Қыраштың дамуы көңіл тоғайтады

812

0

Қырашқа барар жол «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автобанынан басталады. Жаңақорғанға қарасты, аудан орталығынан 30 шақырымда жатқан ауылға үлкен жолмен барып, тау беткейге, яғни, оңға бұрыласыз. Иә, созылып жатқан Қаратаудың соңғы сілемдерінің іргесіне қоныс теуіпті бұл жұрт. Айтпақшы, Қырашқа кіреберіс жолдың былтыр жөнделгенін естігенбіз. Айтса, айтқандай екен. Барлығы төрт шақырым болатын аудандық маңыздағы жол 35 жыл бұрын салынған, 1988 жылдан бері жөнделмепті. Екі жыл бұрын аудан бюджетінен қаржы бөлініп, былтыр күздің басында ғана асфальт төселгенін білдік. 127 млн теңгеге жуық қаржы осы құрылысқа кеткен. Қазір жолдың кеңейіп, толығымен тегістелгенін байқайсыз.

Қыраштың дамуы көңіл тоғайтады

Қыраштағы екінші жаңалықтың жөні тым бөлек. Бұл – тұтас ауыл халқының қуанышы десек те болады. Былтыр Қыраш пен көршілес Бірлік ауылына газ құбыры тартылды. Қос ауылға 680 млн теңгеден астам қаржы бөлінген еді. Ал биыл 70 млн теңгеге жуық қалған қаржысы игерілмек. Бұл жобаны іске қосу межеленіп отыр. Нәтижесінде Бірліктегі 423, Қыраштағы 134 шаңыраққа «көгілдір отын» барады. Бұған 11 әлеуметтік ғимаратты қосыңыз.

Алдымен аз-кем…

Иә, ауыл тарихына үңілейікші. Қыраштың әу бастағы аты Қызылмақташы еді. Маңында Қайнарбұлақ деп аталатын алқап бар. 1927 жылы осы маңға қоныстанған шағын жұрт пен артельдердің бірігуімен Тоқтамыс колхозы құрылыпты. Қызылмақташы атануы кейіннен. Бір заманда мақта егуден бөлек, мал бағып, егін еккені жайлы айтылады.

1957 жылы Бірлік, Қосүйеңкі, Ынтымақ, Талдысу, Қызылмақташы колхоздары ірілендіріліп, сол уақытта жаңадан құрылған «Бірлік» совхозының №2 фермасы болады. Қазіргі Қырашта мал шаруашылығының өркен жайғаны сол кез. 1970-1980 жылдары бұл елдің еншісінде 25 мың қаракөл қойы, 250 жылқы, 200 түйесі болыпты. Өкініштісі, 1990 жылдардың орта шеніндегі жекешелендіру науқанында мұндай байлықты көп ауыл жоғалтып алып еді-ау.

Жалпы бүгінгі Қыраштың іргетасын қалағандар қатарында Ақылбек Есдәулетовтың есімі аталады. Облыс орталығында түрлі басшылық қызмет атқарған, Қармақшы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Әбдіразақ Әлібеков, даңқты шопан, Қазақ КСР Жоғары кеңесінің депутаты Мәден Мырзахметов, Жүсіпбек Бейімбетов, Қанжарбек Әжібеков сынды азаматтар аты тарихта қатталып тұр. Сондай-ақ шағын ауылдан шығып, бүтін елге танылған азаматтар жеткілікті. Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қаржыгер Қалқазбек Әжібеков, жазушы Жолтай Әлмашұлы, ішкі істер саласында басшылық қызмет атқарған Тастемір Рахимов, запастағы полковник, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Сатыбалды Ділманов, Қызылорда қалалық сотының судьясы Мұхтар Еркінбеков және Орал қалалық сотының судьясы Бақыт Ермахановты қыраштықтар әрдайым мақтан етіп келеді.

Қыраштың дамуы көңіл тоғайтады

Қош, 2005 жылы Ақүйік ауылдық округінен бөлініп, өз алдына елді мекенге айналған Қыраштың тарихына біз қысқаша ғана шолу жасадық. Негізгі мақсатымыз – бүгінгі ауылдың даму қадамын сөз ету. Соны баяндалық, ендеше.

