Бүгінде патогенді құс тұмауының таралуы елді алаңдатып тұр. Қыркүйектің 17-сінде Солтүстік Қазақстаннан шыққан індет Ақмола, Қостанай және Павлодар облыстарына тарады. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, бұл қатарға Қарағанды облысы да енді. Солтүстіктегі ауру оңтүстік халқын да етек-жеңін жиюға міндеттейді. Вирустың тасымалдаушысы жыл құстары екенін ескерсек, қауіп жоқ деп кесіп айтуға келмей тұр.
Бұл жағдайға облыстың ветеринария саласы мониторинг жасап, аймақтағы құс асыраушыларға түсіндірме жұмыстарын жүргізе бастады. Сақтық шараларының алғышарты – үй құстарын жабайы құстармен байланыстырмау. Айта кетейік, облыста 124 800 бас үй құсы болса, жабайы құстың саны жобамен 702 600-ге жеткен. Әрине, жабайы құстар саны өзгеріп тұратыны анық. Облыстық ветеринария басқармасының басшысы Ерсұлтан Апетов өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте қауіп жоқ деп тоқмейілсуге болмайтынын айтты.
– Біздің өңірде патогенді құс тұмауы тіркелген жоқ. Жыл құстары мезгілге қарай ұшып келеді, кетеді. Әсіресе, өзен, көл сулы аймақта орналасқан елді мекендерде жабайы құстардан сақтану шараларын түсіндірудеміз. Оларды үй құстарымен байланыста болдырмау қажет. Барынша сыртқа ұшырмай, жем беріп өз аулаларында ұстау маңызды. Бізде эпизоотиялық ошақ пайда болған жоқ. Егер пайда болған жағдайда өтемақысы республикалық бюджеттен төленеді. Бірақ сараптама қорытындысы негізінде, – деді Е.Апетов.
Облыста 17 мың құсқа арналған 1 құс фермасы, 3 құс өсіретін шаруашылық жұмыс істейді. Бүгінде өңірде облыс орталығы мен аудандардағы ветеринариялық ұйымдар үй құстарын асырайтын жеке және заңды тұлғалармен кездесулер өткізіп, аурудың алдын алу шараларын түсіндіруде.
– Патогенді құс тұмауынан қазіргі уақытта бізге қауіп жоқ. Десе де, ауру айтып келмейтінін ескеру керек. Негізгі қауіп – жыл құстары. Карантинге жабылған өңірлерден құстар ұшып келіп жатса, солар вирусты тасымалдаушы. Сондықтан, үй құстарын жабайы құстармен байланыстырмау керек. Бастысы – қауіпсіздік. Сақтық шараларын назарға алып, жергілікті ветеринарлардың түсіндірме жұмыстарына құлақ ассақ, жұмыс жүйелі болмақ, – деді басқарма басшысы.
Қазіргі таңда облыс көлемінде үй және жабайы құстар арасында эпизоотиялық ахуал тұрақты. Бұл шаралар қатаң бақылауда. Жыл басынан бері 423 бас құс осы ауруға тексерілген, ауру табылмаған.
Дәулет Қырдан,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<