Құтқарушы қызметі құрметке лайық

346

0

Құтқарушы – жауапкершілік салмағы басым мамандық. Табиғи және техногенді апаттар кезінде, күнделікті жұмыс барысында қауіп-қатердің бел ортасында жүретін төтенше жағдай қызметкерлеріне үлкен міндет жүктеледі. Физикалық күшті ғана емес, психологиялық төзімділікті де талап ететін салада ерлермен қатар, нәзік жанды әйелдер де иық тіресе қызмет атқаруда.

Салтанат Есперова Қызылорда қаласы төтенше жағдайлар басқармасы №4 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисі, он екі жылдан бері құтқару қызметінде еңбек етіп келеді. Тілсіз жаудан зардап шеккен тұрғындарға төтеншеліктерді дер кезінде жіберіп, әбжіл әрекетімен көптің алғысына бөленіп жүрген жан.

От пен өрт өтіндегі маңызды қызметімен бірге Салтанат Дәуренбекқызы үлгілі келін, асыл жар, аяулы ана, 4 баланы дүниеге әкеліп, перзенттерінің ұлттық құндылық, төл тәрбиемен сусындауына ықпал етіп отыр.

Жалпы Салтанат секілді өрт сөндіру саласында тер төгіп жүрген қыз-келіншектер – ерлік пен батылдық символы, қазақ қызының қайсарлығының нақты көрінісі. Жалын ортасынан адамдарды құтқару, уытты түтінмен күресу, ауыр жабдықтармен жұмыс істеу секілді күнделікті қиын міндеттерге қарамастан, шымырлығы мен кәсіби шеберлігін дәлелдеп, нәтижесінде көпшілікке көмек қолын созып жүрген құтқарушылар қызметі  қашан да құрмет пен ізетке лайық!

Е.ҚАСЕН,

Қызылорда қаласы төтенше

 жағдайлар басқармасы №4 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары,

азаматтық қорғау аға лейтенанты