Қытайда түйе сүтіне сұраныс артуда

996

0

Қытайдың V халықаралық импорт көрмесіндегі Қазақстан стендінде сусындардың, сүт өнімдерінің, балдың және дәмдеуіштердің алуан түрі көрген жұртты таң қалдырады. Соның ішінде түйе сүті ұнтағы көзге ерекше көрінді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстандық сүт компаниялары үшін Қытай нарығы бизнеске үлкен мүмкіндіктер ашады»,-деді стендке жауапты Әлібек Смайылов қытайлық журналистерге берген сұхбатында.

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, түйе сүті ұнтағының тағамдық құндылығын бағалайтын қытайлық тұтынушылардың саны артып келеді, нарық көлемі де барған сайын кеңеюде. Қазіргі уақытта олар көптеген клиенттермен сатып алу туралы келісімдерге қол жеткізді.

Қазақстандық стендке жауапты қызметкер Қазақстанда жоғары сапалы түйе сүті өндірілетінін айтқан. Сондай-ақ Қазақстандағы түйе сүті ұнтағын өндіретін компанияның басшысы өздерінің 20 стандартталған сүт станциясы мен толық автоматты өндірісі бар индустриалды парк құрғанын, Қытай нарығы өздері үшін өте кең алаң екендігін тілге тиек еткен.

Қытайлық басылымның келтірген мәліметіне сүйенсек, қазақстандық кәсіпкер Қ.Мейрамбеков негізін қалаған «QAZBOTA» түйе сүті ұнтағы бренді 2018 жылы Қытайдың I халықаралық импорт көрмесіне қатысқаннан бері оның танымалдығы артып келеді.

«QAZBOTA» Қытай импорт көрмесі платформасының арқасында Қытайда ынтымақтастық агенттерін тапқан. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында компания Қытайда бірнеше ірі электрондық коммерция платформаларында флагмандық дүкендер ашты және ай сайынғы сатылымдары тұрақты түрде өскен.

Әлібек Смайыловтың айтуынша, Қазақстандағы компаниялардың бірқатар басшылары жыл сайын көрмеде көптеген жаңа клиенттермен келісімшартқа қол қояды. Яғни, көрме әлемдік компаниялар үшін көбірек мүмкіндіктер туғызады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<