«Қышқаладағы» қазба жұмыстарының нәтижесімен танысты

159

0

Фото: Облыс әкімдігі

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Дархан Қыдырәлі, Руслан Рүстемов және Наурызбай Байқадамовпен бірге Сырдария ауданындағы тарихи-мәдени ескерткіш «Қышқала» қалашығына барды.

«Қышқала» кейбір деректерде «Баршынкент», «Барчинлыгкент», «Барджинлигкент», «Қызқала» деп те аталады. Алтын Орда дәуірінде ірі сауда әрі қолөнер орталығы болғаны айтылады. Жүргізілген зерттеу қала тіршілігінің хронологиялық шеңберін ХІІІ-ХV ғасырларға жатқызуға мүмкіндік береді.

Бұл қаланы алғаш рет 1889 жылы Перовск уезінде барлау жұмыстарын жүргізген В.А. Каллаур ашып, «Кыс – қала» («Гыш – қала») немесе «Тасқала» деп атап, оның Перовскіден Хиуа мен Бұқараға баратын жолдың 25 – 30 верстінде орналасқанын жазған. 1946 жылы С.П.Толстов басқарған Хорезм археологиялық – этнографиялық экспедициясы «Қышқаладан» ыдыс сынықтарын, басқа да заттарды жинап, оның ортағасырлық «Асанас» пен «Женттің» аралығында орналасқанын картада көрсеткен.

2018-2020 жылдары облыстық бюджет есебінен «Археолог» халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы (жетекшісі тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов) кешенді қазба жұмыстарын жүргізді. Сегіз қырлы ғимараттың, ортағасырлық кесененің, екі мұнарасы сақталған қыштан салынған құрылыстың, қыш күйдіретін пештің және ХІҮ ғасырдағы құдықтың орындары аршылып, консервацияланды. 2021-2023 жылдары Білім және ғылым министрлігінің грантымен «Ортағасырлық «Қышқала(«Баршынкент»):» Алтын Орда дәуіріндегі қалалық мәдениет контекстінде» атты жоба аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазба жұмыстарын жүргізді.

Аймақ басшысы тарихи-мәдени ескерткіштердің маңызын өскелең ұрпаққа түсіндіру жауапкершілігі мол міндет екенін айтты. Сонымен қатар, ескерткішті күтіп ұстауға, тазалық жұмыстарын уақытылы жүргізуге қатысты тапсырмалар жүктеді.

Еске салайық, өңірдегі ежелгі «Шірік Рабат», «Бәбіш мола», ортағасырлық «Сығанақ» қалашықтарына жүргізген археологиялық қазба жұмыстарының ғылыми негіздемелеріне сүйеніп, өткен жылы «Шірік Рабат Сақ жауынгері», «Сығанақ ханшайымы» реконструкциялары жасалып, музей қоры жаңа экспонаттармен толықты.

Бұл жоба биыл да жалғасуда. Арал маңы сақтарының ерте кезеңіне жататын «Түгіскен көсемі», «Жетіасар ақсүйек әйелі» реконструкциялары қолға алынды.

Құнды жәдігерлер облыстың мәдениет және өнер күндері аясында Алматы қаласында және Астанадағы Ұлттық музейде ұйымдастырылатын көрмеге қойылады деп жоспарлануда.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<