Қылмыс деңгейі төмендеді

535

0

Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық прокуратураның 1-жартыжылдықта атқарған жұмыстарының есебі жайлы айтылды. Құзырлы орган осы күні құқық бұзушылықтың алдын алуға баса мән беріп келеді. Бұл істің нәтижесі де көріне бастағандай. Себебі жиында облыс прокуроры Нұрлан Бижанов биыл аймақта қылмыс деңгейі 22 пайызға төмендегенін мәлімдеді.

Әр істің салдарымен емес, себебімен күресу қажет екені анық. Облыс прокуратурасы осы бағытта арнайы жұмыс тобын құрып, қайта қылмыс жасауға бейім 3 мың адамды анықтаған екен. Қазір олар бақылауға алынып, үнемі профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, оларды бақылауда ұстауға жергілікті бюджеттен электронды смарт білезіктер сатып алу үшін 84 млн теңге бөлінген. Соның арқасында қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік туған.

Қылмыс санатына қарай жіктейтін болсақ, биыл өңірде құқық бұзушылықтың біршама азайғанын байқауға болады. Мәселен, кісі өлтіру 50, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру 22, алаяқтық 11, қарақшылық 50, мал ұрлығы 54 пайызға төмендеген. Сондай-ақ, қадағалаудың арқасында жол апатының да саны едәуір кеміген. Кісі өліміне соқтырған жол апаттары 39 пайызға азайыпты.

Осы күні аймақ тұрғындарын алаяқтық істері де мазалайтыны жасырын емес. Қазір прокуратура өкілдері барынша ақпарат таратып, халықты құлақтандырып тұруда екен. Соның нәтижесінде алаяқтық қылмысы 6, интернет алаяқтығы 48 пайызға дейін төмендеген. Дегенмен облыс прокуроры Нұрлан Бижанов алаяқтардың шырмауына түсіп жатқандардың саны азаймай тұрғанын ескертті.

– Мысалы, қала тұрғыны А.Мусаева өзінің алдын ала жоспарлаған қылмыстық іс әрекетін жүзеге асыру мақсатында таныстары арқылы «қайтарымсыз несие» алып бере алатыны жөнінде жалған ақпарат таратқан. Оның арбауына 15 қала тұрғыны ілігіп, 15 млн теңгесінен айырылған. Сот үкімімен А.Мусаева 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сол сияқты Қызылорда тұрғыны З.Жарболова таныстарына өзін «Қорқыт Ата» атындағы университеттің қызметкері ретінде таныстырып, «Магистратураға» еш қиындықсыз түсіріп бере алатынын айтып, 15 тұрғынға 5 млн теңге шығын келтірген, – деді ол.

Сонымен қатар, өңірде жер даулары, суармалы судың жетіспеушілігі, жалақы және Байқоңыр қаласының тұрғындарына тегін медициналық көмектің көрсетілмеуі сынды өзекті мәселелер бары айтылды. Облыс прокуратурасының бастамасымен Денсаулық сақтау министрлігі тегін медициналық көмекті көрсетуге байланысты заңнамаға түзетулер енгізген екен. 4 кәсіпорынның 3 мың қызметкерінің жалақысы көтеріліп, биыл бюджетке 600 млн теңгеден астам қаражат түсіріп, 7 мыңнан астам азаматтың құқықтары қорғалған.

Жер жайына келсек, жыл басынан бері 83 мың га құрайтын 120-ға жуық игерілмеген жайылымдық жер учаскелері анықталған. Оның 19 мың гектардан асатын 50 учаскесі мемлекетке қайтарылды.

Ал Денсаулық сақтау саласында қаланың 1300-ден астам тұрғынын басқа медициналық ұйымға ескертпестен заңсыз бекіту фактілері анықталған.

Өңір тұрғындарына қолайсыз жағдайда тұрғаны үшін еңбекақыларына 30 пайыздан 50 пайызға дейін экологиялық үстемақы төленетінін білеміз. Бірақ мұнда да шикіліктер шыққан. Облыстағы 38 820 азаматтың жалақыларына 3 жыл бойы 3,9 млрд құрайтын экологиялық үстемақы төленбей келген. Прокуратура қызметкерлері заң бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғалардың барлығы тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын мәлімдеді.

Мадияр Төлеу,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<