Қыс қамы және қоғамдық қабылдау

434

0

Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов Арал ауданында болып, бірқатар құрылыс нысандарының жұмысымен танысты. Алдымен Жіңішкеқұм ауылдық округіне қарасты Тоқабай елді мекеніндегі жаңа мектептің құрылысын көрді. Айта кетейік ауылдағы №248 орта мектеп апатты деп танылған болатын. Ескі ғимарат сүріліп, орнына жеке кәсіпкердің демеушілігімен қайта салынуда. Жаңа нысан 100 орынға лайықталған. Бүгінде оқу ордасының іргетасын қалау жұмыстары жүргізілуде.

Одан соң, Мархабат Жайымбетов Жақсықылыш кентіндегі денешынықтыру және сауықтыру кешенінде болды. Мұның құрылысы  2020 жылы бастау алған болатын. Алайда мердігер мекеме тарапынан міндеттемелер мен талаптар орындалмауы салдарынан келісім-шарт бұзылып, қазіргі кезде тоқтап қалған құрылысты жалғастыру үшін мердігер анықтау мақсатында конкурс жарияланды.

Екі күндік  жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары Сексеуілде бастау алған газ құбырын тарту жұмыстарын да назарға алды. Кентті «көгілдір отынмен» қамтамасыз ету келесі жылдың соңында аяқталады деп жоспарланған. Газдандыру желісі кенттегі 2 300 тұрғын үй, 24 әлеуметтік және 53 кәсіпкерлік нысандарға тартылып, жалпы саны 11 620 тұрғын «көгілдір отынның» игілігін көретін болады.

Аудан тұрғындарын жылумен қамту да қаперге алынды. Мархабат Жайымбетов «Нұрайжан» ЖШС-нің отын сақтау қоймасының ахуалын көрді. Қоймада қазіргі таңда кент тұрғындары үшін көмір еркін босатылуда. Қыс мезгілінде халықты қатты отынмен толықтай қамту үшін тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар «Тоғыс Аралотын» ЖШС-нің  отын сақтау қоймасында да халыққа қатты отын жеткізу әрекеті әдеттегідей қызу қолға алынған. Кәсіп иесі аралдықтарға көмір жеткізумен ұзақ жылдар бойы айналысып келеді. Қажетті қор халықтың сұранысына сай теміржол арқылы жеткізілуде.

Мархабат Жайымбетұлы аудан әкімдігінде облыс әкімінің  тапсырмасына сәйкес, құқық қорғау органдары басшыларымен бірге құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді. Қабылдауға келген тұрғындар негізінен тұрғын үй, жұмыспен қамту мәселелері туралы қозғаса, кейбірі әлеуметтік инфрақұрылым бойынша ұсыныс-пікірлерін білдірді. Жалпы қабылдауға 16 адам келді. Оларды толғандырған сұрақтарға облыс әкімінің орынбасары жеке-жеке тоқталды.

Айта кетейік келушілер тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын алу мен жол қозғалысы ережелерін сақтау, бұл ретте аудан орталығына бейнебақылау және жылдамдық өлшеу құралдарының қажеттігі бойынша ұсыныс көтеріліп отыр. Мархабат Жайымбетұлы бюджет қаражаты есебінен, кезең-кезеңімен бақылау камераларын орнатуға тиісті іс-шаралар атқарылатындығын айтып, жауапты сала басшыларына заң шеңберінде барлық мүмкіндіктерді қарастыра отырып жұмыс жасауды тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<