Құтқарушылар қиын жағдайда жұмыс істеп жатыр – ТЖМ

453

0

Фото: ТЖМ

Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықов Үкімет отырысында тасқынмен күрес әсіресе құтқарушыларға қиын тиіп жатқанын айтты, деп хабарлады Қазақпарат.

«Құтқару және шұғыл жұмыстарды атқару кезінде тиімді әдістер мен тәсілдер енгізілді. Мысалы, Ақтөбе, Солтүстік Қазақстан облыстарында понтон көпірлерін орнату және тез арада су бұру арналарын салу әдісі қолданылды. Бұл шаралар көлік байланысын қамтамасыз ету мен су басу қаупін азайту мүмкіндігін берді. Зардап шеккендерді эвакуациялау және орналастыруға қатысты барлық мәселе шұғыл шешіліп жатыр. Азаматтарға дер кезінде медициналық және психологиялық көмек көрсетілуде. Құтқарушылар босанған әйелдерді құтқарған да жағдайлар болды. Олардың барлығы ауруханаларға аман-есен жеткізілді. Иелері тастап кеткен үй жануарларын да суда қалдырмай, қауіпсіз жерге көшірудеміз», – деді вице-министр.

Сондай-ақ, ол жекелеген азаматтар үйлерін тастап кеткісі келмегенін де атап өтті.

«Олармен келіссөздер жүргізуге көп уақыт кетті. Бірақ эвакуация олардың қауіпсіздігін сақтаудың жалғыз жолы екені түсіндірілді. Құтқару кезінде мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарттарға, әйелдер мен балаларға басымдық берілді. Су басу аймақтарынан барлығы 119 мыңға жуық адам алдын ала, оның ішінде 44 мыңнан астамы бала эвакуацияланды. Құтқарушылар мен жұмылдырылған барлық қызметкер тәулік бойы және өте қиын жағдайда жұмыс істеп жатқанын баса атап өткім келеді», – деді Бауыржан Сыздықов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<