Құт – қойдың құлағында

2786

0

Ертеде Сырлыбек деген кісінің үйіне қонақ түседі. Ол ит-құстың тілін біледі екен. Қонақ үйде отырып сырттан ұлыған қасқырдың даусын естиді. Оған ит арпылдап үреді.
Қасқыр:– Әй, ит екеш, інім. Әлімсақтан екеуміз туыс едік. Алла менің жеті несібемді желден, бір несібемді үйден жаратқан. Бүгін көзім осы ауылға түсті. Маған бір қой бер! – дейді.

– Қасеке, менің тоқтығым осы қойлардың амандығы емес пе? Қойды алдырсам, қожайынға ұятты болмаймын ба? – деп ит көнбейді.– Ендеше, қонағыңның атын бер! – дейді қасқыр.

– Қазір босағадан сығалаймын. Қонақ маған сүйек берсе, атын қорғаймын. Егер сараң болса, ала бер! – дейді.Қонақ мұның бәрін естіп отырады.
Бір уақытта, қонаққа ет тартылды-ау дегенде, ит жайлап келіп, босағаны сығалайды. Қонақ итке қолындағы жамбас сүйегін лақтырып жібереді. Мұны отағасы түсінбейді. Кәде етіп, сыйлап берген асымды далаға тепкені несі деп іштей ренжиді.
Тамақ желініп болған соң, бәрі ұйқыға кетеді. Таңертең қонақ абыр-сабыр айқайдан оянады. Түнде қасқыр шауып, қорадағы қойларды айдап кетіпті. Үй иесі қонаққа:

– «Қонақ жақсы болса, қой егіз табады, жаман болса, қораға қасқыр шабады» деген. Пиғылың лас екен, – деп ренжиді.Қонақ сыртқа шықса, батысқа қарай екі ізді, шығысқа жүрген төрт ізді байқайды. Қожайынға:

– Қам жеме, қойың аман! Шығыста жайылып жүр. Ал итің қасқырмен жан алысып, жан берісіп жатыр. Батысқа кеткен із соны меңзейді. Итіңнің артынан барма! Ол «ием келді» деп саған алаңдап, қасқырға алдыруы мүмкін. Қасқырдың артынан барсаң, ол сасқаннан артына қарайды. Итің бас салып талайды, – дейді.
Сырлыбек қонақты ертіп, қасқырдың ізімен жүреді. Айтқандай, ит пен қасқыр бір-бірін ала алмай, көзбен арбасып тұр екен. Қасқыр адамды иісінен танып, жалт бұрылғанда ит тамағынан шап береді. Қасқыр жеңіледі.
Сырлыбек қонағын ертіп шығысқа барса, сай ішінде қойлары жайылып жүреді. Буаз қойы егіз тауып, қозыларын емізіп тұр екен. Сырлыбек қуанып:

– Аңдамай, ашумен айтқан сөзімді кешір! Қонақ жақсы болса, қой егіз табады екен. Тегін адам емес екенсің. Тағы бір күн қонақ бол! – дейді.Қонақ тағы бір күн қонақтайды. Ертесіне үй иесі одан:

– Не бұйымтайың бар? – деп сұрайды.

– Итке қатты қызығушы едім. Көңілім бөрібасарға ауды. Қарғысын берсеңіз, жетектеп кетер едім, – дейді.

– Итіңіз не, марқа қой берейін, жылқы жетектетейін.

– Жоқ, ниетіңе рақмет! Итті бұйымтай еттім, – деп, итін жетектейді. Ит кетіп бара жатып, киіз үйдің іргесінде жатқан шиге дәрет сындырады. Қонақ:

– Қожайын, мен ойландым. Иттен гөрі мына жаман шиді алсам, қалай қарайсың. Кемпірім «Ши әкеп бер» деп қақсай беруші еді. Тілегін орындайын, – дейді. Сырлыбек келіседі. Қонақ шиді ала бергенде әлгі қойдан туған егіз қозының бірі шидегі иттің дәретін жалайды. Қонақ қайтадан қожайынға бұрылып:

– Шиді басқа жерден табармын. Көңілім жаңа туған қозыңызға түсті. Жас қозының етіне аңсарым ауып жүр еді. Іздегенге сұраған. Маған қозыңды сойып бер! – деп қозыға бата жасайды. Сырлыбек қонағының көңілін қимай, әлгі қозыны бауыздайды. Қонақ:

– Қозының басына ешкімнің қолын тигізбей алдыма тарт. Құмарым қанып, бір тояйын, – деп өтініш қылады.Ас піскен кезде Сырлыбек қозының басын әкеледі. Қозының бір құлағы жоқ екен. Қонақ:

– Қожайын, малдың басына ешкімнің қолы тимесін деп өтініш етіп едім, құлағы қайда? – деп сұрайды.

– Жолаушым, айып етпе! Әлгінде қозының басын қазаннан түсіріп, суытып қойғанбыз. Көзімізді ала бере, үйдегі жүгірмектің бірі құлағын кесіп алып, жеп қойыпты. Ат-шапан айыбымды өтейін, қаласаңыз, марқа қой сояйын. Тек бізге ренжімеші, – деп жалынады.
Қонақ мырс етіп күліп:

– Шаңырағыңа тепкілесе де, кетпейтін бақ орнапты, – дейді де, естіп-білген оқиғасын бастан-аяқ айтып береді.

– Сенің ырысың итіңде екенін білгенмін. Алып кетейін дегенімде, итің дәрет сындырып, ырысыңды қалдырып кетті. Дәрет тиген шиді алмақ болғанымда, қозы келіп жалап, құт соған қонды. Қозының басын жеп, берекеңді аламын ба десем, оны кенже ұлың жеп, маған бұйырмады. Құдай сүйген қылығың бар екен. Қонақжайлығыңды жоғалтпа! – деп батасын беріп, аттанып кетіпті.


Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<