Қырық жыл трактор тізгіндеген

613

0

«Ақмая» шаруа қожалығының күріш бригадирі Гүлсім Дәрібаева 40 жылдан астам ауыл шаруашылығы саласында аянбай еңбек етіп келеді. Жастайынан трактор мен комбайн тізгіндеген ол бүгінде бригада басқарып жүр.

Ерге бергісіз қасиетінің арқасында жер жыртып, күріш еккен Гүлсім Дәрібаева «Ерең еңбегі үшін» медалі және ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталып, халық алғысын алған қарапайым күрішші. Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Гүлсім Дәрібаева БАҚ өкілдеріне өз еңбегі туралы баяндап берді.

– Трактор тізгіндеуге деген қызығушылығым мектеп қабырғасында оянды. Осылайша мектеп бітіре салысымен комсомол жастар бригадасына қарапайым қол жұмысшы болып қызмет еттім. Сол уақытта қыз бала екеніме қарамастан трактор тізгіндей бастадым. Ауыр техниканы басқара отырып, егін басында бидай да күріш те ектік. Ол уақыттары да тракторды кім көп уақыт басқарады, соған сай басшылықтың ұсынысымен жоғары марапаттар алып, жұлдыз тағатын. Сол жұлдызды алу үшін таңның атысы мен күннің батысы егістік басында шаршамай жұмыс істедік. Бүгінде Шиелі ауданындағы «Ақмая» шаруа қожалығында күріш бригадирі болып еңбек етемін. Қарамағымда бірнеше техника бар. Көктем басталысымен жер жыртып, күріш егеміз. Еккен күрішті сәбидей мәпелеп, 40 күн баптаймыз. Міне, осы 40 жылғы еңбегімнің арқасында 2017 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерең еңбегі үшін» медалі берілді. Күні кеше аймақ басшысының қолынан ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталдым. Біз сияқты көзге көрінбейтін еңбек адамдарын елеп, құрметтеп жатқан баршаларыңызға мың алғыс, – деді Гүлсім Әбілқасымқызы.

Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<