Балықшы жыл бойы тұрақты балық аулау үшін мынадай қағидаларды: экологиялық сапалы және сандық балық аулау өнімі мен балық аулайтын су айдынындағы балық қоры туралы ақпаратты білуі және оны талқылауға қатысуы, сондай-ақ, балықшының аулайтын су айдынындағы балық қорын молайту жолындағы жұмыстары мен әлеуметтік қолдау және еңбек қауіпсіздігін білуі маңызды. Көл айдынында жүрген бригадалардың негізгі аулау құралдары балықшы ауы болып табылады. Қазіргі таңда тек қана капрон негізіндегі аулармен балық аулауға рұқсат берілген.
Капрон аулардың желісі жоғары, арқалық бөлігі және төменгі табандылық бөлігі өте берік материалдардан жасалады. Бұл материалдарды ұзақ мерзімді пайдалануға болады. Капрон ауларды жөндегенде тек аулау торын ғана алмастырып отырасың. Арқалық пен табандық материалдарын ондаған жыл пайдалануға болады. Қазіргі таңда аудан балықшыларының пайдаланып жүргені менофеламенді қытай аулары.
Қытай ауларының зияндығы туралы айтсақ, соңғы 15 жыл көлемінде пайдаланған аулар көбеюде және өте арзан дүние болғандықтан бірнеше күнде жарамсыз ретінде су айдындарына тастап кетеді. Жарамсыз, сапасыз ауларға балықтар түседі де бұзыла бастайды. Аулар монофиломенді талшықтан жасалған себепті ол суда ыдырамайды. Мұның ақыры балық қорының азаюы, су айдынына, қоршаған ортаға, экологияға кері әсер етеді. Осындай келеңсіз жағдайларды болдырмас үшін Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы мен Арал балық инспекция бөлімі жүйелі түрде ымырасыз күрес жүргізіп келеді. Олар жұмыс барысында ҚР Үкіметінің 7 наурыз 2012 жылғы №303 қаулысын басшылыққа алады. Үкімет қаулысында балық аулауда синтетикалық, нейлондық не болмаса пластикалық, полиамидтік моноталшықты және электр жүйелі типтес барлық құрылғыны пайдалануға қатаң тыйым салынады делінген.
Су айдындарында үкімет тарапынан қатаң тыйым салынған қытай ауларын пайдаланбауға және жоюға, осынау мемлекеттік маңызы бар іске көпшілік түсіністікпен қарап, қолдау білдіреді деп үміттенемін. Әсіресе, балықшылар бұл мәселеде үлкен жауапкершілік танытуы керек.
Шынжырхан СҮЛЕЙМЕНОВ,
«Қызылорда Fish» Қызылорда облысы бойынша
спорттық және әуесқой балық аулаушылар қоғамы»
қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры





