Қуатты қалам құдіреті

62

0

Қазақ әдебиетінің алыбы, Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған іс-шаралар Аралда қорытындыланды.

Әйгілі жазушының рухына жасалып жатқан құрмет – ұрпақтың рухани қазынасын молайта түсудің бір жолы. Бұл – бүкіл қазақ халқының, қала берді қазақ әдебиетінің тойы.

Айта кетейік, бұған дейін қазан айында алдымен аңыз тұлғаның рухына бағышталып Беларан төбенің басында арнайы ас берілді.

Онан кейін Алматы қаласында қаламгердің есімін ұлықтау мақсатында «Қазақ ПЕН» клубының ұйымдастыруымен және Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен Ә.Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-танымдық конференциялар өтті.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен жарыққа шыққан «Біздің Әбе» атты естелік кітаптың тұсауы кесілді.  Әбдіжәміл Нұрпейісовтің тұрған үйіне ескерткіш тақта ілініп, рухына Құран бағышталды.

Аралда «Ғасырлар толқынының дарабоздары» атауымен бастау алған іс-шаралар жазушыны ұлықтаудың айқын көрінісіне айналды. Ал осы аптаның сәрсенбісінде Қызылорда қаласындағы «Өнер орталығында» облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдығына арналған «Әлем таныған Әбдіжәміл» атты еске алу кеші өтті.

Бейсенбіде Астана және Алматы қалаларынан арнайы келген ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері мен жазушының туыстары бас қосқан іс-шара Аралда алдымен қаламгердің шығармашылық үйінде бастау алды.

Мұнда Әбе болмысын аша түсетін рухани құнды қазыналар жинақталған. Түрлі тарихи суреттер мен қолжазбалар, өзі тұтынған заттар мен сан алуан экспонаттар жиынтығы және өз қолымен қайта өңдеген кітабы қонақтарға ең құнды жәдігер ретінде таныстырылды.

Зиялы қауым өкілдері өз естеліктерімен бөлісіп, арнайы кітапқа қолтаңба қалдырды.

«Жайлы мектеп» және балықшылар мұражайы

Жазушының мерейтойына келген қонақтар Арал қаласындағы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынған мектеп ғимаратын аралап көрді.

Айта кетейік, бұл білім ошағы Қызылорда қаласынан кейінгі аудандар арасында бірінші болып халық игілігіне пайдалануға берілмек. Ғимарат 300 орынға арналған. Бүгінгі уақыт талабының қай сұранысына да лайықты ғимаратта бар қажеттілік қарастырылған.

Мұнан соң қонақтар «Балықшылар аллеясында» болып, ақжал толқынмен алысып, атакәсіптен ажырамаған балықшы қауымның өмірі мен тұрмысынан сыр шертетін құнды жәдігерлерді көрді.

Теңізде жүзген кемелерден бастап, капитан киген киімге дейін аса ұқыптылықпен жасалған тарихи нысан – нағыз балықшы өмірінің айнасы. Келушілер экспонаттарға қатты қызықты, мұражайдың жұмысына ризашылықтарын білдірді.

Ғасырлық ғұмыр ғибраты

Аудандық мәдениет үйінде «Ғасырлық ғұмыр ғибраты» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция болды.

Келелі басқосуға келушілер алдымен «Әбдіжәміл – феномен» атты жазушының шығармашылығы мен өмір жолына арналған көрмемен және суретшілер симпозиумының туындыларымен танысты. Ауданда алғаш өткен симпозиумның естеліктері аңыз тұлғаның өмірі мен өскен жері жайында сыр шертеді.

Конференцияға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев төрағалық етіп, қасиетті Арал топырағына табан тіреген қонақтарды таныстырып өтті.

