалық кешеннің, газдандыру объектілерінің, тұрғын үйлердің, автомобиль жолдарының құрылысына мемлекеттік бюджеттен 45,1 млрд теңге бөлінген.

Оның ішінде әлеуметтік объектілер мен тұрғын үйлерге 16,6 млрд теңге, энергетика мен комуналдық салаға 10,2 млрд теңге, жолдарға 18,3 млрд теңге жұмсалмақ. Аталған қаражат аясында 9 мектеп, 2 балабақша, 6 денсаулық сақтау нысаны, 8 мәдениет нысаны, 13 спорт нысаны, 22 тұрғын үй құрылысы салынуда.  14 елді мекенге газ, 12 елді мекенге ауызсу, 2 елді мекенге электр жүйелері тартылуда және ұзындығы 350 шақырым болатын автомобиль жолдары жөнделуде.

Қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде, жыл соңына дейін 30 әлеуметтік нысанды, 22 тұрғын үйді, ұзындығы 200 шақырымнан астам автомобиль жолдарын пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Жиында аудан әкімдері мен жауапты басқарма басшылары құрылыс жобаларына қатысты проблемалық мәселелерді тілге тиек етіп, атқарылатын жұмыстарды баяндады.

Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары проблемалық 9 нысанның құрылысын жалғастырып, аяқтау мақсатында нақты тапсырмалар берді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<