Қытайдағы қандастар әз Наурызды қалай тойлайды?

500

0

Фото: ашық дереккөз

Қытайдағы қандастарымыздың бабадан қалған мерекенiң мәнін бұзбай, қазақылықтың қаймағын сақтап тойлауы қуантады. Сол үшін де алыстағы бауырларымыздың мереке тойлаудағы ерекшеліктері туралы айтқанды жөн көрдік.

Әз болмай, мәз болмаймыз

Ескiше жыл есебi бойынша, «Әз болмай, мәз болмаймыз» деп ырымдап, «әз»-дiң келуiмен яғни 10-15 ақпан аралығы соңын ала, қазақтар жиi шоғырланған Алтай, Тарбағатай, Iле аймақтарында Наурыз мейрамы басталып, тура бiр айға жалғасады екен.

– Әуелi әрбiр үй наурызкөже жасайды. Халықтық дәстүрге сай бидай, тары, сүр ет, бұршақ, сүт, су, тұз сияқты кем дегенде жетi түрлi дәмдi араластырып жасалған көжеге тақ санын сақтап, әркiм өз жағдайына қарай дәндi тағам түрiн көбейте бередi. Ол негiзiнен бидай, тары көже түрiнде әзiрленедi. Наурызкөженi әр аймақ өз ауанына қарай «Тiлеукөже», «Көпкөже», «Наурызкөже» деп те атайды. Жас келіншектер де үлкендерден ақыл-кеңес сұрап, дәмге не қосу керектiгiн саралап жатады. Арнайы ас iшудiң де өзiндiк ырымы бар, оны сұрап iшсе, жақсы, ырыздығы мол болады, – деді Іле аймағы Нылқы ауданы Мыс ауылы Қас жайлауының тұрғыны Жамбыл Бақытәліұлы. Ол – бүгінде Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті.

Оның айтуынша, ыдысқа толтырып құйылған дәмдi түбiне дейiн қалдырмай тауысып iшу үй иесiне деген құрметтiң бiр белгiсi саналмақ. Ауылда бертіндегі жылдарға дейiн көженi бәстесiп iшетiндер де болған.

Наурыз –

ғашықтар мерекесі

Осы университетті тәмамдаған тағы бір қандасымыз, ақын Қуаныш Өмірбек: «Наурызкөжеге жұртты арнайы шақырмайды. «Ел құлағы – елу» дегендей, бiрiнен-бiрi естiген жұрт көже берген үйге келiп: «Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын!» айтысып, өз сыбағасынан ауыз тиедi, кейде әжелерiмiз оны жасқа толмаған сәбидiң ернiне жағып, бiр жасқа толдың деп ырымдап жатады. Наурыз айында мерекеге арнап арнайы мал сойылмайды, себебi көктемде жас төлдiң өсуiне кесiрi тиедi деп есептейдi. Әрi осы айда салт бойынша тұзақ құрып, ешкiм аңға шықпаған. Бұл күнi ешкiмнiң тiрi жанға зияны тимеуi керек деп есептеген. Наурыз айында жас келiндер мен бойжеткендер кестелі орамал тiксе, оған әжелерiмiз ауыл аралап, дәм тата жүрiп, «анау пәленбайдың келiнiнiң сырмағының өрнегi керемет айшықты болыпты. Тамаша тiгiлiптi» деп, жас шеберлер өнерiнiң төселе түсуiне төрелiк айтып, игi тiлек бiлдiрген. Бозбалалар болса, ағаштан, темiрден сәндiк заттар жасап, осы жұмыстары күн мен түн теңесетiн шақта кәдеге асатын» – дейді ол.

