Қуаңдариядағы думанды Наурыз

6

0

1981 жылғы азаматтардың ұлағатты ісі Қармақшы ауданына қарасты Қуаңдария ауылында биылғы Әз-Наурыз мерекесі бұрын-соңды болмаған ерекше мазмұнда атап өтілді. Ауылдың 1981 жылы дүниеге келген азаматтарының ұйымдастыруымен өткен «Наурыз – тіршіліктің тұмары» атты үш күндік мерекелік бағдарлама рухани жаңғыру мен ел бірлігінің жарқын үлгісіне айналды.

Мерекенің алғашқы күні дүниеден өткен замандастардың рухын еске алуға арналды. Жанжігітовтер отбасының демеушілігімен өткен «Құрдастар рухына тағзым» атты футбол турнирі ауыл жастарының басын қосты. Кешкісін марқұмдардың рухына бағышталып Құран оқытылды.

Мерекенің екінші күні «Гүлдене бер, туған өлкем» атты ағаш егу акциясымен басталып, ауылдың абаттануына үлес қосылды. Сондай-ақ, «Сейіт Мұхаммед Әздер» мешітінде Қайнар мен Камет аталардың рухына арналған Құран оқу сайысы өтті.

Мерекенің рухани бастауы ретінде «Сейіт Мұхаммед Әздер» мешітінде Қайнар мен Кәмет аталар әулетінің демеушілігімен аудандық деңгейдегі Құран оқу сайысы ұйымдастырылды. Сайысқа аудан көлеміндегі білікті имамдар мен олардың шәкірттері қатысып, қасиетті Құран Кәрімді мәнерлеп оқудан бақ сынасты. Имам мен шәкірт арасындағы сабақтастықты көрсеткен бұл шара жиналған қауымның ризашылығын тудырып, жас ұрпақты имандылыққа баулудың тамаша үлгісі болды. Сайыс соңы арнайы сый ақылар мен және дипломдармен марапатталды. Сонымен қатар, дүниеден өткен құрдастар мен ата-бабалар рухына бағышталып ақ дастархан жайылып, Құран оқылды.

Шараның ең маңызды бөлімі – ауыл мақтанышы, аяулы тұлға Бақыткүл Тұрмаханқызының рухына арналған «Ауыл мақтаныштары» атты аудандық ақындар мүшәйрасы болды. Тұрмахан ата әулетінің демеушілігімен өткен бұл жыр додасына 11 үміткер қатысты. Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шаттық Қыстаубай мен марқұмның ағасы Байзақ Тұрмаханұлы тебіреністі жырларын оқыса, апасы Бақыткүлдің өнегелі өмір жолынан естеліктер айтты. Інісі Жанұзақ Тұрмаханұлы барша қатысушыларға әулет атынан ризашылығын білдірді.

Мереке күні ауылдың орталық алаңына сән-салтанаты келіскен киіз үйлер тігіліп, ақ дастархан жайылды. Ауыл тұрғындары мен қонақтарына Наурыз-көже ұсынылып, ұлттық тағамдардан ас берілді. Сахна төрінде ауылдағы түрлі мекеме ұжымдары салт-дәстүрден қойылымдар қойып, жырдан шашу шашты. Ұлттық нақыштағы бұл көріністер көрерменді қазақтың бай мұрасымен сусындатты.

Мерекенің ең әсерлі сәті – 1981 жылғы ұйымдастырушылардың орындауындағы «Туған жерім» әні болды. Ауыл тумасы, ақын Гүлшат Дошманованың сөзіне жазылған бұл туынды ауылдың бейресми гимніне айналып, көпшіліктің рухын асқақтатты. Осы сәтте 1981 жылғы азаматтар игі дәстүрді жалғастыру үшін өздерінен кейінгі 1982 жылғы іні-қарындастарына «Аманат туын» салтанатты түрде тапсырды.

22 наурыз күні ауыл тұрғындары «Жаяу жарыс», кір тасын көтеру, түйе палуан, арқан тарту және қошқар көтеру сынды спорттық сайыстарда бақ сынады. Мерекелік Наурыз-көже мен дастархан басында ақсақалдар бата беріп, ел амандығын тіледі.

Мереке соңында 1981 жылғы азаматтар ауыл ақсақалдарына құрмет көрсетіп, иықтарына шапан жапты. Киіз үй тігіп, ақ дастархан жайған белсенділерге, сондай-ақ мерекенің жоғары деңгейде өтуіне демеушілік жасаған азаматтарға арнайы сыйлықтар берілді.

Белгілі өнер иелері Нұржан Шөмекей, Досбол Нұрлылла және Әйгерім Сырлыбаеваның ән шашуымен және көк аспанды нұрға бөлеген отшашумен аяқталған бұл думан Қуаңдария тарихындағы ең жарқын беттердің бірі болып қалмақ.

Қуаңдария топырағында өткен бұл үш күндік думан 1981 жылғы азаматтардың ұйымшылдығы мен туған жерге деген перзенттік махаббатын паш етті. Ел есіндегі есімдерді ұлықтап, дәстүрді жаңғыртқан мұндай шаралар ауыл тарихында алтын әріппен жазылып қалатыны анық.

Ауыл бірлігі мен тұлғаға деген құрметті ту еткен 1981 жылғы азаматтардың бұл бастамасына ел риза!