Қырық тоғызыншы маусым қорытындыланды

397

0

Қызылорданың орталық алаңында кәсіби өнердің қарашаңырағы – облыстық филармонияның 49-маусымдық жабылу концерті өтті.

Ақын, әнші, дала композиторы Нартай Бекежановтың концерттік  бригадасынан бастау алған өнер ордасы осыдан 50 жыл бұрын құрылып, өз көрерменіне алғаш концертін қойған еді. Өрімдей қыз-жігіттер филармония іргетасын қалап, жастық жігері мен ынта-ықыласын өнерге арнады. Филармонияның алғашқы қарлығаштары – бүгінде қарашаңырақтың ақылшы ардагерлері. Олардың өнегелі жолы – жастарға үлгі.

Сахна төрінде оркестрдің сүйемелдеуімен шетел және қазақстандық композиторлардың үздік туындылары орындалды. Концерттің бас дирижері – Халықаралық конкурстардың лауреаты Руслан Балмасов.

Мерекелік кештің шымылдығын «Бұлғын сусар» күйіне қойылған Б.Ағиярдың «Жайлауда» биімен «Томирис» би ансамблі ашты. Кеште Қазақстанның еңбек сіңірген артисі К.Қалымбетова «Мен сіздерді жақсы көремін» әнін нақышына келтіріп орындаса, Мәдениет саласының үздігі А.Ноғайбаева «Сыр елім» әнін шырқап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, С.Тасбергенованың орындауында халық әні «Дедімай-ау» шырқалып, Жаяу Мұсаның «Ақсиса» әнін А.Иманжаппаров пен М.Аманжолов орындап, көрермен көзайымына айналды. Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрі, «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі мен «Сыр самалы» вокалды – аспапты ансамблі өнер көрсетіп, Р.Үсенов, А.Табынбаев, А.Шадаев сынды өнерпаздар өз шеберліктерін танытты.

Салтанатты кешке арнайы келген облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Руслан Рүстемов концерт ұйымдастырушыларына және қатысушы өнерпаздарға алғыс айтты. Осылайша халық өнерпаздарының орындауындағы әрбір шығарма көрермендердің көңілінен шығып, ерекше әсерге бөледі.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<