Қытайда екі қазақстандық өнер көрсетті

426

0

Қытайдың ұлттық CCTV телеарнасындағы «Spring gala festival 2023» сауық кешін 655 миллионнан астам адам тамашалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қытайда 40 жылдан бері дәстүрлі өткізіліп келе жатқан жаңажылдық мереке көпшіліктің көзайымына айналып үлгерген. Синьхуа агенттігінің жазуынша, 21 қаңтар сағат 24:00-дегі жағдай бойынша, «Spring gala festival 2023» сауық кеші тікелей трансляциясының орташа рейтингі 20,23%-ды құраған. Қытай бойынша 655 миллионнан астам адам сауық кешті жаңа медиалар арқылы тамашалаған. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда 47.7%-ға артық. Ал CCTV клиенті арқылы шоуды көрушілер саны 108 миллионнан асып түскен. Қытайдан өзге елдерде CGTN арнасы арқылы 36 миллионнан астам адам концерттік бағдарламаны көрген.

Биылғы конверттік бағдарламаның беташар нөмірі «Гүлдер» әнін өткен жылы Қытайдың телеөнер саласындағы ең жоғары мемлекеттік марапат Flying Apsaras сыйлығын жеңіп алған қандасымыз Риза Әлімжанқызы Джеки Чан, У Дацзин секілді өнер-спорт жұлдыздарымен бірге орындады. Ал Қытайдағы этникалық азшылықтардың әншілері орындаған «Біздің ауыл» әніне Алтай аймағының Ән-би ансамблінің өнерпазы Аршын Бақатқызы қобызбен сүйемел жасады.

Сондай-ақ ҚазАқпарат бұған дейін Димаш Құдайбергеннің CCTV телеарнасындағы аталмыш фестивальге Ұлы Жібек жолы бойындағы елдің өкілі ретінде қатысқанын жазған болатын.

Жалпы CCTV-дің дәстүрлі қытайлық жаңа жылға арналған мерекелік сауық кеші Қытайдағы ең мәртебелі және көрермені ең көп телебағдарламалардың бірі саналады. Аталмыш концертте өнер көрсету Қытайдағы өнер жұлдыздары үшін үлкен мәртебе.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<