Қуаңдариядағы жыр додасы: Тұлғаға тағзым, өнерге құрмет

8

0

Қармақшы ауданына қарасты Қуаңдария ауылында Ұлыстың ұлы күні – Әз-Наурыз мерекесі ерекше рухани сипатта атап өтілді. Мереке қарсаңында 1981 жылы дүниеге келген ауыл азаматтарының ұйымдастыруымен «Наурыз – тіршіліктің тұмары» атты салтанатты кеш және ауыл мақтанышы Бақыткүл Тұрмаханқызының рухына бағышталған «Ауыл мақтаныштары» атты аудандық ақындар мүшәйрасы өтті.

Ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық құндылықтарды ұлықтаған бұл шараның маңызы зор. 1981 жылғы ауыл түлектері биылғы Наурыз мейрамын игі іспен бастауды жөн көріп, марқұм Бақыткүл Тұрмаханқызының өнегелі өмір жолын дәріптеуді мақсат еткен. Рухани кештің жоғары деңгейде өтуіне Тұрмахан ата әулеті яғни Бақыткүл Тұрмаханқызының бауырлары тікелей демеушілік жасап, азаматтық танытты.

Аудан көлемінде ұйымдастырылған жыр додасына жас ерекшелігіне шектеу қойылмай, барлығы 11 үміткер қатысты. Сахна төрінде Бақыткүл Тұрмаханқызына арналған толғаулар мен Ауыл мақтаныштарын жырлаған жалынды өлеңдер оқылды.

Кештің мазмұнын байытқан сәттердің бірі – қазылар алқасының мүшесі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шаттық Қыстаубайдың Бақыткүл Тұрмаханқызының рухына арнап оқыған тебіреністі жыр жолдары болды. Сонымен қатар, марқұмның ағасы Байзақ Тұрмаханұлы халыққа әсерлі өлеңін тарту етсе, апасы Бақыткүлдің өмір жолдарынан сыр шертіп, ғибратты естеліктер айтты.

Қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар келесідей марапатталды:

І орын: Алтай Жауынтайұлы – 100 000 теңге ақшалай сыйақы мен диплом.

ІІ орын: Алмат Қайырқұлов – 70 000 теңге ақшалай сыйақы мен диплом.

ІІІ орын: Алтынай Нұрмаханова – 30 000 теңге ақшалай сыйақы мен диплом.

Мүшәйраның өзге де қатысушыларына ынталандыру сыйлықтары берілді. Шара соңында Бақыткүл Тұрмаханқызының інісі Жанұзақ Тұрмаханұлы сөз алып, ұйымдастырушылар мен қатысушыларға, ауыл жұртшылығына өзінің ыстық ықыласы мен алғысын жеткізді.

Қасиетті Қуаңдария топырағында өткен бұл шара ұлттық рухты асқақтатып, тұлғаға деген құрметтің шынайы үлгісін көрсетті. Ел есіндегі есімдер ешқашан ұмытылмақ емес.