«Ауылдағы ағайыннан ауыспайды»

Қырашта жас кәсіпкер жетерлік. Ел ішімен таныса жүріп, бірінші байқағанымыз осы болды. Олар аудан орталығынан табатын кейбір дүниені ауылдан-ақ дайындап отыр. Біз тек бірлі-жарымын мысал етпекпіз. Соның бірі – Ақбота Сәруар. Қыраштық келіншек ауыл ішіндегі үйлену, құда күту, туған күн және арнайы мерекелерге тапсырыспен тәттілер пісіреді. Мемлекеттік бағдарлама көмегімен өз-өзін жұмыспен қамтыған оның кәсібіне шын берілгенін байқайсың.

– «Кондитерлік өнім» жобасы арқылы құжаттарымды тапсырғанмын. Былтыр қыркүйек айында «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың ұлтттық жобасы» аясында конкурсқа қатысып, қарашада 1 млн 225 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұттым. Ол қаржыға тоңазытқыш, пеш, басқа да керектілерді түгендеп алдым. Қазір ауылдағы отбасылық мерекелерге тапсырыс алып, түрлі тәтті, торт пісіріп отырмын. Сондай-ақ қосымша жартылай дайын тамақ өнімдерін әзірлейміз, – дейді  Ақбота Сәруар.

Ал Рақымжан Оразбеков ауыл ішінен шағын цех ашқан. Негізгі жұмысы – мал азығын дайындау. Кәдімгі төрт түліктің қоңын беретін, әсіресе, бордақымен айналысып жүргендерге өте қажетті құрама жем шығарады.

Айтпақшы, құрама жем дегеніміз – арнайы рецепт бойынша жасалған мал азығы. Былайынша айтқанда, «комбикорм» деген жем түрін білесіз. Өзінің құрамында бидай ұнтағы, жоңышқа, күнжара, түрлі азықтық өсімдіктер болады. Бұдан бөлек, протеин, кальций фосфаты, тағы басқа минерал заттар мен витаминдері көп өте құнарлы азық.

– Құрама жемге бидай, жоңышқа, күріш күрмегі, жүгері, тағы басқа да қоспалар кететіні белгілі. Біздің ауыл көбіне-көп мал шаруашылығымен айналысқандықтан, қажетті шикізатты Жаңақорғандағы өзге егін егетін ауылдық жерлерден алдырамын. Жалпы кәсіпті бастауға мемлекеттік бағдарламаның жәрдемі тиді. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы арқылы 5 млн теңге қаражат алдым. Өзім де қосымша қаржы қосып, Қытай мемлекетінен шыққан, жем дайындауға арналған жабдықтарды түгелдедім. Әзірге шыққан өнім ауылдағы ағайыннан ауыспай тұр. Келешекте аудан көлемінде сатылымға шығармақшымын. Әзірге бір келісін 110-120 теңгеден беріп отырмын, – дейді ол.

Рақымжан құрама жемнен бөлек, үй құстарына да арналған жем дайындайды. Шағын цех бір тәулікте 2-3 тонна өнім шығара алады. Оның айтуынша, кәсіп ашуға түрткі болған нәрсе, ол – нарықтағы ет пен сүт құнарының төмен түсіп кетуі. Әрине, құнарлы азық жеген малдың қоңы жақсы болатыны анық. Әрі еті мен сүтінің де сапасы жоғарылайды.

– Алдағы уақытта өз кәсібімді кеңейтсем бе деген ойдамын. Өзіңіз ойлаңызшы, бізде жайылымдық жердің қысқаруы, түрлі экологиялық жағдайларға қатысты мал етінің сапасы төмен. Күріш кебегінің өзі мал семіртуге көмектеспейді. Қазір базардан семіз ет табу қиын, болғанның өзінде бағасы тым қымбат. Егер осындай мал азығын көптеп өндірсек, ет пен сүттің құнары артып, баға да халыққа тиімді болар еді. Ауданда осындай цех көп емес, соны біліп, қиын болса да тәуекел етіп жатқан жайымыз бар, – дейді кәсіпкер.

Иә, Рақымжанның бұл кәсібіне мал бордақылаумен айналысатындар мен қымыз, саумал сауып отырған ауылдағы ағайын да қызығушылық танытып отыр.

Айта кетейік, Қырашта 30 шағын кәсіпкерлік тіркелген, сондай-ақ 16 шаруа қожалығы жұмыс істеп тұр. Қожалықтың барлығы дерлік мал өсірумен айналысады.

