Бұдан біршама уақыт бұрын Қызылорда қаласының сол жағалауынан бірнеше әлеуметтік нысан ашылып, ел игілігіне берілген болатын. Солардың бірі – «Оқушылар сарайы». Онда балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мен жан-жақты дамыту көзделген. Мекеменің жұмысын көру мақсатында ат басын сонда бұрған едік. «Ондағы үйірмелерге оқушылар қаншалықты тартылып жатыр? Арнайы кабинеттер заман талабына сай жабдықталған ба? Кадр мәселесі оң шешімін тапқан ба?» деген сауалдарға жауап іздеп көрдік. «Оқушылар сарайы» директорының міндетін атқарушы Мағжан Қаракөз атқарып жатқан жұмыстар жайында баяндап, алдағы ауқымды істерге кеңінен тоқталып өтті.
Ғимарат заман талабына сай. Іші кең, жылы әрі таза. Әр үйірмеге арналған кабинеттер соңғы үлгідегі технологиялармен жабдықталған. Заманауи, көпфункционалды кешен ішінде техноорталық, бағдарламалау, робототехника және өнеркәсіптік дизайн сыныптары, экологиялық зертхана, жылыжай, телестудия, вокал, музыкалық аспаптар және хореография, акт залы бар. Баласын жетектеген ата-аналар көптеп келуде. Бірі баласын әкелсе, енді бірі үйірме жайлы мамандар кеңесін алуда.
Біз кабинеттерге жеке-жеке кіріп шықтық. Алдымен би үйірмесінен бастадық. Әсел Ыдырысова – үйірме жетекшісі. Бұл салада еңбек еткеніне 20 жыл болған. Жоғары санатты педагог. Білікті маманның шәкірттері халықаралық, республикалық, облыстық байқауларда топ жарған. Талантты оқушылары жоғары білім алып, бүгінде қызмет етіп жүр. Биге қызығатын бүлдіршіндер көп екен. Айна алдында кезекті жаттығуларын жасап, тәлімгерінің айтқанына мән беріп, қимылын қайталауда.
– Мұнда келгенге дейін де балаларды биге баулумен айналыстым. Үйірмеге 5-17 жас аралығындағылар қабылданады. Қазір топқа 80 бала жиналды. Бұрын биге барғандары да, жаңадан бастап жатқандары да бар. Аптасына екі рет екі сағаттан дайындаламыз. Оқушыларым өте талантты. Жарыстарға қатысып жүр. Сонымен бірге облыстағы іс-шараларға да белсене араласамыз, – дейді ол.
Бос уақытында үйірмеге келетін Инабат Жұманазар 11 жаста, биге ебі бар, төселіп қалыпты. Кезекті қойылымға дайындалып, машықтанып жатыр. Өзінің қызығушылығы жоғары екен. Ұстазы да келешегінен зор үміт күтетінін жеткізді.
Мұнан кейін робототехника үйірмесінің жұмысымен таныстық. Жетекшісі Бейбарыс Раушанбек 2015 жылдан бері тәжірбие жинап, шыңдалып келеді. Бүгінде жастарды осы бағытқа бейімдеп, тың жобаларды бірге жүзеге асыруда. Кабинетте барлық жағдай жасалып, соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған. Оқушылардың идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік мол.
– Үйірмеге жазылып жатқан бала көп, қызығушылығы жоғары. 5-11 сынып арасындағы балаларды қабылдаудамыз. Бұрыннан осы үйірмеге қатысқан оқушылар да келеді. Аптасына екі рет 4 топпен жұмыс істеймін. Мұнда кезең-кезең бойынша дайындалады. Енді бастаушылар лего құрастырады. Шәкірттерім көбіне инженерлік, физика-математикалық бағытта жоба жасауда. Тағы бір ерекшелік, оқушылар жоба жасап ғана қоймай, түсіндіруге, ойын жеткізуге де дағдыланады. Мұндағы «Скорпион», «Электронды сағат» жобасын оқушылар жасап шықты. Тың жоба республикалық, облыстық жарыстарда топ жарды. Енді көктемде болатын сайысқа дайындалып жатырмыз, – дейді ол.
Бізбен әңгімесінде Мағжан Қанатұлы қазір 20-дан астам үйірме барын, онда 300 бала шыңдалып жатқанын жеткізді.
– Мұнда жаратылыстану, ақпараттық-техникалық және көркем-эстетикалық бағытта оқушылар дайындалады.
Ата-аналардан әлеуметтік-педагогикалық бағыттағы үйірмелер ашу жайында ұсыныс түсіп жатыр. Педагогикалық консилиум жасап, мәселені қарастырамыз. Қазір мұнда 40-тан аса маман жұмыс істейді. Білікті мамандар, еңбек жолын енді бастағандар да бар. Жастарды кәсіби тұрғыдан шыңдау мақсатында да жұмыстар атқарылуда. Алда жоспар көп. Жалпы, қосымша білім беру орталығы – оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік беретін, бойындағы талантын ашып, ұштауға жәрдемдесетін бірден-бір мекеме. Сондықтан ата-аналардың қызығушылығы жоғары. Өңірдегі жоғары оқу орындарымен, қоғамдық ұйымдармен де бірлесіп жұмыс атқару үшін тиісті шаралар жасалып жатыр, – деді ол.
«Оқушылар сарайы» 350 балаға арналған. Ғимаратта 150 орындық акт залы бар. Онда түрлі іс-шаралар өтіп тұрады. Жанынан жылыжай ашылған. Қазір онда қияр өсіп тұр. Жылына үш рет өнім береді. Бұл оқушыларды еңбекке баулу мақсатында ұйымдастырылған.
Заман талабына сай бой көтерген «Оқушылар сарайынан» әлі талай талант шығатынына сенім мол.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<