Туған жерін сағынып жүрген жастар ағынан жарылды. Айтуларынша, «Ұйқыашар», «Селтеткiзер» жоралғыларын сый-тартуларымен әлі жасайды екен. Бойжеткендер соғымның соңғы етiн уызға салып пiсiрiп, ұнатқан жiгiтiне тартады. Бұл «Ұйқыашар» деп аталады. Ұйқыашардың қарымтасына жiгiттер «Селтеткiзер» рәсiмiн жасайды, яғни қалауынша айна, тарақ, әтiр суын сыйлайды. Айна – пәктiктiң, жастықтың, тарақ – әдемiлiк пен сұлулықтың, ал әтiр суы – жаңа бүршiгiн жарған жауқазындай құлпыр деген игi тiлектiң белгiсi.

Мереке түнi жастарға мол мүмкiндiк жасалады. Қыз бен жiгiт бiр-бiрiне сырын айтып, шынайы сезiмiн ақтарса, баянды болады деп есептейдi. Басқаның таңсығына асылмай, осы күндi «Ғашықтар мерекесi» деп атасақ та болатындай. Өйткенi бұл – ата-бабадан жалғасын тауып келе жатқан өнегелi дәстүр.

Шыңжаңдағы

Наурыз шұғыласы

Қытай елінен келген студенттердің айтуынша, бағзы заманнан берi тамырын тереңге жайған ұлттық мерекенiң бұл өлкеде тойлануына 1966-1976 жылдар аралығындағы «Мәдениет төңкерiсi» кері әсерін тигiзген екен. Ел аумағында жүрген осы бiр солақай саясат салдарынан мереке жасырын тойланған. Он жылдық қысымнан кейiнгi жылымық кезеңнен бастап қайта тойлана бастаған. Ал ондағы қала жағалаған қазақтардың бұл мейрамды тойлауы Қытай астанасы Бейжіңнен бастау алған екен. 1982 жылы сол қалада тұратындар ұйытқы болып, Орталық ұлттар университетiнiң концерт залында кiшiгiрiм мерекелiк ойын-сауық ұйымдастырған.

– Көктем лебi ескен Әз-Наурыз мерекесiн бүгiнде Шыңжаңдағы қазақтардың бастамасымен ұйғыр, өзбек, қырғыз қатарлы ұлттар ортақ тойлайды. 2012 жылдың Шыңжаң өлкелiк екiншi мәжiлiсiнде Хотан уәкiлдер үйiрмесi осы жөнiнде ұсыныс берiп, 3500 жылдық тарихы бар бұл мереке Шыңжаңның жергiлiктi дәстүрлi мерекесi қатарына енгiзiлдi. Әр жылы 21 наурыз күнi өлкенiң заңды мерекелiк демалысы болып бекiтiлдi. Сол күнi демалып, құтты мерекенi ортақ тойлайды, – дейді Қ.Өмірбек.

Үт келмей, құт келмейдi

Ұлыстың ұлы күнi ерекше табиғат құбылыстары да болады. Наурыздың 21-нен 22-не қараған түнi ұлы күштiң кереметi соншалық, ауаның тұнық кезiнде таңғы сағат үш мезгiлiнде аспаннан гуiлдеп бiр дыбыс өтедi екен. Мұны «үт» дейдi, қазақта «үт келмей, құт келмейдi» деген сөз осыдан қалса керек. Мұны төрт түлiктiң iшiнде қой ғана сезедi екен де, аспанға аңырып қарап қалатын көрінеді.

– Бұл күндерi ұлттық тәрбиенiң кемшiлiгi салдарынан барынша даңғазаланып, мереке тек концерт көруге айналып барады. Осы күнi балаларын базар аралатып, ойыншық алып берудi Наурыз өткiзумен шатастырып жүр. «Бала жасындағысын ұмытпайды», сондықтан әрбiр ата-ана Әз-Наурызды өз отбасында тойласа, оның жас ұрпаққа берерi мол болар едi. Асыл дәстүрдi қалтқысыз қастерлей алған халық қана ұрпақ болашағын қамтамасыз ете алады. Себебi бар жақсылық наурыздан басталады, – деді Ж.Бақытәлі.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

*Сурет ашық дереккөзден алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<