Ақсақалдың ақылы жастың жігерімен үндескен

Тау етегіндегі ауылда тал-дарақ мол. Жаздыгүні елді мекеннің іші-сыртына көрік сыйлайтыны керемет енді. Жап-жасыл күйі ауылға ажар беретінін жолүсті жүріп, өзіміз де көргенбіз. Біз ауылды аралап жүріп, осы ауылда өсіп-өнген, орман шаруашылығының ардагері Мардымбай Тұртанов ақсақалға жолығып қалдық. Ауылдағы әрбір жақсы бастамаға тілекші қария өз білгенін, жиған тәжірибесін туған ауылының қажетіне әлі де жаратып келеді. Осы көктемде ол Қыраш ауылының көркейту жұмыстарына ұйытқы болып, жастармен бірге көшет отырғызған. Мұны ақсақалдың өзінен бөлек, ауыл әкімі де мақтанышпен айтып қалған.

– Ауылда орта мектептен бөлек, «Жасұзақ» жеке балабақшасы жұмыс істейді. Онда 25 бала тәрбиеленуде. Емхана мен клуб, әкімшілік тұрғындарға тұрақты қызмет көрсетіп келеді. Ардагерлер мен әйелдер кеңесі, жастар ұйымы жыл бойы өз жоспарларымен жұмыс жүргізеді. 2017 жылы асар әдісімен жаңа мешіт салынған. Ауызсу мен аяқсу мәселесі шешілген. Ауыл сыртындағы Қайнарбұлақ су көзі елді мекеннің қажетіне әбден жарап тұр. Сондай-ақ 2 млн 700 мың текше метр су кететін тоғанымыз да бар. Ауылдастар сол суды пайдалана отырып, есік алдындағы бау-бақшасын өсіріп отыр, – дейді сөз арасында ауылдық округ әкімі Бақытжан Әжібеков.

Қырашта жүріп тағы бір жақсы істің куәсі болдық. Ауыл жастарының біріккен бастамасымен жаңа нысанның құрылысы жүруде. Ол – шағын спорт ғимараты. Бұл оқушылар мен жастардың күрестен жаттығуына арналыпты. Ұзындығы 24, ені 12 метр болатын күрес сарайының құрылысына Қыраш ауылынан шыққан сырттағы азаматтар да қаржылай қолдау білдіруде. Бүгінде іргетасы қаланған ғимарат асарлатып салынбақ.

– Ел ішінде спортқа ынталы жастар жетерлік. Бәйге мен көкпарға қызығушылар әу бастан бар. Қазір мектептің спорт залында еркін күрестен 42 бала жаттығып жүр. Ал ауыл бойынша есепте 19 бен 35 жас аралығында 282 тұрғын бар. Олардың уақытын тиімді қолдануда түрлі шаралар өткізіп келеміз. Өзіңіз көргендей, күрес сарайынан бөлек, алдағы уақытта жастар демалатын саябақ салуды да жоспарлап отырмыз, – дейді ауылдық округтің жастар ісі жөніндегі маманы Ғасыржан Әбдіқадыр.

Қыраштықтар Қазақстан мен өзге мемлекеттердегі чемпионаттарда еркін күрестен топ жарып, Жаңақорған мен Сыр өңірінің атын шығарып жүрген Қанат Мұсабековті мақтан тұтады.

– Балам 6 жастан бері күреспен айналысты. Кейін 6-7 сынып оқитын уақытында ұстазы, білікті бапкер, марқұм Қайрат Оралбековтің тәрбиесінде болып, шынықты. Қанаттың әрбір жетістігінде осы Қайрат ағайының үлесі өте көп. Ұстазы 2020 жылы пандемия кезінде дүниеден өтті. Ауыл арасы мен аудандық, облыстық додада жеңіске жетіп жүргенде облыстағы Жалаңтөс баһадүр атындағы спорт мектебінде оқып, сонда дайындалды. Кейін Алматыдағы спорт және туризм академиясында оқыды. Расын айтсам, бір кездері баламмен бірге мен де жүгіріп, кейде екеуміз күресетінбіз. Барлық жағынан да қолдау білдіріп келдім. Тіпті бала күнінде көрші ауылдағы жарыстарға артынан жаяу барған кездерім болды. Ал Қанаттың қалған бауырларының спортқа бейімі болғанмен, ізіне түскен жоқ, – дейді анасы Гүлсара Мырзабекова.

Қыраштық Қанат – бүгінде еркін күрестен спорт шебері. Жасөспірімдер мен жастар арасында бірнеше рет чемпион атанған ол ересектер арасындағы Қазақстан чемпионатында үш рет жүлделілер қатарынан көрінді. Шет мемлекеттердегі додаларға қатысып, әбден ысылған, қазір Қазақстан құрамасының мүшесі.

