Құран Кәрімде тек қырық жасқа толғандар үшін ғана дұға жазылғанын білесіз бе? Бұл жайында Құран Кәрімнің Аһқаф сүресінде:
«Біз адамдарды жақсылық істеуге бұйырдық. Өйткені шешесі оны омыртқасын үзіп көтерді, сансыз бейнетпен босанды. Жүкті болу мен емшектен шығару мерзімі қосылып отыз ай.
Ол ер жетіп есейіп, қырық жасқа жеткенде «Раббым маған және әке-шешеме берген нығыметтеріңе шүкірлік етуімді; өзің разы боларлық ізгі амалдар істеуімді, маған нәсіп еткейсің!
Менің ұрпақтарымды да жақсы адам етіп түзей гөр! Шынымен тәубе еттім, мен енді нағыз мұсылманмын»-дейді [1].
Ислам ғалымдары бұл дұғаның маңыздылығын атап өтіп, қырық жасқа толып әрі жақсы амалдар жасаған пенденің дұғасының қабыл болатынын жеткізген. Келесі Құран аяты бұл сөзімізді нақтылай түсуде:
«Бұлардың істеген ізгі еңбектерін қабыл етіп, жамандықтарын кешіреміз, бұл жәннәттықтардың арасында болады. Бұл – оларға берілген шын уәде» (Ахқаф/16).
Сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде қырық жасқа жеткендер жайында былай деп өсиет қалдырған:
«Пенде қырық жасына жеткенде жақсы амалы жаман амалынан үстем болмаса, шайтан оның екі көзінің ортасынан сүйеді және «Мәңгі бақи өркені өспейтін келбетіне құрбан болайын» [2]. Бұл өсиет қырық жасқа дейінгі өмірдің қаншалықты маңызды екенін білдіруде.
Ислам ғұламалары қырық жасқа келген әрі толтырған мұсылман пенделердің мынадай пайымда болуын ескерте келе, мынадай өсиет қалдырған:
«Уа, қырық жасқа кірген кісі, ақыретке дайындал! Қырық жастан асып немесе елу жасқа таянған адам, қалған уақыттың өткен уақыттан аз болғанын әрдайым ескеріп жүрсін.
Өткен ғұмыры көзді ашып-жұмғандай уақытта тез өтсе, қалған өмірі де қамшының сабындай қысқа ғана болғанын ұмытпағай» [3].
Қырық жасқа қатысты ислам тарихында, Хз. Мұсаға Тур тауында илаһи кітап келуімен қырық күн түнеуін, сондай-ақ Исрайл ұрпақтарының қырық жасқа толғанда тойламауын айтып кетуге болады.
Сонымен қатар, ислам ғұламасы Фахриддин Әл-Рази рисалесінде қырық жастың маңыздылығы жайында былай деп жазған:
Ислам ғұламалары қырық жасқа толған адамды заттық (дене бітім үшін қызмет ететін) періштелердің әлсірейтінін, рухани періштелердің қуаттанатынын Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) болғанындай алдыңғы Пайғамбарлардың Алланың барлығы мен бірлігіне және парақшалар жіберіле бастаған жасының қырық екенін білдірген [4].
Қырық жасқа келген кез-келген пенде, қырық жыл ішінде қырық көктем, қырық жаз, қырық қысты басынан өткізетіні шындық.
Жыл мезгілі, табиғаттың тіріліп, өрлеп, содан кейін қайта өліп қайта тірілетіні арқылы өмірдің мәңгі емес екенін ұғындырады.
Ал, қырық жасына келген пенденің өмірінің көктемі өтіп, жаз мезгіліне келгенін білдіріп, алдағы күз бен қыс мезгілінің жақындап қалғанын білдіреді.
Ислам дінін терең түсінген дана халқымыз қырық жасқа қатысты не айтқанын қараңыз.
«Жақсы қырқында толады, жаман қырқында солады», «Қымыздан артық ас жоқ, қырықтан артық жас жоқ», «Жақсы адам қырық жасына дейін ақыл жинайды, Жаман адам қырық жасында тоздырады» «Отызында оқ атпаған, қырқында қылыш шаппас», деген мақалдар қырық жастың маңыздылығын білдіреді.
Сонымен қатар, қазақ салтында қырық жасымен қатар қырық саны да маңызды саналған. Бұл жерде «Қырықта қамал ал», «Қырық үйден тыйым», «Баланы қырқынан шығару» және қайтқан адамның қырқын беру сынды нәрселерді айтуға болады.
Егемен елдігіміздің басшылық қызметінің де қырық жас болуы, біздің ата дәстүріміздің мемлекеттік тұрғысынан ата заңының жалғасы екенін нақтылай түсуде.
Қазақстан Мұсылмандары Діни басқармасының Бас Мүфтиі болу үшінде қырық жасқа толу шарты да, дәстүрмен діннің ұштастығы деуге болады.
Сөз соңын қорытындылай келе, қырық жасқа толған әрбір отандасымыз айна алдында тұрып, өзінен былай сұрақ сұраса артық болмас:
Мен, соңғы қырық жыл ішінде ата-анама және бауыр туыстарым мен қоршаған ортама қандай ізгі амал жасадым? Отаным үшін қандай еңбек еттім, Дінімнің әмірлеріне қаншалықты орындап жүрмін?
Уа, Жаратқан Ием! Анамның және менің, жанұямның, замандас барша мұсылман бауырларымның қалған өмірлерін хайырлы әрі берекетті ете көр!
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
[1] Аһқаф 46/15
[2] Ибнул Жәузи, Мәузуат, І, 173
[3] Бейхаки, Әл-Әрба уна ш-Шуғра, Байрут 1407/1987. бет. 12-13
[4]Фахриддин Рази, Мифтахул Ғайб, XXVIII/18-19.
Исатай Бердалиев
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<