Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық прокуратураның бірінші жартыжылдықта атқарған жұмыстарының есебі айтылды. Құзырлы орган құқықбұзушылықтың алдын алуға баса мән беріп келеді. Бұл істің нәтижесі де көріне бастағандай. Облыс прокуроры Нұрлан Бижанов биыл аймақта қылмыс деңгейі төмендегенін айтты.
Әр істің салдарымен емес, себебімен күресу қажет екені анық. Облыс прокуратурасы осы бағытта арнайы жұмыс тобын құрып, қайта қылмыс жасауға бейім адамдарды анықтаған екен. Қазір олар бақылауға алынып, үнемі профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, тәуекел тобындағыларды бақылауда ұстауға жергілікті бюджеттен электронды смарт білезіктер сатып алу үшін 84 млн теңге бөлінген. Бұл қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қылмыс санатына қарай жіктейтін болсақ, биыл өңірде құқық бұзушылықтың біршама азайғанын байқауға болады. Мәселен, кісі өлтіру, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, алаяқтық, қарақшылық, мал ұрлығы төмендеген. Сондай-ақ, қадағалаудың арқасында жол апатының да саны едәуір кеміген. Кісі өліміне соқтырған жол апаттары азайды.
Осы күні аймақ тұрғындарын алаяқтық әрекеттер мазалайтыны жасырын емес. Қазір прокуратура өкілдері барынша ақпарат таратып, халықты құлақтандыруда. Соның нәтижесінде алаяқтық қылмыс 6, интернет алаяқтығы 48 пайызға дейін төмендеген. Облыс прокуроры алаяқтардың шырмауына түсіп жатқандар туралы айтты.
– Мысалы, қала тұрғыны өзінің алдын ала жоспарлаған қылмыстық іс әрекетін жүзеге асыру мақсатында таныстары арқылы қайтарымсыз несие алып бере алатыны жөнінде жалған ақпарат таратқан. Оның арбауына ілінгендер қаржысынан айырылған. Сот үкімімен ол 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Өзін Қорқыт ата атындағы университеттің қызметкері ретінде таныстырып, магистратураға еш қиындықсыз түсіріп бере алатынын айтқан тұрғын 5 млн теңге шығын келтірген, – деді ол.
Сонымен қатар, өңірде жер даулары, суармалы судың жетіспеушілігі, жалақы және Байқоңыр қаласының тұрғындарына тегін медициналық көмектің көрсетілмеуі сынды өзекті мәселелер бары айтылды.
Жер жайына келсек, жыл басынан бері 83 мың гектарды құрайтын 120-ға жуық игерілмеген жайылымдық жер учаскесі анықталған. Оның 19 мың гектардан асатын 50 учаскесі мемлекетке қайтарылды.
Ал денсаулық сақтау саласында қала тұрғындарын басқа медициналық ұйымға ескертпестен заңсыз бекіту фактілері анықталған.
Мадияр Төлеу,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<