Фото: ашық дереккөз
13 қаңтарда АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында 2023 жылғы Қысқы Универсиада салтанатты түрде ашылды.
Дүбірлі додада еліміздің атынан 78 спортшы бақ сынайды. Оның ішінде шаңғымен жарысудан 14, шорт-тректен 12, биатлоннан 9, мәнерлеп сырғанау мен конькимен жүгіруден 6, сноуборд, тау шаңғысы спорты, тұғырдан секіру мен қоссайыстан 2, шайбалы хоккейден 23 қазақстандық студент жарыс жолына шығады.
Қазірге дейін қазақстандық спортшылар барлығы 107 медальға ие болды. Олардың 20-ы – алтын, 40-ы – күміс, 47-і – қола медаль. Бұл жөнінен жалпыкомандалық есепте 107 мемлекеттің арасында 35-орында тұр. Көш басында АҚШ, Қытай, Ресей спортшылары келеді.
Универсиада ойындарының тарихы 1924 жылдан бастау алады. Ол 1959 жылға дейін бүкіләлемдік университет ойындары аталып келді. Сол жылдан бастап универсиада болып танылды. Оған қатысу талаптары енгізілді. Ол бойынша 17 жасқа толған және 28 жастан аспаған жігіттер мен қыздар аталған ойындарға қатысуға мүмкіндік алады.
Мәнерлеп сырғанаудың межесі жоғары
Сыр өңірінде мәнерлеп сырғанау спорты кеңінен қанат жайып келеді. Облыста аталған спорт түрінің қолға алынғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Соған қарамастан жергілікті өрендер сан алуан сайыстарда жүлделі орындардан көріне бастады. Бұл – оны дамытуға барынша қолдау білдірген азаматтар мен білікті бапкерлер еңбегінің нәтижесі.
– Әлемнің кейбір елдерінде мәнерлеп сырғанау жоғары деңгейде екенін бәріміз жақсы білеміз. Көршілес Ресейдің өзінде жеңімпаз тұғырынан көрінген қаншама талантты жастар шықты. Онда білікті бапкерлер ұзақ уақыттан бері дарынды өрендерді тәрбиелеуге көңіл бөліп отыр. Сондай-ақ, Канада, АҚШ, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея сынды мемлекеттерде мәнерлеп сырғанау кеңінен қанат жайды. Рас, елімізде ол енді-енді қолға алынып отыр. Жоғары жетістіктерге жетуге қаншама қажыр-қайрат жұмсалады. Уақыт та қажет. Сондықтан бізде мәнерлеп сырғанау спортының болашағы алда деп ойлаймын. Қазір аталған бағытта тиісті іс-шаралар жасалуда. Қазақстандық спортшылар түрлі халықаралық сайыстарда бақ сынап, шеберлігін шыңдауға мүмкіндік алды. Сыр өңірінде осы мақсатта білікті бапкер Андрей Симакович қызмет атқарады. Жалпы, елімізде аталған спортты дамыту бағытында Қызылорда облысы алдыңғы қатарда келе жатқанын атап өткеніміз абзал, – деді облыстық коньки тебу федерациясының бас хатшысы Байтақ Тұрсынбаев.
Оның айтуынша, өткен жылы спорттық мансабын аяқтаған қызы Элизабет Тұрсынбаева бүгінде Алматы қаласында өз ізбасарларын дайындайтын орталық ашуға көңіл бөлді. Тәжірибелі спортшының тәлімін алуға ықылас білдірген өрендер қатары аз емес.
Мәнерлеп сырғанаудан облыстың аға жаттықтырушысы Андрей Симакович қазірдің өзінде жоғары жетістіктерге жеткен шәкірттері аз емес екенін атап өтті. Олардың қатарында Артур Смағұлов, Темірлан Яхияев, Диана Жармұхамедова секілді өрендер бар. Әзірге жасөспірімдер қатарында сынға түсіп жүрген олар алдағы уақытта ересектер арасында ойын көрсетеді.
Облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Асылжан Жаманқұл өңірде мәнерлеп сырғанаудан өзге шорт-трек және шайбалы хоккей секілді қысқы спорт түрлері дамып келе жатқанын атап өтті.
– Әрине, олардың ашылғанына көп уақыт өте қойған жоқ. Десе де алғашқы нәтижесі бар. Бұған дейін шайбалы хоккей тек балалар арасында болса, енді ол жасөспірімдер деңгейіне көтерілді. Алдағы уақытта арнайы команда жасақтап, ел біріншілігіне қатысу жағы ойластырылуда. Сондай-ақ, шорт-трек спортын дамыту бағытында да осындай жұмыстар жасалады, – деді ол.
Әзірлеген
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<