Аймақта инвестициялық жобаларды жүзеге асыру және өңір экономикасын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Жуырда ғана облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бастаған Сыр елінің делегациясы Қытайға барып қайтты.
– Мемлекет басшысының Қытайдан әлемдік деңгейдегі озық технологияны тарту жұмыстарын күшейту тапсырмасына сәйкес биыл 24-28 ақпан аралығында облыс әкімінің басшылығымен қызылордалық бизнес өкілдерінің делегациясы осы елде болды. Оның ішінде Шэньси, Нинься-Хуэй, Сычуань және Бейжің өңірлерінің басшыларымен кездесу ұйымдастырылды. Түрлі саладағы 30-ға жуық әлеуетті инвесторлармен келіссөз жүргізілді. Нинься-Хуэй және Сычуань провинцияларында 100-ге жуық қытайлық компанияның қатысуымен ынтымақтастық орнату туралы бизнес-форум өткізілді. Нәтижесінде құны 10,8 млрд теңгені құрайтын 9 жоба бойынша келісім жасалды, – деді облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешев кешегі өткен брифингте.
Өткен жылы аймаққа 276 млн АҚШ доллар тікелей шетелдік инвестиция тарту жоспарланған еді. Нәтижесінде 9 айда 171,2 млн АҚШ доллары келді. Ол 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,6 пайызға өскен. Ал шағын және орта бизнестің өнім шығару көлемі 29,9, жалпы бизнестің экономикадағы үлесі 2,8 пайызға ұлғайса, салықтық түсімі 1,9 есеге артты. Өнеркәсіп саласында 1,1 трлн теңгенің өнімі өндірілген.
– Алдағы бесжылдықта өңірде 86 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оған қатысты туындаған мәселелер талқыланып, оларды шешу бағытында тиісті шаралар қабылдануда. Былтыр 21 жоба іске қосылып, 411 жаңа жұмыс орны ашылды. Халықаралық деңгейдегі «Қорқыт ата» әуежайы жаңа жолаушылар терминалының ашылуы аймақтың көлік-логистикалық әлеуетін арттырды. Әуежайды одан әрі дамыту мақсатында вьетнамдық «Sovico Group» компаниясына сенімгерлік басқаруға беру бойынша келіссөз жүргізілуде. Бұл әуежайдың қызмет көрсету сапасын жақсартады. Халықаралық жаңа бағыттардың ашылуына ықпал етеді. Әрбір инвестициялық жоба өңір экономикасының өсуіне, жаңа жұмыс орнының құрылуына оң әсер етеді. Мемлекет басшысының аэрохабтарды дамыту бойынша тапсырмасына сәйкес әуежай жанынан арнайы экономикалық аймақ құру бойынша тиісті министрліктермен жұмыстар жүргізілуде. Бұл мақсатта әуежай маңынан 550 гектар жер белгіленді, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Аймақтың инвестициялық әлеуетін таныстыру, нақты компанияларды тарту мақсатында бірнеше презентациялық материалдар әзірленді. Олар ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Қазақстанның шетелдердегі мекемелеріне жолданды. Ауыл шаруашылығы, құрылыс индустриясы, тау-кен өнеркәсібі, химия, жеңіл және тамақ өнеркәсіптерінде құны 2,2 млрд АҚШ долларын құрайтын 60 инвестициялық жобаның тизері әзірленді.
Мемлекет басшысының өткен жылы Катарға жасаған ресми сапарының нәтижесінде облыста қуаттылығы 1100 МВт болатын бу-газ қондырғысының құрылысы қолға алынды.
– Облыс әкімдігі тарапынан жобаны жүзеге асыру үшін 280 гектар жер телімі резервке алынды. Оның 100 гектары газ-электр станциясының құрылысына арналған. Қалған бөлігі болашақ перспективалық жобаларды іске асыру үшін белгіленген. Аталған жоба аймақтың энергетикалық әлеуетін нығайтып, оған сұранысты қамтамасыз етуге ықпал етеді. Аймақ басшысы Үкімет және тиісті министрліктермен бірлескен түрде инвестициялық жобалардың тұрақты жүзеге асуын бақылауда ұстап отыр. Ол өңірге келетін инвестиция көлемін ұлғайтып, экономикалық дамуға серпін береді, – деді А.Зебешев.
Жаңа перспективалық мұнай-газ кен орындарын анықтау және энергетикалық әлеуетті арттыру бағытындағы зерттеу жалғасуда. Былтырғы жылы Арал шөгінді бассейнінің екі учаскесінде кешенді зерттеу жұмысы аяқталды. Нәтижесінде онда 1,1 млрд тонна көмірсутек қоры бар екені анықталды. Атап өтерлігі, ол өңірдің энергетикалық әлеуетін арттырады. Биыл Сырдария бассейнін зерттеу көзделген. Қажетті бұрғылау жабдықтары жеткізіліп, далалық жұмыстарға кірісу жоспарланып отыр. Осының нәтижесінде аймақта жаңа кен орындарын ашуға жол ашылады. Бұдан бөлек, «Саутс Ойл» компаниясы «Құмкөл» кен орнында орналасқан қиын өндірілетін тақтатас мұнайын дәстүрлі емес тәсілдермен өндіру жобасын іске асыруда. Қазіргі таңда жобалау жұмыстары жүріп жатыр.
Әділжан ҮМБЕТ,
«Сыр бойы»





