Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев Әйтеке би кентіндегі бірқатар құрылыс нысандарын аралап шықты. Алдымен 5 квартал аймағындағы 210 гектар жердегі инфрақұрылым жобаларымен танысты. Бұл маңдағы тұрғын үйлерді төмен қысымды газ және электр желісімен жабдықтау жұмыстары биыл аяқталмақшы. Жоба бойынша 137 тұрғын үй электр желісімен, 450-ге жуық тұрғын үй газбен қамтылады. Аталған жұмыстарды «Ремстрой» ЖШС жүргізіп жатыр.
Мұнан соң аудан басшысы Достық көшесінде салынып жатқан 250 орындық мектептің құрылыс алаңына барды. Мектеп ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын. Жаңа оқу жылында пайдалануға беріледі деп күтілуде.
«Водокачка» елді мекеніне барар жолда және Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығында жаңа арендалық үйлер орналасатын жер де назардан тыс қалмады. Нақты кезеңде Қазалы ауданы бойынша тұрғын үйге мұқтаж 1879 азамат кезекке тіркелген. Соның ішінде халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары үшін тұрғынжай сатып алуға жоба әзірленіп, республикалық бюджет қаржысы есебінен қаржыландыруға ұсынылды.
Әлеуеті дамыған елдердің «байығың келсе, жол сал» деген ұстанымы бекер емес. Биыл аудан орталығы Әйтеке би кентіндегі 37 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Аудан әкімі 5 квартал аймағындағы қиыршық тас төселетін көшелерді, Т.Әубәкіров көшесіне асфальт төсеу жұмыстарын бақылады.
Т.Әубәкіров көшесін орташа жөндеуге биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 32,4 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда «Нұрас и К» ЖШС негізгі қабатын тегістеп жатыр.
Сондай-ақ, Ғ.Мұратбаев ауылына кіреберіс автомобиль жолын орташа жөндеу жұмыстары басталды. Бұл үшін «Көлік инфрақұрылымын дамыту» бағдарламасы аясында 131,1 млн теңге бөлінген.
Аудандық маңыздағы жолдарды жөндеу жұмыстарын қолға алған мердігер компания сапаның бекітілген стандартқа сай болуын қадағалауы тиіс. Бүгінде «Строймодуль Астана» ЖШС жолдың бұзылған учаскелерін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде.
Агроөнеркәсіп кешенін тұрақты дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – бүгінгі күннің өзекті мәселенің бірі. Бұл бағытта Қазалы ауданында атқарылған істер баршылық. Көктемнің әр күнін жылға азық санайтын дала еңбеккерлері шуақты сәтті қалт жібермеуге тырысуда. Ауыл арасындағы қарбалас қимыл соны аңғартады. Аудан әкімі егістікті аралап, Бекарыстан би ауылындағы «Сақыбай» каналын механикалық тазалау жұмыстарымен танысты. Бұл егістік және жайылымдық жерлерді ағын сумен қамтамасыз ету үшін тиімді. Сонымен қатар, Майдакөл ауылдық округіндегі жайылымдық және шабындық жерлерді ағын сумен қамтамасыз етіп отырған «Қараарық» каналында болып, мұндағы ағайынның жұмысына сәттілік тіледі. Келесі нысан – «РЗА-Агро» ЖШС-ның егістігінде 600 гектар ескі жоңышқа тырмаланып, 120 гектар жаңа жоңышқа егілген.
Бұл аудан көлемінде атқарылып жатқан көктемгі дала жұмыстары күн тәртібінен түспей, бақылауда болатынын көрсетеді.
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<