Конференция жұмысына ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Барыс» ордендерінің иегері, «Алтын жұлдыз» сыйлығының және Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері, ТҮРКСОЙ жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, халықаралық «Қазақ ПЕН» клубының президенті, жазушы-журналист Бигелді Ғабдуллин, ақын, жазушы, Қазақстан жазушылар одағы төрағасының бас кеңесшісі, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мырзан Кенжебай, жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуаныш Жиенбай, ақын, филология ғылымдарының докторы, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып, ақын, «Құрмет» орденінің, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының иегері Светқали Нұржанов және облысымыздың зиялы қауым өкілдері арнайы қонақ ретінде шақыртылған. Облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Тынымбайұлы Қариннің арнайы Құттықтау хатын оқып, облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының ыстық лебізін жеткізді. ТҮРКСОЙ жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет мыңжылдықтарға мұра қалдырған жазушы әлемінің болмысын аша сөз сөйледі.

Әбе 1993 жылдан бері «Қазақ ПЕН» клубының президенті қызметін атқарып, талай тағылымды істердің бастамашысы болған. Қаламгерлерге құрмет пен қамқорлықтың үлгісін көрсетті. Руханиятқа сүбелі қызмет істеді. Осы істің тізгінін ұстаған Бигелді Ғабдуллин әдебиет алыбының аңызға бергісіз қырлары жайында әңгімеледі.

Биыл – «Қазақ әдебиеті» газетіне 90 жыл. Жуырда осы басылымның бас редакторы болған Бауыржан Жақып шындық пен шынайылықты, адалдық пен ақиқатты тұғыр еткен турашыл тұлға жайында келелі ой айтты. Сондай-ақ халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуаныш Жиенбай, эколог-жазушы, «Парасат» ордені мен халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Сайлаубай Жұбатырұлы, қоғам қайраткері Нәжмадин Мұсабаев Әбенің өмірі, еңбегі, қасиеттері туралы естеліктер келтірді.

Парасатты поэзия

Жазушының 100 жылдығына арналған игі іс-шаралар легі «Қуатты қалам иесі» атты парасатты поэзия кешіне ұласты.

Кешті белгілі ақын,  Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі Шакизада Әбдікәрімов жүргізді.

Көпшілікке рухани ләззат сыйлаған поэзия кешінің шымылдығын Ұлықбек Есдәулет түріп, отты өлеңдерін ойлы оқырманға тарту етті.

талантты ақындар Светқали Нұржанов, Бауыржан Жақып, Мырзан Кенжебай, «Таң-Шолпан» әдеби-көркем журналының бас редакторы Нұрлыбек Саматұлы, ақындар Толыбай Абылаев, Дүйсенбек Аяшұлы, ақын, режиссер-сценарист Оңталап Нұрмаханов, Қаршыға Есімсейітова, Оңталап Базарәлі, Ақжол Түменбай және Айдар Сайлауов поэзия кешінің көркін келтірді.

Ақындармен қатар жыршы Демеубай Жолымбетов көрерменді бір серпілтіп тастады.

Сахнада «Қан мен тер»

 «Қан мен тер» – әйгілі жазушының бірегей туындысы. Осы шығарманың желісінде қойылған спектакль көрерменіне ерекше әсер сыйлады.

Қоюшы режиссер Диана Кеңес және қоюшы суретші Дана Жоламанова мен өзге де мамандардың ортақ жұмысы саналған қойылым кейіпкерлерін аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары сомдады.

Қаншама қиындықтарды басынан өткерсе де адамдық қалпын жоймаған, рухы мықты Еламан, аумалы-төкпелі заманның құрбаны Ақбала, ақыр соңында адасып барып жығылған Тәңірберген  –  ешқашан ұмытылмайтын бейнелер. Осындай кейіпкерлердің тағдырын жақсы сомдаған өнер иелеріне жалпы көрермен де, меймандар да жоғары бағасын берді.

Күні бойы мәдени-танымдық іс-шараларды тамашалаған көпшілік кешкілік қаланың орталық алаңында Жаңа жылдық шырша шамын жағу салтанатына куә болды. Осылайша заңғар тұлғаның 100 жылдық мерейтойы мазмұндық һәм рухани тұрғыдан өз мақсатын әйгілеп, елдің мерейін өсірді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<