Қуыршақ өнерінің бастауы

244

0

Күнделікті тіршілігі төрт түлікпен біте қайнасқан ата-бабаларымыз дала сазынан түрлі музыкалық аспаптар ойлап тапты. Қолданған әрбір бұйымы, құрал-жабдық, кез келген тұтынған заты көшпелі өмір салтына қарай икемді, жеңіл әрі ыңғайлы етіп жасалды.

Қазақ халқына тән қуыршақ ойнату мәдениетінің тамыры тереңде жатыр және ол музыкамен тығыз байланысты. Ерте заманнан  дала музыканттары ағаштан жан-жануарлардың мүсінін жонып алып, оларды жіппен өзінің саусағына байлап, домбыра тартатын. Сонда әлгі мүсін бойына жан біткендей болып, билей жөнелетін. Бұл көшпенділердің алғашқы мобильді қуыршақ театры еді. Мұндай жылжымалы қуыршақ театры «Ортеке» деп аталады. Қойылымда пайдалану үшін, ағаштан көбіне таутекенің мүсінін жонатын болған. Ағаш текені кез келген ішекті аспаптың көмегімен билетуге болады. Қазақстандық орындаушылар, негізінен, домбыра мен шертерді пайдаланады.

Ел ішінде осы «Ортеке» қуыршақ күйінің шығуы туралы түрлі аңыздар бар. Солардың ішінде бір нұсқасына тоқталып өтсем. Бұл аңыздың астарында ұлтымыздың табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен өзара түсіністігі жатыр.

Ертеде мерген әрі домбыра шанағынан күй төккен күйші болған екен. Күндердің күнінде күйші аң аулап жүріп, тастың үстінен қызғылт күрең жүні күн нұрымен жалтырап, құлпырып тұрған тауешкінің марқасын көреді. Марқаның тас үстінде буындары сыртылдап, сылқылдап, ойнақ қағып, билеп тұрғанын көріп, қызыға қарайды. Табиғатқа деген мұндай еркелікті көрген аңшы қорамсаққа салған қолын еріксіз кейін тартып, садағын мойнына іліп, кері қайтады. Ауылына келген соң сазгердің көңілін тербеген марқаның қимылы домбыра шанағынан «Ортекенің ойнауы» атты күй болып төгіледі. Содан кейін күйші ағаштан ойып, өрнектеп марқа бейнесін жасайды да, көпшілік арасында шертеді. Марқаның тірі бейнесін көргендей болған қалың қауым күйші шеберлігіне ерекше сүйсінеді. Ортекені ойнату осы кезден басталған деген аңыз бар.

Белгілі зерттеуші, ғалым, күйші Абдулхамит Райымбергеновтің айтуынша: «Бұрын бір мезетте үш ортекені ‒ «ата ортеке», «әке ортеке», «бала ортекені» ойнатқан. Бір адам ең көп дегенде төрт ортекені саусағына ілінген жіптер арқылы басқарып, күй ырғағына билете алады» дейді.

Ал күйші, домбырашы Мұрат Өскенбаев «Сегіз лақ» күйін тартқанда, сегіз текені тұғырға орнатпай-ақ жерге қойып ойнатқан екен. Сырт көзге қарапайым көрінгенімен, ортеке ойнатудың өзіндік техникасы бар. Ортекенің бірнешеуін ойнатқанда, олар бір-біріне кедергі келтірмей, бір-біріне ұқсамайтын би қимылдарын жасауы керек.

2022 жылы Марокконың астанасында өткен ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитеттің 17-сессиясы барысында адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне «Қожанасырдың әзіл әңгімелері» мен «Ортеке биі» кірді.

Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің қорындағы ортекені ұлттық құндылықтарымыздың сақталуы жолында еңбек етіп жүрген жерлесіміз, қолөнер шебері, Қазақстан Қолөнершілер одағының мүшесі Мұхтар Наурызбаев сый ретінде тапсырды. Биіктігі 62 см, диаметрі 32 см құрайтын ортеке карағаштан жасалған. Қуыршақ ортекенің денесі 10 бөліктен тұрады. Олар: бас, кеуде, төрт жілік және төрт сирақ. Барлығы бөлек-бөлек жасалады. Ал бір-бірімен қосқанда жеңіл қозғалатындай етіп бекітілген. Мүйіздері – семсер тәрізді сәнді де, өткір және жауынан қорғанатын қаруы. Әдетте саусаққа артық салмақ салмау үшін ағаштан жасалған ортеке бейнесінің салмағы 250-300 грамм төңірегінде болуы тиіс. Одан асып кетсе шертушінің қолын талдырады. Ал жеңіл болса ортеке тұғырда қаңғалақтап, жақсы ойналмайды. Музей қорындағы ортеке қуыршағының көлемі 270 гр құрайды.

Ортекені ою-өрнекпен көмкерілген тұғырға орнатылып, жіптің бір басын домбырашының оң қолының саусақтарына байлап қояды. Күйші күйді тарта бастағанда, қуыршақ қозғалып, билей бастайды.

Үлкен сахналарға арналмағандықтан, көбіне шағын көрермен аудиториясына ұсынылады. Оны алғаш рет 1934 жылы Алматы қаласында өткен бүкілқазақстандық халық таланттарының слетінде «Ортеке» биін Ж.Оразәлиев орындаған. Кейіннен «Мұрагер» республикалық фольклор сазды ансамблі 1984 жылдан бастап ел арасында насихаттай бастады. Бүгінде «Тұран» этноансамблі ортекені сахнаға алып шығып, билетіп жүр. Сондай-ақ ансамбль ортекені Венгрия, Қытай, АҚШ, Ресей, Франция, Испания, Түркия елдеріне таныстырып келеді.

«Ортеке ‒ қазақ қуыршақ өнерінің бастауы» деген белгілі ғалым Ахмет Жұбанов. Бүгінгі күні жастар арасында бұл өнерге қызығушылық мол. Ерте кезден қалыптасқан мәдениет бүгінгі күнге дейін жалғасын тауып келе жатқаны қуантады.

Зияда Шерімбетова,

Сырдария аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<