Қырғызстан туына өзгеріс енгізеді

692

0

Фото: Фото: 24.kg

Жогорку Кенеш төрағасы Нурланбек Шакиев мемлекеттік ту авторлары Жусуп Матаев пен Бекбосун Жайчыбековпен, сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткері Медеткан Шеримкуловпен кездесіп, мемлекеттің негізгі символын өзгертуге қатысты ұсыныстарын тыңдады, деп хабарлады парламенттің баспасөз қызметі. Kazinform бұл туралы Кабар агенттігіне сілтеме жасап жазды.

Баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, Нурланбек Шакиев мемлекеттік туға қатысты түрлі пікір бар екенін атап өткен. Сонымен қатар ол алуан көзқарасты ескере отырып депутат Улан Примовпен бірлесіп тудың кей элементтерін нақтылау туралы заң жобасын дайындайтынын атап өтті.

«Ұлттық ту – негізгі символдарымыздың бірі. Оны Қырғызстан атынан беделді халықаралық жарыстарға шығып, ел намысын қорғайтын спортшыларымыз, дарынды отандастарымыз көтереді. Сол себепті біз оған ұқыпты қарап, талқылауға жол бермеуіміз керек», – деп толықтырды төраға.

Ол мемлекеттік ту авторлары мен қоғам пікірі ту элементтерін бекітуде маңызды рөлге ие екенін атап өтті.

Медеткан Шеримкулов, Бекбосун Жайчыбеков және Жусуп Матаев 10 күн ішінде осы мәселені қарап, тудың нақты нұсқасын енгізетінін хабарлады. Нурланбек Шакиев заң жобасының бастамашылары негізгі концепциядан ұзамай, тудың жаңарған нұсқасы қабылданатын кезде авторлар мен қоғам пікірін ескереді деп сендірді.

Қырғыз Республикасының мемлекеттік символына өзгеріс енгізу туралы ұсыныс тастаған – спикер Нурланбек Шакиев пен депутат Улан Примов. Олардың сөзінше, қазір тудың ортасындағы күн сәулесі мен түндік түрліше қабылданады. Біреулер оны күнбағысқа ұқсатса, енді бірі киіз үй бөлігі ретінде көреді.

«Тудың суретіне деген түрлі көзқарасты болдырмау шараларын қабылдау қажет. Осыған байланысты қырғыз туындағы толқын тәріздес сәулені нақты күн сәулесін бейнелейтін үлгіге ауыстыру ұсынылды», – делінген түсіндіру анықтамалығында.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<