Қыраштың алмасы қашан піседі?

Қыраштан әрірек 8 шақырым жерде үлкен бақ бар. Мұндағы көшеттердің дені алма жемісінікі. Түрік ағайындармен біріге отырып, 50 гектар жер дайындалып, қоршауға алынған.

– 42 гектар жер аударылып, 32 гектар жерге алманың бірнеше сортының көшеттерін отырғыздық, – дейді агроном Үмбет Әбибуллаев. – Өзім білім саласының ардагерімін. Бірақ ілгеріден бері осы бау-бақша, әсіресе, жеміс ағаштарын өсіруге құмармын. Былайынша айтса, менің хоббиім десе де болады. Қазір мұнда жаңа технологияларды пайдаланып жатырмыз. шыны керек, бұрын-соңды өлкеде болмаған бақ орнайды деген үмітіміз зор. Көшеттерді Түркиядан алдырдық, ол жақтан да агроном мамандар келіп, бізге көмектесуде. Құдай қаласа, биыл көшеттеріміз жайқалып кетсе, бір-екі жылда өнім алып қалармыз.

Үмбет ағаның айтуынша, көшеттердің барлығы тамшылату әдісімен суарылмақ. Аяқсу жерасты суынан жиналған тоған арқылы арнайы мотормен айдалатын болады. Оған арнайы электр желісін тарту жоспарда тұр.

– Бұл – Сасықбұлақ деген жер. Ата-бабамыз бір ғасыр бұрын сол бұлақ суын пайдаланып, кәріз арқылы арнайы тоған жасап, егін еккен. Біз де сол ескі әдісті қолдана отырып, алма бағын қолға алғанбыз. Қосымша әлгі айтқан тоғанымызда балық өсуде. Шымкент қаласындағы арнайы питомниктен 10 мың сазан шабағын алдырып, сонда салдық. Бақты өсіруге «Қаратау Прус» шаруа қожалығын құрып, инвесторлар арқылы қаржы мәселесін шешкен соң былтыр желтоқсан айының бел ортасында осы тың жерді игеруді бастап кеттік. Шыны керек, қыс бойы жұмыс жүргіздік. Қазір Түркиядан келген 75 мың көшет егіліп болып қалды. Жалпы облыс басшысының жеміс-жидек пен көкөніс, бақша дақылдарын көбейту туралы тапсырмасы бар. Оған біздің Жаңақорған жері әбден қолайлы, – дейді бақ жұмысын үйлестіруші Алмас Нәлібаев.

Айта кетейік, жаздық және күздік алманың бірнеше түрін еккен шаруашылық келешекте арнайы қойма салмақшы. Өнім Қазақстаннан бөлек, көрші мемлекеттерге де экспортталады. Алдағы уақытта тұрақты жұмысқа 10 шақты адам қабылданса, маусымдық кезеңде 90 адамға дейін жұмыс істейтін болады.

Көргеніміздей Қаратаудай киелі таудың етегінде жатқан көп ауылдың бірі – Қыраштың даму қарқыны жаман емес. Ел ақсақалдары мен азаматтары өзінен кейінгі буынға тәлімін аямай келеді. Ұлт пен ұрпақ тәрбиесінде қашаннан қазақ аналарының орны ерекше. Қыраштық ақ жаулықты аналар ұл мен қыздың түзу өсіп, адами қасиеттен алыстамауы үшін қазақы ғұрып мен дәстүрді бойына сіңіріп жүр. Ел ішінде қуаныш та, қайғы да болмай тұрмайтыны белгілі. Мұндайда бір атаның баласындай тізе қосып, бір-біріне қолдау білдіретін ауыл халқының бірлігіне қуанбай тұра алмайсың.

Тағы бір қуанарлық жаңалық, бұл ауылда кейінгі жылдары бала туу көрсеткіші артқан. Ауыл әкімінің айтуынша, мұны мектептегі бастауыш сыныптардан байқауға болады. Бұрын әр сыныпта 10-15 оқушы болса, бүгінде мектеп табалдырығын аттайтын бала саны 20-25-ке жеткен. Бұл да – ауыл халқының әлеуметтік жағдайының жақсарғанын айғақтайтын бір көрсеткіш.

Иә, қыраштықтардың бірлігі, елдікті сақтаған өнегесі, ынтымағы көпке үлгі.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

Жаңақорған ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<