Санаулы күннен кейін жаңа оқу жылы. Биылғы оқу жылы елдегі қолайсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты қашықтан оқыту форматында басталғалы тұр. Жаңа оқу жылының тағы қандай ерекшеліктері мен жаңалықтары бар? Жалпы дайындық барысы қалай? Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов пен облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова кеңінен баяндады.
Облыста алдағы оқу жылында 293 мектепте 169173 оқушы оқиды деп күтілуде. Оның ішінде 1 сыныпқа 18 423 бала қабылданған. Жаңа оқу жылында мектептегі оқу процесін ұйымдастыру Білім және ғылым министрлігі ұсынған бағыттар бойынша жүргізіледі. Атап айтқанда, өңірдегі 220 мектептегі 116 592 оқушы қашықтан оқытылады. Қашықтан оқыту BilimLand, Дарын-онлайн интернет платформалары арқылы жүргізіледі. Ал 1-4 сыныптағы 41547 оқушы 2974 топта және шалғай орналасқан елді мекендегі 73 мектептегі 11 004 бала дәстүрлі түрде оқытылады.
– Қашықтан оқитын 116 254 (218 мектеп) оқушының 76744-де, яғни, 66 процентінде компьютерлік-техникалық құралдары бар. 39510 (34%) оқушыны компьютермен қамтуға тиісті жұмыстар ұйымдастырылуда. Бүгінде мектеп балансындағы 14203 компьютер оқушыларға уақытша пайдалануға берілді. Саладағы үнемделген бюджет есебінен алынған (176,7 млн теңге) 2635 планшет беріледі. Қалған оқушыларға Үкімет резерві есебінен берілетін 22870 компьютер 20 қыркүйекке дейін таратылатын болады. Бүгінгі күні сатып алу бойынша құрылған жұмысшы тобы мен жеткізуші мердігерлер анықталып, келісім-шартқа отырды, – деп атап өтті Н.Байқадамов.
Сондай-ақ, «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан 1116 оқушыға ноутбук пен планшет таратылуда.
Дәстүрлі түрде білім алатын оқушылар 5 сатыдан тұратын дезинфекциядан өтетін болады.
Облыста барлық мұғалім саны – 20 259. Оның 306-да компьютер жоқ. Облыстық кәсіподақ демеушілігімен оларға электронды құрылғылар беріледі. 18 мың педагог қашықтан оқытуға байланысты арнайы онлайн курстан өткен.
– Облыс бойынша биыл 55 білім беру нысанына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Оның 12-сі балабақша, 33-і мектеп, 4-і мектептен тыс мекеме, 5-і колледж. Жаңа оқу жылына 740 орындық 2 мектеп құрылысы пайдалануға беріледі (Жалағаш ауданы, Қызылорда қаласы). Сонымен бірге 1800 орынға арналған 4 мектептің құрылысы жүргізілуде. 2 мектептің құрылысы (Жезқазған трассасы бойындағы 600 орындық мектеп, Арал ауданы, Сексеуіл кентіндегі 300 орындық мектеп) жыл соңында аяқталады деп күтілуде. Қалған 2 мектеп келер жылы іске қосылады (Жаңақорған кенті 600 орындық, Жаңақорған кенті, Майбекет шағын ауданы 300 орындық). Сондай-ақ, Қызылорда қаласынан жеке инвестор қаржысымен 300 және 500 орындық 2 жеке мектеп құрылысы салынуда (Саяхат, Сырдария шағын аудандары), – деді басқарма басшысы.
Брифингте облыс әкімінің орынбасары карантиндік шектеулер жеңілдетілгенімен, қауіптің толық сейілмегенін, осы орайда сақтық шараларына жіті көңіл бөліп, орындаудың маңызы зор екеніне тоқталды. Алдағы уақытта балаларға арналған маскалардың жергілікті дәріханаларға шығарылып, қолжетімді бағада сатылатынын айтты. Өйткені ересектерге арналған маскалар балаларға сәйкес келмейді, сондықтан ыңғайсыздық тудыруы мүмкін.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<